Енді сәбилерге 6 айдан бастап екпе салынады

Көркем Алдабергенова 03 нау. 2026 11:22

Қазақстанда қызылша ауруының айтарлықтай өсуі тіркелді. Әсіресе жас балалар арасында сырқаттану көрсеткіші артқан. Осыған байланысты Денсаулық сақтау министрі Ақмарал Әлназарова ата-аналарды балаларын вакцинациялау арқылы қорғауға шақырды, деп хабарлайды Dalanews.kz.

Не өзгерді?

Бұған дейін Қазақстанда қызылшаға қарсы алғашқы екпе 12 айында салынатын. Екінші екпе (қайта вакцинация) 6 жаста, мектепке дейін жүргізілетін.

Қазіргі таңда індеттің өршуін тежеу мақсатында 6 айдан 10 айға дейінгі балаларды қосымша вакцинациялау кезеңі басталды. Сонымен қатар бұрын жоспарлы екпеден қалып қойған балаларды қамту шаралары ұйымдастырылып жатыр.

"Қазір сырқаттану өсімінің қарқыны төмендей бастағаны байқалады. Дегенмен жағдай баршамыздың жауапкершілігімізді талап етеді. Қорғанудың жалғыз сенімді жолы – вакцинация. Оның қауіпсіздігі мен тиімділігі көпжылдық тәжірибемен дәлелденген", – деді Ақмарал Әлназарова.

Қызылша неге көбейді?

Қазақстанда қызылшаға қатысты ахуал 2023 жылдан бері күрделенді. Сол жылы елде соңғы ондаған жылдағы ең ірі індеттердің бірі тіркелген болатын.

Мамандар мұның басты себебі ретінде екпе алмаған балалар санының жиналып қалуын атайды. Бұған ата-аналардың жоспарлы түрде вакцинадан бас тартуы және COVID-19 пандемиясы кезінде екпенің уақытылы салынбауы әсер еткен.

Қазір вирус әсіресе 5 жасқа дейінгі, екпені уақытында алмаған балалар арасында белсенді таралып отыр. Әсіресе жоспарлы вакцинация жасына (Қазақстанда – 1 жас) әлі жетпеген сәбилер осал топқа жатады.

Халықаралық ұсыным

Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы қызылша өршіген аймақтарда вирустың таралуын тоқтату үшін вакцинация жасын 6 айға дейін төмендетуді ұсынады.


Ұсынылған
Соңғы жаңалықтар
// Banner remove