Тоқаевтың жеті жылдық кезеңі: экономика дағдарыстан жүйелі өсімге бет бұрды

Қаракөз Амантай 03 нау. 2026 12:22

Премьер-министр Олжас Бектенов “Казахстанская правда” газетінде жарияланған мақаласында Қасым-Жомарт Тоқаевтың жеті жылдық президенттік кезеңі Қазақстан үшін терең өзгерістер мен жүйелі жаңғыру дәуіріне айналғанын мәлімдеді, деп хабарлайды Dalanews.kz.

Үкімет басшысының айтуынша, бұл кезең пандемия, әлемдік экономиканың баяулауы, инфляциялық және логистикалық күйзелістер, геосаяси тұрақсыздық секілді күрделі сын-қатерлермен тұспа-тұс келген. Соған қарамастан елде тұрақтылық сақталып, экономика сенімді өсім жолына шыққан.

"Жауап ретінде ұзақ мерзімді тұрақтылыққа бағытталған терең реформалар жүргізілді. Президент популизмге ұрынбай, қысқа мерзімді нәтижеге емес, ел дамуының берік іргетасын қалауға басымдық беріп келеді", - деді Олжас Бектенов.

Премьер-министрдің дерегінше, 2025 жылы әлемдік экономиканың өсімі 3,3% болса, Қазақстанда ЖІӨ 6,5%-ға артқан. Бұл жүргізілген саясаттың нәтижесін көрсетеді.

Соңғы жылдары экономиканың құрылымы да айтарлықтай өзгерген. Егер бұрын өсім сыртқы шикізат конъюнктурасына тәуелді болса, қазір негізгі серпін ішкі сұраныс пен шикізаттық емес секторлар есебінен қамтамасыз етіліп отыр. Негізгі үлесті өңдеуші өнеркәсіп, құрылыс, сауда, көлік және қызмет көрсету салалары беруде.

Жеті жыл ішінде елдің номиналды ЖІӨ-сі 1,7 есеге өсіп, 181,7 млрд доллардан 305,9 млрд долларға жетті. Жан басына шаққандағы ЖІӨ 9,8 мың доллардан 15 мың долларға дейін ұлғайған.

Өңдеуші өнеркәсіп көлемі 11,5 трлн теңгеден 30,63 трлн теңгеге дейін өсіп, оның экономикадағы үлесі 11,4%-дан 12,7%-ға жетті. Ал өндіруші сектордың үлесі керісінше 14,5%-дан 12%-ға дейін төмендеген.

Бектенов бұл көрсеткіштердің артында ондаған жаңа зауыт пен мыңдаған жұмыс орны тұрғанын атап өтті. Мәселен, Қостанай облысында KIA автокөліктері мен шойын құю зауыттары іске қосылған. Қарағанды облысында тұрмыстық техника мен автомобиль шиналарын өндіру жолға қойылған. Атырауда полипропилен, Алматы облысында вольфрам концентраты, Павлодарда теміржол техникасына арналған компоненттер, Шымкентте алюминий қаптама мен бағалы металдарды өңдеу өндірістері ашылған.

Құрылыс саласы да тұрақты өсім көрсетіп отыр. Тек 2025 жылдың өзінде ел бойынша 20 млн шаршы метрден астам тұрғын үй пайдалануға берілген.

Халықаралық валюта қорының дерегіне сүйенсек, Қазақстан әлемнің ең ірі 50 экономикасының қатарына енген әрі орташа жылдық өсім қарқыны бойынша көшбасшы бестіктің қатарында. World Competitiveness Ranking рейтингінде ел 34-орынға көтерілген. 

Премьер-министрдің бағалауынша, бұл өзгерістер экономиканың "бір оқиғалы" тәуелділіктен арылып, теңгерімді даму моделіне көшкенін көрсетеді.


Ұсынылған
Соңғы жаңалықтар
// Banner remove