Қазақстанда тағы алты жол ақылы болуы мүмкін

Қаракөз Амантай 03 нау. 2026 10:57

Қазақстанда тағы алты автожол ақылы болуы мүмкін, деп хабарлайды Dalanews.kz.

Көлік министрлігі республикалық маңызы бар бірқатар жол учаскелерін ақылы санатқа көшіруді ұсынып отыр.

ҚР Премьер-министрі Олжас Бектеновтің төрағалығымен өткен Үкімет отырысында "ҚазАвтоЖол" ұлттық компаниясының басқарма төрағасы Дархан Иманашев елімізде ақылы жол инфрақұрылымын дамыту жұмыстары кезең-кезеңімен жүргізіліп жатқанын баяндады.

Оның мәліметінше, бүгінде Қазақстанда жалпы ұзындығы 4 900 шақырымды құрайтын 26 ақылы жол телімі жұмыс істеп тұр.

Ал 2026 жылы ұзындығы шамамен 2 мың шақырым болатын тағы алты жаңа учаскені іске қосу жоспарланған. Олар:

  • Қарағанды – Балқаш – Бурылбайтал - 554,6 км
  • Бурылбайтал – Құрты - 226,4 км
  • Ақтөбе – Қандыағаш – Мақат - 89 км
  • Талдықорған – Өскемен - 773 км
  • Атырау – Астрахань - 277 км
  • Мерке – Шу – Бурылбайтал - 78 км

Сонымен бірге министрлік бұған дейін Балқаш – Бурылбайтал (645 км), Талдықорған – Өскемен (773 км) және Бурылбайтал – Құрты (226 км) бағыттарын ақылы жолдар тізіміне енгізуді ұсынған.

Ведомствоның түсіндірме жазбасында жоба қабылданған жағдайда оның әлеуметтік-экономикалық немесе құқықтық тұрғыдан теріс салдары болмайтыны көрсетілген. Құқықтық акт жобасын қоғамдық талқылау 17 наурызға дейін жалғасады.

Ақылы жолдардан түскен табыс қайда жұмсалды

Дархан Иманашевтің айтуынша, былтыр ақылы жолдардан 87 млрд теңге жиналған. Бұл қаражат толықтай ақылы учаскелерді күтіп ұстауға бағытталған (2024 жылы - 48 млрд теңге).

Түскен қаржы есебінен:

• 1 456 бірлік арнайы техника мен жабдық сатып алынған;
• 354 мың шаршы метр жол жамылғысына ағымдағы жөндеу жүргізілген;
• 340 мың текше метр көктайғаққа қарсы материал пайдаланылған.

Сондай-ақ 2024–2025 жылдары 1 мыңнан астам су өткізу құбыры орнатылып және жөнделген.

"Жүзеге асырылған шаралардың арқасында су тасқыны қаупі бар учаскелер санын екі есеге қысқартуға мүмкіндік туды. Еріген сулардың болжамды көлемін ескере отырып, жергілікті атқарушы органдармен бірлесіп 219 карьер инертті материал қорын қамтамасыз етуге тартылды", - деді Дархан Иманашев.

Ақауы бар жолдарда ақы уақытша тоқтатылуы мүмкін

Жиында ақауы анықталған ақылы учаскелерде жол ақысын уақытша тоқтата тұру нормасы енгізілгені де айтылды. Қазіргі таңда ақаулар тіркелген аумақтың көлемі 1,1 млн шаршы метрді құрайды. Барлығы — 14 учаске (477 км). Бұл жерлерде жол-құрылыс маусымы басталғанда жөндеу жұмыстары жүргізілмек.

Сонымен қатар жол пайдаланушылардың өтініші бойынша ақылы жолмен жүргені үшін төлем мерзімін 7 күннен 30 күнге дейін ұзарту ұсынылуда. Тиісті түзетулер қазір уәкілетті органдарда келісіліп жатыр.

Жолдар цифрландырылып жатыр

Автожолдардың бүлінуінің алдын алу үшін автоматтандырылған өлшеу стансаларын орнату жұмысы жалғасуда. Өткен жылы тағы 24 станса қойылып, республикалық жолдардағы олардың жалпы саны 46-ға жеткен. 2028 жылға дейін тағы 102 станса орнату жоспарланған.

Сонымен бірге жолдарды басқарудың жаңа цифрлық тетіктері енгізілуде.

"Былтыр пилоттық жоба ретінде “Алматы – Қонаев” тас жолының 42 шақырымдық ақылы учаскесінде интеллектуалды көлік жүйесін енгізуді бастадық", - деді Иманашев.

Жоба аясында:
• жол-көлік оқиғаларын бақылау;
• жануарлардың жолға шығуын анықтау;
• ауа райын мониторингтеу;
• жол ережесін бұзуды автоматты бағалау сияқты жасанды интеллект элементтері қолданылады.

Бұдан бөлек, 1403 колл-орталығын жаңғырту үшін "Сапар" зияткерлік диспетчері енгізілуде.

"Ол пайдаланушыларға “Алиса” және “Siri” қағидаты бойынша дауыстық цифрлық ассистент қызметін көрсетеді", - деді ұлттық компания басшысы.

Жол бойы сервисі кеңейеді

Қазір ел бойынша жол бойындағы сервис нысандарының саны 1 421-ге жеткен.

2023–2025 жылдары жоғары санаттағы 123 жаңа сервис нысаны іске қосылды. Биыл жеке инвестиция есебінен тағы 37 нысан ашу жоспарланып отыр.


Ұсынылған
Соңғы жаңалықтар
// Banner remove