Қазақстан мұнай өнімдері ұрлығынан қанша шығынға ұшырауда?

Кәмшат Тілеухан 14 сәу. 2025 16:50 990

Қазақстан бюджетін толықтырушы шикізаттардың бірі – мұнайға ұрылар да қырғидай тиюде. Әсіресе, шекаралас өңірлерде мұнай өнімдерін сатушы делдалдардың саудасының көрігі қызып тұр. Әрине, мұның бәрі заңсыз жолмен жүзеге асады: арнайы көліктермен, пойыз жолымен, тіпті құбыр арқылы да.  Өз материалымызда миллиондап емес, миллиардтап шығын әкелетін бұл қылмысты әшкерелеуші ҰҚК-ның, онымен байланысты Шекара қызметінің, сондай-ақ Мемлекеттік кірістер комитетінің деректеріне сүйенетін боламыз, деп хабарлайды Dalanews.kz.

Жанар-жағармай ұрлығына не түрткі?

Мұнай мен жанар-жағармай ұрлығына көрші елдер тарапынан болатын жоғары сұраныс түрткі. Себебі Қазақстанмен шектесетін барлық елде бұл тауар түрі бізге қарағанда әлдеқайда қымбат.

Мәселен, Қазақстанда АИ-92 жанар-жағармайының бір литрі 205 теңге болса, Ресей Федерациясында – 288 теңге, Қырғызстанда – 385 теңге, Өзбекстанда – 489 теңге. Қазақстанда дизель отынының бір литрі 295 теңге болса, Ресей Федерациясында – 355 теңге, Қырғызстанда – 427 теңге, Өзбекстанда 528 теңге тұрады. Осы жағынан алғанда, АИ-92 бензині бағасындағы айырмашылық 40%-дан 138%-ға дейін, дизель отыны 20%-дан 79%-ға дейін жетеді.

Бастапқыда көрші ел тұрғындары шекаралас аймақтардан мұнай өнім түрлерін сатып алып, өз елдеріне апарып сатумен айналысқан. Есесіне, ел экономикасы шығынға батып қана қоймай, сонымен қатар шекаралас өңірлер жаппай жанар-жағармай тапшылығына ұрынды. Сондықтан Қазақстан мұнай өнімдерінің сыртқы тасымалына қатаң  тыйым салуға мәжбүр болды. Бірақ бұл тыйымды айналып өтушілер жетерлік.

ҚР Қаржы министрлігі Мемлекеттік кірістер департаментінің мәліметінше, 2024 жылдың алғашқы тоқсанында қазақ-ресей шекарасында жалпы көлемі  13 650 литрді құрайтын 103, ал қазақ-өзбек шекарасында жалпы көлемі 11 135 литр болатын 68 заңсыз әрекеттің жолы кесілді. Бұл заңсыздықты жасаушылардан 3,7 млн теңге айыппұл өндіріп алынды. Бұл, көлікпен заңсыз тасымалданғандары.

Жалпы, 2024 жылы мұнай өнімдерінің заңсыз айналымы бойынша 21 қылмыстық іс қозғалған, олар бойынша құны 900 млн теңгеден асатын ұрланған "қара алтынның" көлемі 3,5 тоннаны құрайды.  

Мұнай ұрлығы бойынша атышулы істер

Мұнайды құбыр арқылы да ұрлайды. Мәселен, 2021 жылдың соңында қылмыстық топтың Жамбыл облысы Меркі ауданынан Қырғызстанға тартқан жасырын пластикалық мұнай құбыры табылды. Мұны ҰҚК-ның Шекара қызметі анықтаған. Онымен қанша мұнай айдалғаны белгісіз әрі оны анықтау мүмкін де емес көрінеді. Себебі, мұнай саласы мамандарының айтуынша, елімізде өндірілген мұнай мен газды есепке алудың ашық жүйесі құрылмаған.

Сондай-ақ мұнай өндірісі бір жолға қойылған өңірлер – Атырау, Маңғыстау, Қызылорда және Ақтөбе облыстарында да мұнай ұрлығы кеңінен етек алған. Олардың ішінде құрығы ұзын – ұйымдасқан қылмыстық топтар да бар. Мәселен, 2017 жылы мамырда ҚР ҰҚК мен ІІМ қызметкерлері кең көлемі арнайы операция барысында Қызылорда тұрғыны Ғалымжан Жүнісов және Ғалымжан Күшекбаев бастаған 21 адамнан тұратын мұнай ұрлаушы ұйымдасқан қылмыстық топ өкілдерін құрықтады. Оларға екі кен орнынан (Жыланды қыр) және екі мұнай айдаушы құбырды (Тұзкөл-Құмкөл) тесіп, заңсыз пайда тапты деген айып тағылды. Сотта келтірілген материалдық залал көлемі 25,8 млн теңге деп көрсетілді. Ұрланған өнімнің басым бөлігі, негізінен Қырғызстанға өткізілген.

Мұнай ұрлығына қатысты тағы бір атышулы іс спортшы Еркін Ізбасарға немесе "Ағайынды төртеу" ұйымдасқан қылмыстық тобына қатысты. Оған қатысты 2016 жылдың желтоқсан айында қатысты қылмыстық іс қозғалып, мұнай ұрлау, қылмыстық топ құру, рейдерлік жолмен бизнесті тартып алу баптары бойынша айып тағылды. Сот оны 12 жылға бас бостандығынан айырып, мүлкін тәркіледі. Сотта ол өзіне тағылған айыппен келіскен жоқ.  Үш жыл өткеннен кейін бірінші топ мүгедегі Еркін Ізбасар бостандыққа шықты. Сот мұны жазасын өтеушінің денсаулығы нашарлағандықтан деп түсіндірді. 2021 жылы Өскемен қалалық сотының шешімімен дертінің ауырлығы ескеріліп, денсаулығы қалпына келуіне дейін босатты. Ол 2023 жылы қарашада қайтыс болды.

Аталған іс бойынша 26 адам сотқа тартылды. Тергеу мәліметтері бойынша, 2015 жылдың маусым және қыркүйек аралығында қылмыстық топ "Сағыз Петролеумге" тиесілі Қағанай кен орнынан 530 тонна мұнай ұрлаған. Одан бөлек әр жылдары бұл қылмыстық топ Мұлғаржар ауданындағы Синельниковский, Байғанин ауданындағы Ащыкөл және Қаратөбе кеншітеріне де қол сұққандары айтылады. Ұрланған мұнай көлеміне қатысты әр сот отырысы барысында әртүрлі цифрлар келтірілген.

Шикізат саласының маманы Әділхан Байбатша:

"Мұндай көлеңкелі схемалармен күресу үшін мұнай мен газды есепке алудың ашық жүйесін құру, ел ресурстарын  ұрлағаны үшін жауапкершілікті күшейту, сондай-ақ мұнай-газ саласындағы процестерді цифрландыру қажет".

Сондай-ақ маман трансшекаралық отын сатылымына қатысты бақылауды да күшейту керектігін айтады.   


Ұсынылған
Соңғы жаңалықтар