Қазақстанда ғылымды қаржыландырудың негізгі көзі – мемлекет

Жарбол Кентұлы 03 қыр. 2024 09:34 1846

Ғылымның өрісін кеңейту үшін оған қомақты қаржы керек. Кеңестік жүйе кезінде ғылым мемлекеттен қаржыландырып келді. Ал еліміз тәуелсіздігін алғаннан кейін, нарықтық қиындықты бастан кешіп, ғылымды дамытуға тиісті деңгейде қаржы бөле алмағанын білеміз. Елімізде нарықтық қатынастар орнағаннан кейін ғылымды қаржыландыру ісінде де өзгеріске ұшырауы заңдылық еді. Осылайша Тәуелсіздік жылдары елімізде ғылымды қаржыландырудың жүйесі пайда болды.

Бүгінде Қазақстанда ғылымды қаржыландыру бірнеше бағытта жүзеге асатыны белгілі. Қазір ғылымды қаржыландыру мемлекеттен, ұлттық ғылыми қорлардан, сондай-ақ халықаралық ұйымдар мен жеке сектордан түсетін гранттар арқылы жүзеге асуда.

Бірден айтуымыз керек, мемлекеттің ғылымды қаржыландыруы Қазақстандағы ғылымды дамытуда маңызды рөл атқарады. Осылайша ғылымды қолдауға бағытталған қаржының көп бөлігін әзірше мемлекеттің үлесіне тиіп отыр. Осы ретте ҚР Ғылым және жоғары оқу орындары министрлігі арқылы ғылымды қаржыландырудың негізгі бағыттары айқындалған. Ендігі кезекте соған аз-кем тоқталып кетуді жөн санап отырмыз.

Бүгінде мемлекеттік қазынасынан тікелей бөлінетін қаражат ғылыми-зерттеу институттары мен университеттерге беріліп келеді. Ал ғылыми жобаларды қаржыландыру мемлекеттік гранттар мен мақсатты қаржыландыру бағдарламасы арқылы Ғылым комитеті жүзеге асыруда. Гранттар ғылыми жобаларды жүзеге асыруға, жаңа зерттеулерді қолдауға бағыттылаған. Сонымен қатар «Болашақ» бағдарламасы – ғылыми қызметкерлер мен зерттеушілерді шетелде оқыту мен тәжірибе жинақтау ісі де мемлекет тарапынан қаржыландырылады.

Қазіргі таңда Қазақстанда ғылымды қолдайтын бірнеше ұлттық қорлар жұмыс істейді. Солардың бірі һәм бірегейі «Ғылым қоры» АҚ-ы екенін естеріңізге сала кетеміз. Қор ғылыми зерттеулерді коммерцияландыру мен олардың нәтижелерін өндіріске енгізу мақсатында қолдау көрсетеді. Сонымен қатар «Ұлттық ғылыми-техникалық ақпарат орталығы» АҚ-ы да ғылыми қызметті ақпараттық қолдау көрсетумен қатар, ғылыми және технологиялық зерттеулердің нәтижелерін таратуда маңызды рөлге ие болуда.

Ғылыми зерттеулерге халықаралық ұйымдар да қаржылай қолдау көрсететін мүмкіндік бар. Қазақстандық ғалымдар мен зерттеушілер шетелдік гранттық бағдарламаларға қатыса алады. Айталық, қазақ ғалымдары ЕуроОдақтың «Horizon – 2020» бағдарламасына қатысып отыр. Бұл ЕуроОдақтың ғылыми зерттеулерді және инновацияларды қолдайтын ірі бағдарламасы, оның игілігін қазақ ғалымдары да көре бастады. Бұл бағдарлама 2014-2020 жылдары Еуропа және әлемдік зерттеушілерге ғылым мен инновацияларды дамыту үшін шамамен 80 миллиард еуро бөлген болатын.  Қазақстанның зерттеушілері де осы бағдарлама аясында бірқатар жобаларды жүзеге асырды.

Атап айтқанда, Назарбаев Университеті және басқа да ғылыми орталықтар зерттеу жобаларына қатысу арқылы халықаралық серіктестіктер орнатты. «Horizon – 2020» бағдарламасына қатысқан қазақстандық ғалымдар мен ғылыми мекемелер энергия, климат өзгерісі және инновациялар салаларындағы зерттеулерге үлес қосты. Алайда нақты қанша қазақстандық ғалымның «Horizon – 2020» гранттарына қол жеткізгені туралы толық статистикалық мәліметтер шектеулі. Десекте 2022 жылы Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ ғалымдары 42 халықаралық жобада гранттарға қол жеткізген болатын.

Ал ЮНЕСКО, БҰҰ сынды халықаралық ұйымдар – экология, денсаулық сақтау, және білім беру салалары бойынша ғылыми жобаларды да қаржыландыратынын айта кетуіміз керек.

Бүгінде Қазақстанда жеке сектор мен бизнес өкілдері де ғылымға инвестиция құя бастады. Мысалы, кейбір компаниялар жаңа технологияларды енгізіп, зерттеу жүргізу үшін университеттермен және ғылыми орталықтармен бірлесіп жұмыс істеп жатқанын білеміз. Бұл қаржыландырудың жеке көздеріне венчурлық қорлар, стартаптар және инновациялық бизнес бастамалар кіреді.

Осы ретте елімізде жас ғалымдарды қолдау мақсатында бірқатар бастамалар жүзеге асып жатқанын да атап айтуға болады. Оларға арнайы гранттар, зерттеу жобаларын қаржыландыру, шетелдік ғылыми орталықтарда тәжірибе жинақтау мүмкіндіктер туып отыр. Мұндай мүмкіндікті Орталық Азия елдерінде Қазақстан ғана жүзеге асырып отыр.

Қорыта айтқанда қазір елімізде ғылымды қаржыландырудың негізгі көзі – мемлекет болып тұр. Сонымен қатар, халықаралық ұйымдар мен жеке сектор да ғылымды қолдауға үлес қосуда. Дегенмен, қазіргі таңда ғылымды қаржыландыру көлемі әлі де болса төмен деңгейде. Бұл ғылым саласының одан әрі дамуын шектейтін факторлардың бірі екені жасырын емес. Сол себепті ғылымды қаржыландырудың көздерін барынша әртараптандырып, дамыған елдердің озық тәжірибелерін пайдалануымыз керек.

 


Ұсынылған
Соңғы жаңалықтар