Алматыда жыл басталғалы бері қызылша жұқтырған 591 адам тіркелген, олардың басым бөлігі - вакцина алмаған балалар, деп хабарлайды Dalanews.kz.
Алматының бас мемлекеттік санитария дәрігері Қасымхан Алпысбайұлының айтуынша, аурушаңдықтың өсуі былтырғы қарашада басталған. Сол кезде қызылшамен ауырған 30 адам тіркеліпті. Желтоқсанда олардың саны 142-ге дейін өсіп, қазір барған сайын көбейп барады. Жыл басынан бері аурушаңдық көрсеткіші 100 мың тұрғынға шаққанда 26,9 болды.
"Алматы қаласында қызылша бойынша эпидемиологиялық жағдай күрделі күйінде қалып отыр. 2026 жылдың басынан бері 591 жағдайды тіркедік, аурушаңдық өсімі ұлғайып барады. Инфекцияның таралуының негізгі себебі - вакцинация болмауы", – деді ол.
Ең көбі Алатау ауданында (239), сондай-ақ, Наурызбай, Бостандық пен Әуезов ауданында тіркелген. Ауруға шалдыққандардың 89 пайызы қызылшаға қарсы егілмеген. Вакцина алмаудың негізгі себептері екпеден бас тарту, медициналық қарсы көрсетілім мен екпе жасына жетпеу болған.
"Қызылшамен көбіне екпе алмағандар ауырып жатыр. 591 адамның 527-сінде вакцинация болмаған, оның жартысынан астамы – ата-анасы бас тартқандар. Бұл инфекцияның таралуы мен эпидемиологиялық жағдай күрделенуіне тікелей әсер етеді", – деді Алпысбайұлы.
Жас құрылымы бойынша сырқаттанғандардың 94 пайызы - 14 жасқа дейінгі балалар.
