Қазақстан ЮНЕСКО тізіміне тағы екі нысан ұсынды

Самал Асқар 27 ақп. 2026 13:45

Президенттің Қызылорда қаласында өткен Ұлттық құрылтайдың V отырысында берген тапсырмасы аясында Жаркент мешіті мен Вознесенский храмы ЮНЕСКО-ның Бүкіләлемдік мұра нысандарының алдын ала тізіміне (Tentative List) енгізілді. Бұл туралы Мемлекеттік кеңесші Ерлан Карин Facebook парақшасында мәлімдеді, деп хабарлайды Dala news.

Оның айтуынша, Жаркент мешіті XIX ғасырдың соңы діни сәулетінің бірегей ескерткіші саналады. Ғимарат ислам сәулет дәстүрі мен Шығыс Азия құрылыс өнерінің синтезін айқын көрсетеді.

Ал Вознесенский храмы инженерлік және көркемдік шешімдерімен ерекшеленетін, ХХ ғасыр басындағы православиелік ағаш сәулет өнерінің бірегей үлгісі ретінде бағаланады.

Ерлан Кариннің атап өтуінше, екі нысанның бірлесіп алдын ала тізімге енгізілуі Қазақстанның мәдени әралуандығын айғақтайды. Сондай-ақ бұл Орталық Азияда ислам және христиан дәстүрлері тарихи тұрғыда қатар дамып, өзара ықпал еткенін көрсетеді.

Мешіт пен храмның алдын ала тізімге енуі – мәдени мұраны сақтау және насихаттау бағытындағы маңызды қадам. Бұл шешім ЮНЕСКО талаптарына сай номинациялық құжаттарды әзірлеуге негіз болады.

Айта кетейік, Жаркент мешіті 1895 жылы қытай сәулетшісі Хон Пике жобасымен салынған. 1982 жылдан бері республикалық маңызы бар тарих және сәулет ескерткіші ретінде мемлекет қорғауында. Ғимаратты салу барысында ағаш құрылымдарды бекітуде шеге қолданылмаған. Бүгінде нысан Жетісу облысы Панфилов ауданындағы сәулет-көркем музейі ретінде жұмыс істейді.


Ұсынылған
Соңғы жаңалықтар
// Banner remove