Президент тапсырмаларын іске асыру аясында Қазақстанда әлеуметтік салада ауқымды өзгерістер жүзеге асырылып жатыр. Бұл туралы Премьер-министр Олжас Бектенов мәлімдеді, деп хабарлайды Dalanews.kz.
Үкімет басшысының айтуынша, соңғы жылдары әлеуметтік шығыстар көлемі тұрақты түрде жоғары деңгейде сақталған. 2025 жылы бұл мақсатқа республикалық бюджеттен 9,3 трлн теңге бөлініп, жалпы шығыстардың 36,5%-ын құраған.
"Қолдаудың философиясы өзгерді: көмек атаулы, әділ әрі ынталандырушы болуы тиіс. Цифрлық құралдар үй шаруашылықтарының жағдайын дәлірек бағалауға мүмкіндік берді", - деді Бектенов.
Соңғы жылдары адам капиталына салынған инвестиция айтарлықтай өсті: білім мен ғылымды қаржыландыру бес еседен астам, денсаулық сақтау мен әлеуметтік қызметтерге бөлінетін қаржы 3,7 есеге артқан.
Елде білім беру инфрақұрылымы да кеңейіп келеді. Жеті жылда 1,3 мыңнан астам жаңа мектеп салынған. Тек "Келешек мектептері" ұлттық жобасы аясында 2023–2025 жылдары 217 мектеп пайдалануға берілген.
Мұғалімдердің еңбекақысына қанағаттану деңгейі де артқан. TALIS-2024 зерттеуіне сәйкес, Қазақстан бұл көрсеткіш бойынша әлемдегі үздік бестікке енген: 2018 жылғы 39%-дан 2024 жылы 71%-ға дейін өскен.
Денсаулық сақтау саласында да оң өзгерістер бар. Елдегі медициналық ұйымдар саны 830-ға жетіп, дәрігерлер саны 83 мыңнан асқан. Қазақстан ана өлімін азайту қарқыны бойынша әлемдік ондыққа кірген.
Президент бастамасымен 2021 жылы іске қосылған "Аңсаған сәби" бағдарламасы арқылы жыл сайын 7 мың ЭКО квотасы бөлінеді. Бағдарлама басталғалы 28 мың әйел мүмкіндік алып, 11 мың сәби дүниеге келген.
Маңызды бастамалардың бірі - "Ұлттық қор – балаларға" бағдарламасы. Оның аясында барлық қазақстандық балалардың есепшотына Ұлттық қордың инвестициялық табысынан жыл сайын қаражат түсіп отырады.
"Үш жыл ішінде жеті миллион балаға 2,5 млрд доллардан астам қаржы аударылды", - деді Үкімет басшысы.
Сонымен қатар "Қазақстан балалары" бірыңғай бағдарламасы қабылданып, балалардың құқықтары мен әл-ауқатын қамтамасыз ететін барлық шаралар бір жүйеге біріктірілген.
Жалпы алғанда, қабылданған шаралардың нәтижесінде Қазақстанда күтілетін өмір сүру ұзақтығы 76 жасқа дейін жеткен.
