Білім және ғылым министрі Асхат Аймағамбетов, денсаулық сақтау министрі Алексей Цой, ішкі істер министрі Ерлан Тұрғымбаев, сондай-ақ ЮНИСЕФ өкілдігінің басшысы Артур ван Дизен баяндама жасады.
2020 жылы Қазақстанда балалардың құқықтарын қорғау саласында 22 нормативтік құқықтық акт әзірленіп, қабылданды. Бала құқықтарын қорғауды күшейту, тұрмыстық зорлық-зомбылыққа қарсы іс-қимыл және жасөспірімдер арасында суицид мәселелерін шешу жөніндегі 2020-2023 жылдарға арналған жол картасы бекітілді. Террористік әрекеттен зардап шеккен балаларды әлеуметтік оңалту қағидалары мен мерзімдері қабылданды.
2022 жылы балалардың қауіпсіздігін, денсаулығын, білім алуын, материалдық әл-ауқатын, әлеуметтенуін қамтитын балалар игілігінің қазақстандық индексін енгізу жоспарлануда. Осы индекстің көмегімен балалардың жағдайын жақсарту бойынша мемлекеттік органдар жұмысының нәтижелілігі қадағаланатын болады.
Үкімет басшысы көшеде, білім беру ұйымдарында, демалыс кезінде балалардың қауіпсіздігін қамтамасыз етудің маңыздылығын атап өтті.
Осыған байланысты А. Мамин екі апта ішінде білім беру және бос уақытты өткізу саласының объектілерін тиісті қауіпсіздік инфрақұрылымымен қамтамасыз ету жөніндегі жол картасын дайындауды тапсырды.
Бейнебақылау жүйелері мен олардың Полицияның жедел басқару орталықтарымен интеграциялануына, “дабыл түймесінің” болуына және шұғыл әрекет етуге ерекше назар аудару керек. Барлық іс-шаралар оқу жылы басталғанға дейін аяқталуы тиіс, – деді А. Мамин.
Денсаулық сақтау министрлігіне, әкімдіктерге аурулардың алдын алу және ерте диагностикалау, оңалту, ауруды бала жастан бақылау бойынша шаралар қабылдау, мектеп медицинасын, ерте даму және скрининг кабинеттерінің, балалар үйлерінің, балалар стационарлары мен емханаларының материалдық-техникалық базасын жетілдіру тапсырылды.
Үкімет басшысы әкімдіктерге спортпен айналысатын балалардың санын арттыру бойынша шаралар қабылдауды тапсырды.