Қытайдың экономика сайты ең көп қаламақы алған Қытай жазушыларының тізімдігін 22 наурыз күні жариялады. Биыл 10 рет сарапталған рейтингтің көшін жазушы Жияң Нан бастап тұр. Ол бір жыл ішінде 320 миллион юан (мөлшермен 50 миллион доллар) қаламақыға ие болған.
Бұған дейін өзгелерге танымалдығы мен кітаптарының сатылымы жағынан дес бермеген Хан Хан, Го Жимиң қатарлы жазушылар алдыңғы 20-лықтың соңына түскен. Жазушы Го биылғы рейтингте 20-орында тұр.
Бүкіл Қытай жұртын таңғалдырған бір жайт, ұйғыр ұлтының өкілі, жас жазушы Нұрали Әбілездің ТОП-20-дан кейінгі сатыға жайғасуы болып отыр. Ол "Бір жылыңыздағы 8760 сағат" деген кітабі арқылы миллиард Қытайға танымал болды. Оның осы кітабі қытай тіліне аударылып, 6 ай ішінде 500 мың данасы сатылып кеткен. Сол арқылы ол 5 миллион 900 мың юан қаламақы алыпты (1 миллион долларға жуық). Жазушының бұл кітабына оқырмандар жоғары баға беріп, қызығушылық танытқан соң биыл жыл басында жаңа нұсқасын қайта шығарып үлгеріпті.
Қытайдың Нобель сыйлығын алған жазушысы Мо Ян қазір әлемдегі ең бай жазушылардың бірі. Бірақ Қытайдың өз ішінде ықпалы одан да зор жазушылар көбейген. Бұған Мо Янның Нобель сыйлығын алуы да өз әсерін тигізген болуы мүмкін. Әлемдік әдебиет зерттеушілері соңғы жылдары Қытай оқырмандарының әдебиетке қызығушылығы күрт артып отырғанын,Қытай жазушыларының да арыны ұлғайып, мүлдем жаңа биікке көтерілгенін сөз ете бастады. Тіпті, әлемдік әдеби дүмпу Азияға ауғанын жарыса жазып жүр.
[caption id="attachment_14397" align="alignright" width="177"] Нұрәли Әбілез[/caption]
Айтпақшы, Қытайдағы ұйғыр әдебиетінің әлемдік аренада өзіндік орны бар деуге болады. Бүгіндері ұйғырдың ақын-жазушылары Қытайды мойындатып қана қоймай, әлемнің түкпір-түкпіріне самғап кеткен. Еуропа, АҚШ, Канада, Жапония, Сингапур, Түркия секілді елдерде ондаған ұйғыр қаламгерлері өздерінің кітаптарын шығарып, түрлі сыйлықтарға ие болып жүр. Олардың ішінде Нобель сыйлығынан үміткерлері де жоқ емес.