"Қастер Мұсаханұлына, Мұрагер Әлімұлына және Қайша Ақанға Қазақстан Республикасының азаматтығы берілмейтін болды. Оларды енді Қытайға қайтара ма? Жалпы осындай мәселелер қалай реттеледі?", – деген сұрақ қойылды орталық коммуникациялар қызметінде.
"Мен нақты айта аламын, бұл азаматтарды Қытайға қайтару мәселесі мүлдем қаралып жатқан жоқ. Себебі бұл бауырларымыз "босқын" мәртебесін алған еді. Босқын мәртебесін алып, қазір жұмыс істеуге, тұруға құқылы. Бірақ, дегенмен, олар мемлекеттік шекараны бұзғаны үшін жауапқа тартылған болатын. Олар тек мемлекеттік шекараны бұзғаны үшін бір жылға жазаланды. Қазір босқын мәртебесіне ие. Келесі жылдан бастап, халықаралық тәжірибеге сәйкес тиісті өзгерістер Ішкі істер министрлігінде қаралып жатыр. Еркін жүріп-тұруына, елден шығып немесе қайтып кіруіне жағдай жасалады. Бірақ келесі жылы, қазір мұның барлығы пысықталып жатыр", – деп түсіндірді "Отандастар" қорының өкілі.
Айта кетейік, 2019 жылы қазан айында екі қандасымыз Қытайдың Шыңжаң-Ұйғыр автономиялық ауданынан қашып келген. Сол кезде оларды екі айға қамауға алды.
Ал ұлттық қауіпсіздік комитеті екеуінің мемлекеттік шекараны қалай кесіп өткені үлкен күмән тудыратынын мәлімдеді.
2020 жылдың 21 қаңтар күні Қазақстан шекарасын заңсыз өтті деп айыпталған Қастер Мұсаханұлы мен Мұрагер Әлімұлына қатысты сот үкімі шықты. Қастер Мұсаханұлы мен Мұрагер Әлімұлы 392 баптың 1 бөлімінде көрсетілгендей бір жыл мерзімде бас бостандығынан айыру жазасы тағайындалған болатын.