"Баян Сұлу" кондитерлік фабрикасының тағы бір акционері пайда болды

Кәмшат Тілеухан 28 қаз. 2024 18:20 1663

"Баян Сұлу" кондитерлік фабрикасы акционерлерінің құрамында өзгерістер болды. Бұл туралы ақпарат 28 қазанда белгілі болды, деп хабарлайды Dalanews.kz.

Қазақстан қор биржасының сайтына компания акционерлер тізілімі жүйесіндегі ақпараттың үзінді қағазын орналастырды. Онда 2024 жылғы 21 қазандағы жағдай бойынша "Тобыл "ӘКК" АҚ "Баян Сұлу"АҚ акцияларының 5% -на иелік еткені көрсетілген.

Сондай-ақ тағы екі ірі акционердің үлесі: "KazFoodProducts" ЖШС-ның акциясы 88,9%-дан 85,06%-ға дейін және "Баян Сұлу" басқарма төрағасы болып табылатын Тимур Садықовтың акциясы 5,23%-дан 5%-ға дейін қысқарған.

Компанияның бақылаушы қожайыны KazFoodProducts, яғни Ерлан Баймұратов болып қала бермек (2024 жылғы Forbes Kazakhstan ТОП-75 бизнесмені рейтингінде 65-ші орын). Шілде айында аталған кәсіпкердің "Баян Сұлу" директорлар кеңесінің құрамынан шыққаны белгілі, бірақ оның себебі сол күйі нақтыланбаған. Жоғарыда аталған тізілімге сәйкес, компанияның жарияланған жай акцияларының жалпы саны 100 млн дананы құрайды, оның ішінде 80 млн данасы биржаға орналастырылған.

"Тобыл" әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорациясы" АҚ сайтында жарияланған ақпаратқа сүйенсек, оның 2010 жылғы 31 желтоқсанда Қостанай облысының аумағында тіркелгені және Өңірлік даму институты ретінде әрекет ететіні белгілі. ӘКК-нің жалғыз акционері Қостанай облысы әкімдігі атынан мемлекет болып табылады. Басқарма төрағасы болып облыс әкімінің бұрынғы орынбасары Ерлан Спанов тіркелген.

"Баян Сұлу" АҚ 1993 жылы 30 қыркүйекте құрылды. Кондитерлік фабриканың төрт филиалы бар, оның үшеуі Қазақстанда және бір филиалы Ресейде тіркелген.

2023 жылдың қорытындысы бойынша "Баян Сұлу"  2,8 млрд теңге табыс тапты (2022 жылы – 4,6 млрд теңге). Компанияның жиынтық активтері 2024 жылдың басында 52,9 млрд теңгені, жиынтық міндеттемелері 23,6 млрд теңгені құрады. Меншікті капитал 29,3 млрд теңге көлемінде қалыптасқан.


Ұсынылған
Соңғы жаңалықтар