Қазақстанда Мемлекет басшысы тапсырмалары аясында инфрақұрылымды жаңарту, цифрландыруды жеделдету және экологиялық саясатты күшейту бағытында жүйелі жұмыс жүріп жатыр. Бұл туралы Премьер-министр Олжас Бектенов мәлімдеді, деп хабарлайды Dalanews.kz.
Кейінгі жеті жылда негізгі капиталға салынған инвестиция көлемі 12,6 трлн теңгеден 22,7 трлн теңгеге дейін өскен. Қаржы негізінен өңдеу өнеркәсібіне, энергетикаға, логистика мен агроөнеркәсіп кешеніне бағытталған.
Өнеркәсіпті қолдау мақсатында "Бәйтерек" холдингі арқылы қаржыландыру көлемі 2,9 трлн теңгеден 10,4 трлн теңгеге дейін ұлғайған. Қазір металлургияда - 23 жоба, машина жасауда - 21 жоба, химияда - 11 жоба, АӨК-те - 69 жоба іске асырылып жатыр.
Көлік-логистика саласында Транскаспий халықаралық бағыты (Орта дәліз) бойынша жүк тасымалы жеті жылда бес есеге өскен. Мың шақырымға жуық жаңа теміржол салынып, 9,5 мың км жол жөнделген.
Теңіз порттарының өткізу қабілеті 22 млн тоннаға жеткен. Ал "Қорғас" құрғақ порты өңірдегі негізгі логистикалық хабқа айналып отыр.
Автожол саласында да ілгерілеу бар: жеті жылда 25 мың шақырымнан астам жол салынып немесе реконструкцияланған.
Авиация саласында жолаушылар ағыны өсіп, 2025 жылы әуежайлар 31,8 млн жолаушыға қызмет көрсеткен. Биыл Катонқарағай, Зайсан, Кендірлі және Арқалықта жаңа әуежайлар ашылмақ. Соның ішінде Арқалық әуежайы 30 жылдан кейін қайта жаңғыртылуда.
Энергетика секторында да жүйелі жаңғырту жүріп жатыр. Соңғы жылдары электр өндіру көлемі 106 млрд кВт·сағаттан 123,1 млрд кВт·сағатқа дейін өскен. Үкіметтің болжамынша, 2027 жылдың бірінші тоқсанының соңына қарай Қазақстан энергия тапшылығынан толық арылуы мүмкін.
Сонымен бірге Алматыдағы ЖЭО-2 мен ЖЭО-3-ті газға көшіру жұмыстары жүргізілуде. Ұзақ мерзімді теңгерім үшін атом энергетикасын дамыту мәселесі де күн тәртібінде.
Цифрландыру бағытында Қазақстан толыққанды цифрлық мемлекет моделіне көшіп келеді. Smart Bridge платформасы арқылы мемлекеттік органдар мен бизнес арасында деректер алмасу жолға қойылған. Ел БҰҰ-ның EGDI индексінде 24-орынға көтеріліп, онлайн қызметтер бойынша әлемдік ондыққа енген.
2026 жыл Жасанды интеллект жылы деп жарияланып, Alem.ai халықаралық орталығы құрылды. Үкімет Digital Qazaqstan стратегиясын әзірлеп жатыр.
Экологиялық бағытта "Таза Қазақстан" бастамасы жалпыұлттық қозғалысқа айналды. Сонымен қатар су қауіпсіздігін күшейту үшін 20 жаңа су қоймасын салу және кемінде 15 мың км ирригациялық каналдарды жаңғырту жоспарланған.
Үкімет басшысы жүргізіліп жатқан реформалар Қазақстанның ұзақ мерзімді, орнықты және технологиялық дамуына берік негіз қалыптастырып жатқанын атап өтті.
