Қазақстанда исламдық қаржы өнімдеріне деген сұраныс артуда

Кәмшат Тілеухан 20 мам. 2025 15:02

Бүгіндері Қазақстанда исламдық қаржы өнімдеріне деген сұраныс жоғары.Ал бұл сұранысты қанағаттандыру деңгейі қандай? Бұл сауалға қатысты Исламдық қаржы және бизнес қауымдастығының төрағасы Мәдина Тукулова 19 мамырда Islamic Finance and Business Forum аясында жан-жақты әрі толыққанды мәліметтер ұсынды, деп хабарлайды Dalanews.kz.

Қазақстанда ислам қаржы өнімдеріне деген сұраныс қандай әрі ол қалай анықталуда?

"Өткен жылы "Астана" халықаралық қаржы орталығында (АХҚО) Ислам даму банкімен бірлесіп исламдық қаржы өнімдеріне деген сұранысты бағалау тұрғысында зерттеу жүргіздік. Мысалы, ислам депозиттерінің бір өзі бойынша сұраныс 2,8 трлн теңгені құрайды. Оған қоса, "Астана" халықаралық қаржы орталығы шеңберінде ислам қаржысы өте белсенді дамып келеді: бізде заңнамалық база құрылды, алғашқы исламдық қаржы және қаржылық емес институттар бар. Өткен жылы алғаш рет ислам бағалы қағаздары айналымға шығарылды. Жаңа ислам инвестициялық қоры пайда болды", - деді Мәдина Тукулова.

Ол исламдық қаржы құралдары бойынша халық тарапынан да, сол секілді исламдық қаржы ойыншылары тарапынан да белсенділік барын нақтылайды.

"Зерттеу аясында біз осы қызметті тұтынатын еліміздегі 18 бен 65 жас аралығындағы 2,2 миллион мұсылман бар деп есептедік. Бұл ретте біз исламдық қаржы діни танымына қарамастан баршаға  арналатынын баса айта кеткіміз келеді. Блайша айтқанда, бұл - Қазақстан азаматтары үшін қаржыландырудың баламалы көзі. Сол секілді бұл - Таяу Шығыс пен Оңтүстік-Шығыс Азия елдерінен инвестиция тарту мүмкіндігі", - дейді ол.

Оның пікірінше, мұндай құралдар әрбір қазақстандыққа қажет.

"Біз ритейл мен ШОБ тарапынан туындаған сұраныс пен қызығушылықтардың куәсі болып отырмыз. Сондықтан болашақта мұндай қаржы құралдары кең қанат жая береді. Негізінен,н бұл ретте нарық ойыншылары бөлшек қаржыландыру өнімдерін дамытуға көп көңіл бөледі деп ойлаймын. Егер адамдардың инвестициялық өнімдерге деген сұранысы өте жоғары болса, онда мәселе басқалай. Тиісінше, инвестициялық құралдар мен ислам депозиттерін дамыту қажет болады. Сонымен қатар, біз исламдық ипотекаға сұраныс артып отырғанын байқап отырмыз. Жалпылай алғанда, біздің есебімізше, 5 трлн теңгеден астам қаржы - исламдық қаржы өнімдеріне деген сұраныс. Оның ішінде 2 трлн теңгеден астамы бұл исламдық ипотеканың еншісіне тиесілі", - деді Тукулова.

Исламдық қаржының дәстүрлі қаржыландыру көздерінен айырмасы қандай?

Сондай-ақ ол исламдық қаржының дәстүрлі қаржыландырудан айырмасы неде екенін де түсіндіре кетті.

"Біріншіденбұл арада несиенің сыйақы мөлшерлемесі деген жоқ. Яғни, ақшаны ақшаның көмегімен көбейту деген болмайды. Исламдық қаржы адалдыққа, этикаға, ашықтыққа негізделген. Сонымен қатар, банк пен клиент арасында теңдей серіктестік байланыс орнатылады.  Яғни, олар мәртбесі тұрғысында бір-біріне серіктес. Мен жақында түрік банктерінің бірінің өкілінің дәрісінде болып, өте қызық фактіден қанықтым. Дәстүрлі банк үшін жақсы клиент кім? Бұл сауалға ол: "Уақытылы несие сомасын төлейтін, бірақ арасында кешіктіріп төлем жасайтын тұтынушы", - деді. Неге? Себебі төлемді кешіктіргені үшін өсімпұлдар мен айыппұлдар қарастырылып, олар дәстүрлі банктерге кірістің бір бөлігі болып енеді. Ислам банктерінде мұндай өсімпұлдар мен айыппұлдарға тыйым салынады. Бірақ клиенттерді тәртіпке келтіру мақсатында шариғатқа сай ғалымдар оларды қолдануға рұқсат берген, бірақ оны банк өзіне емес, қайырымдылыққа жұмсайды. Онда да ол банктің атынан емес, клиенттің атынан жасалады", - деп түсіндіреді Мәдина Тукулова.

Исламдық ипотека өнімдерін қашан тұтынуға болады?

Оның айтуынша, қазір Қазақстанда исламдық ипотеканы іске асыратын құралдар әзірленуде.

"Өздеріңіз білетіндей, Қазақстанда дәстүрлі банктер исламдық қаржыландыруды ұсына алмайды. Қазір реттеуші орган - ҚР Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігі "Банктер туралы" жаңа заң аясында дәстүрлі банктер де исламдық қаржыландыру қызметін ұсына алуы үшін "исламдық терезелер" құралын айналымға енгізу мәселесін талқылауда. Бірақ қазіргі уақытта бұл ретте ешбір тетіктердің болмуына байланысты біз жуырда "Отбасы банкпен" қандай шаралар қолдануға болатынын талқыладық", дейді спикер.

Мәдина Тукулова елімізде "исламдық терезелерді" ұсыну мәселесі өте күрделі екенін және ол заңнамалық тұрғыда бірқатар бағыттарды пысықтауды талап ететінін айтады.

"Қазақстанда,біздің түсінуімізше, қазір банктер туралы заң аясында реттеуші орган белгілі бір бастамаларды ұсынуда.  Яғни, дәстүрлі банктер осындай терезелерді аша алуы үшін реттеуші орган тарапынан әлеуетті нормативтерге де, ішкі нормативтерге де өзгерістер енгізіліп, жаңа реттеуші база толығымен құрылатын болады. Ол қандай формада болады, бізге ол жағын әлі беймәлім. Біз реттеуші орган тарапынан ұсыныстарды асыға күтеміз, өйткені қабылданатын құжаттардың сапалы болуы үшін қауымдастық ретінде көмек көрсете аламыз деп үміттенеміз", - деп сөзін толықтырады ол.

Ол исламдық ипотеканың қашан пайда болатыны "исламдық терезелер" туралы ережені қамтитын "Банктер туралы" жаңа заң жобасының қабылдануымен байланысты екенін айтады.

"Менің білуімше, реттеуші орган бұл заңды ағымдағы жылдың соңына дейін әзірлеп, қабылдап қалады. Мүмкін одан ертерек немесе кешірек дегендей", - деді қауымдастық басшысы.

Аталған форум аясында Мәжіліс депутаты Татьяна Савельева журналистердің сұрақтарына жауап бере отырып, "Банктер және банк қызметі туралы" жаңа заңда исламдық қаржыландыруды дамытуға байланысты жекелеген нормалар қамтылғанын растады.

"Сұраныс бары – рас, бұл сөзсіз. Бізге осы сұранысты қанағаттандыру бағытында бет алу керек. Қазір заң қандай нақты нормаларды қамтитынын толыққанды айта алмаймын, бұл жағы қыркүйекте белгілі болады. Сол кезде біз осы құралдардың барлығын қалай тезірек айналымға енгізуге болатынын талқылау үшін нарық өкілдерін, сарапшыларды шақыратын боламыз", - деді депутат.  


Ұсынылған
Соңғы жаңалықтар