Мұғалім қыз алсаң бір үйді асырайды

Dalanews 28 нау. 2016 20:35 1586

Өмірде қоғамның болмыс-бітімін айқындайтын бірнеше мамандық бар. Олар: ұстаз, дәрігер, полицей. Осы маман иелерінің әрекетіне қарап тұтас бір мемлекеттің хал-ахуалына баға беруге болады. Он жерден даттап, қараласақ та Кеңес заманында ұстаздың абыройы, беделі жоғары болды. Дәрігерге де қатысты осыны айтуға болады.

 

Мұғалім жанбағыстың көзі ме?

kala men dala  (3)Ал қазір көпшілік алдында ұстаздардың қадірі төмендеп кеткені жасырын емес. Бүгінде  мұғалім болу – жанбағыстың көзіне айналған. Ауылда тұратын жігіттер қалтасында педагог деген табақтай дипломы бар қызды уысына түсіруге тырысады. Әке-шешесі оларға мұғалім қыз алуды күндіз-түні құлағына құйып отырады.

«Мұғалімдік дипломы болса, беретінін беріп, мектепке тұрғызамыз. Күніне бір мезгіл мектебіне барып келеді. Ай сайын айлығын алып, күніңді көресің» деген ақыл айтқан ата-ананы әр ауылдан кездестіруге болады.

«Мата атымен бөз өтеді, ана атымен қыз өтеді» дегендей, ауылдағы бойжеткендер де педагогикалық мамандықты меңгеріп, мұғалім болуға құмар. Жастардың педагог болуға құлшыныс танытуын қолдаймыз. Бірақ олар осы бір ұрпақ тәрбиесіне жауапты мамандықтың жауапкершілігін бір кісідей сезінуі керек. Бүгінде қалтасында дипломы бар мұғалім көп, ал ұстаз деген ардақты атқа ие болған жандар өте аз.

 

Сайлау мен сенбілік себеп емес

kala men dala 1 (1)Бұл мақаламызда біздер ұстаз деген атқа сызат түсірген бірнеше жайттардың бетін ашып көрсетуді жөн санап отырмыз. Қазақ қоғамы үшін ұстаздың орны қашанда жоғары болғаны даусыз.

Ұстаз – алыс ауылдардағы мәдениеттің ұшқыны, жаңа заманға ұмтылған жастарға дем беруші болғанын бәріміз білеміз. Ұстаздарымызға қарап бой түзеп, солардай болуды армандадық. Құдайға шүкір, қазір де ауылды жерлерде жаңашыл, жастардың әрбір ісіне жаны ауыратын ұстаздар бар.

Кеңес заманында ауыл жастарының Алматыға барып, педагогикалық оқу орындарды бітіріп, елге оралуы – Меккеге барып қайтқандай айтулы оқиға еді. Ал қазір таяқ тастам жерде тұрған аудан орталығындағы педколледжді тауысып, ұстаз атану – түкке тұрмайтын дүниеге айналды.

Әдетте біздер мұғалімдердің қоғамдағы беделінің түсуін мектептен іздейміз. Тіпті болмаса, 4-5 жылда бір айналып соғатын сайлау мен санақ мұғалімдердің беделін түсірді деп бұлқынып қоямыз.

Бірден айтайық, ұстаздар беделінің түсуіне сайлау мен санақтың түк те қатысы жоқ. Бұлар – қоғамдық жұмыс. Бір айға созылатын науқандық жұмыстардың өзге елдерде де  мемлекеттік қызметкерлердің күшімен өтеді. Қайта сайлау жалпы көпшіліктің саяси белсенділігін арттыратын шара екенін мойындауымыз керек. Кеңес заманында мұғалімдердің араласуымен талай сайлау мен сенбіліктер  өтті ғой. Сол кезде жұрт ұстаздан теріс айналған жоқ.

 

Оқу орындардың кінәсі

Қазақстанда ұстаздар қауымының беделінің түсуіне жөн-жосықсыз ашылған жоғары оқу орындары қатты әсер еткенін мойындайтын кез жетті. Бәріміз білеміз, 90-жылдары ауылдарда тек қана мұғалімдер жұмыс істеп, жалақы алды (кейбір ауылдарда әлі күнге дейін осы ахуал сақталған). Сондай қиын кезеңде мектеп директорлары бір штатты бірнеше адамға бөліп беріп, ауылды құрдымға кетірмей сақтап қалғанын бәріміз білеміз. Сондықтан тұтас Қазақстанды нарықтың қыспағынан алып шыққан мектептер деп нық сеніммен айтуға болады.

Енді негізгі әңгімемізге қайта оралсақ, еліміз нарықтық кезеңге аяқ басқанда облысты былай қойып, алыс аудандарда педагог мамандар даярлайтын жоғары, орта буынды оқу орындары жаңбырдан кейінгі саңырауқұлақтай қаптап кетті. Ауылда ең өтімді мамандық мұғалім болғаннан кейін жұрт жаппай педагог болуға ұмтылды. Тіпті, кей жерлерде мұғалімдік диплом ең «өтімді тауарға» айналғанын жасырып қайтеміз. Бұдан кейін педагогтардың жұмысы қайтіп ақсамайды?

Жолай, сырттай оқып, «мұғалім» деген мамандықты шала-пұла бітірген ұстаздар мектептерге барып, ұстаз деген мәртебелі атқа сын келтірді. Осыдан кейін талантты оқушылардың ұстаз болуға деген ынта-ықыласы төмендеді.

Бүгінде қалалы жердегі мектептердің түлектері ұстаз болғысы келмейді. Олар қаржыгер, экономист, ІТ маманы болғанды жөн санайды. Алдағы уақытта ұстаздың мәртебесін қайтарғымыз келсе, алдымен университеттер мен институттардағы жағдайды ретке келтірген жөн.

Кезінде мұғалім дайындаған облыстағы педагогикалық институттар тәуелсіздік жылдары университетке айналып, қала балалары құмартқан экономист, заңгер дайындауға баса мән беріп кеткені жасырын емес. Ақша табудың соңына түскен бұрынғы пединституттарды бастапқы профиліне қайтарып, сапалы педагог мамандар даярлауға көңіл бөлетін кез жетті деп есептейміз. Ал коммерциялық мақсатты көздеп құрылған оқу орындарына тұсау салу керек. Бұл – мұғалім мәртебесінің құлдырауына әсер еткен көп себептің біреуі ғана.

 

Таусылмайтын реформа

kala men dala  (2)Ұстаз мәртебесінің құлдырауына білім беру саласында үздіксіз жүргізілген реформа да кесірін тигізгенін мойындаған жөн. Әр министр ауысқан сайын мектеп жаңа реформаны бастан кешетін болды. Астарлап айтсақ, бүгінде мұғалімдеріміз мұң құбылатын «хамелеонға» айналып бара жатыр ма деп қаласың.

Күні кеше ғана Білім және ғылым министрі болған Ерлан Сағадиев кейбір жаратылыстану пәндерін ағылшын тілінде оқыту керек деп бастама көтерді. Иә, ағылшын тілін білу – заманның талабы. Министрдің сөзінде логика бар. Бірақ сол қисыны бар іс шынайы өмірімізбен қаншалықты сәйкеседі. Мұны ойлаған жан бар ма екен? Жасы келген физика мен математика пәнінің мұғалімдері ағылшын тілінде қалай  сабақ өткізеді?

Ағылшынды былай қойып, орыс тілінде сабақ өткізудің өзі мұғалімдерге мұңға айналайын деп тұр. Бұдан кейін ұстаздар қайтеді. Әрине, «бәрін қатырдық, тиісті сабақтардың бәрін ағылшын тілінде өткіздік» деп қағаз жүзінде жоғарыға есеп тапсыратыны белгілі. Ал бұдан кейін мұғалімнің мәртебесі өсе ме, жоқ әлде өше ме? Сондықтан батыстан оқып келген озық ойлы азаматтардың мұғалімдерге «тәжірибе жасауын» тоқтату керек.

Нұрлан ӘУБӘКІР

 

Ұсынылған
Соңғы жаңалықтар