Испания үкіметі америкалық күштер Иранға қарсы соққыларға қатысуы үшін өз әскери базаларын пайдалануға рұқсат бермейтінін мәлімдеді, деп хабарлайды Dalanews.kz.
Испанияның сыртқы істер министрі Хосе Мануэль Альбарес Израиль-Америка операциясы "біржақты сипатқа" ие екенін атап өтті. Оның айтуынша, "испан әскери базалары АҚШ-пен жасалған келісімдер мен БҰҰ жарғысына кірмейтін әрекеттер үшін пайдаланылмайды".
Жексенбіде кешке кемінде 11 америкалық KC-135T және KC-135R жанармай құю ұшағы Мадрид операцияға келіспейтінін білдіргеннен кейін Испанияның Рота әскери-теңіз базасы мен Морон әуе базасы аумағынан ұшып шыққан.
Сенбіде АҚШ пен Израиль Иранға қарсы бірлескен операция бастаған еді. Бұған жауап ретінде Иран америкалық әскери нысандарға, соның ішінде Бахрейн, Қатар және Кувейттегі нысандарға соққы жасады.
АҚШ президенті Дональд Трамп бұған дейін Вашингтонның мақсаты Иранның зымыран әлеуетін жою, әскери-теңіз күштерін әлсірету, Тегеранның ешқашан ядролық қаруға ие болуына жол бермеу екенін мәлімдеген еді.
