"Әділ өтетініне көзім жетпейді". Марқұм Шерзаттың әкесі сот процесі жайлы ойын айтты

Қаракөз Амантай 10 сәу. 2025 16:50 1533

Бүгін Талдықорған қаласындағы Жетісу облысының қылмыстық істер жөніндегі мамандандырылған ауданаралық сотында Шерзат Болаттың өліміне қатысты алдын ала сот тыңдауы өтті. Оған жәбірленуші тарап, айыпталушылар және БАҚ өкілдері қатысты. Шамамен бір сағатқа созылған тыңдаудан кейін Dalanews.kz тілшісі марқұмның отбасының адвокаты Мейірман Шекеев пен әкесі Қаржаубай Нұрымовтан сот процесі жайлы пікірін сұрады. 

Адвокаттың айтуынша, жәбірленушілердің басты талабы – әділ үкім шығару.

"Жәбірленуші тарап тек әділ сотты талап етеді. Одан басқа ештеңе сұрамайды. Енді бір үйде екі қазаның орын алуы – оңай емес. Бәрі күйзелісте. Біз болашақта күдіктілердің ерте шартсыз жазаға ауысып кетпеуі үшін тағы бір талап қоямыз. Оны келесі сотта жаряилаймыз", – деді адвокат.

Алайда Шерзаттың әкесі Қаржаубай Нұрымов соттың әділ өтетініне күмәнмен қарайтынын жеткізді.

"Қазір қылмыскерлерді соттау емес ақтап алу процесі жүріп жатыр. Заң ақтап алғысы келсе, босатып жібереді. Егер солай болған жағдайда мен қарсы емеспін. Соттың әділ өтетіне көзім жетпейді", –  деді Қаржаубай Нұрымов.

Сот тыңдауында не айтылды?

Сотта прокурор істің мән-жайы қалай өрбігені туралы баяндады.

Прокурордың айтуынша, қайғылы жағдайдың алдында жастар арасындағы жанжал басталып кеткен. Тоқтаубаев, Ілиясов және олармен бірге жүрген екі қыз – Нұрбекова мен Жақсыкелді автокөлікпен "Қамажай" дүкені жаққа бет алған. Ал Шынасыл сол сәтте Euphoria кафесінің алдында тұрған Әшірбаевтың басқаруындағы көлікпен олардың соңынан ілескен.

Осы уақытта марқұм Шерзат Болат кәмелетке толмаған достары Сейсенбай, Ахмет және Махмет Алдиярды дүкен маңына көмекке шақырған. Олар шақырту бойынша түнгі 00:34 шамасында жалдамалы көлікпен келіп жеткен. Нәтижесінде бірнеше адам бір жерде жиналып, жағдай ушыға түскен.

Құрақбаевтың айтуынша, Шынасыл әдейі қылмыс жасауға бел буған.

"Шынасыл Болатты көре тұра, жанында Нұрымов, анасы және әжесі болуына қарамастан, олардың көз алдында жүрек тұсына қасақана пышақ сұғып алған. Зардап шеккен жасөспірім асфальтқа отыра кеткен", – деді прокурор.

Сөйтіп Белғожаев Шерзаттың басынан теуіп, бәкінің сабымен басына бірнеше рет соққы жасаған.

“Ал Ілиясов сол жерде жатқан жоғарыда көрсетілген 16-калибрлі аңшылық мылтықты жерден алып, мылтықтың сабымен Полаттың басына бір мәрте соққы жасаған. Алайда соққы Бишембиеваның оң жақ қолына тиген. Мұнымен шектелмей, Ілиясов өзінің әрекетін жалғастырып аңшылық мылтықтың сабымен сол жерде отырған Ғайыпбаевтың басына бірнеше рет соққы жасаған”, - деді прокурор.

Неше адам айыпталып жатыр?

Күдіктілерің жалпы саны – 9. Олар: Шынасыл Абзал Нұрғалиұлы, Сәкиев Равил Магомедович, Белғажаев Шыңғыс Айдосұлы, Әскентай Дархан Дарханұлы, Оқтаубаев Нұрбол Мұратбекұлы, Ілиясов Нұрқияс Төлепбекұлы, Оқтаубаев Азамат Маратбекұлы, Қалиахмет Дидар Еркінұлы, Ысқақов Думан Қайдарұлы.

Ауыр айып тек екі адамға тағылған

Бұл туралы адвокат Мейірман Шекеев хабарлады.

"Екі күдіктіге: Шынасыл Абзал мен Сәкеев Равильге айып тағылып отыр. Қалған жеті күдіктінің ісі “бұзақылық” бабымен қаралады. Мемлекеттік айыптаушының айтқаны сол. Ол іс материалдарымен үйлеседі деп ойлаймыз. Біз, жәбірленуші тарап онымен келіспейміз. Бірақ ол мемлекеттік айыптау актісі", дейді Шекеев.

Адвокат Шекеевтің айыптау актісі жайлы ойы

"Қаржаубай айыптау актін бүгін ғана естіп отыр. Қаржаубайды тергеу аяқталған кезде іс материалдарымен таныстырмады. Сондықтан оның пікірін айта алмаймыз. Адвокаттар бір нәрсемен келіспейміз. Оны сотта айтамыз. Қазір айта алмаймыз. Қалған айыптау актімен келісеміз", дейді адвокат. 

Айыпталушы тарап нені талап етті?

Алдын ала сот отырысында сотталушылар алқабилер сотына қатысу құқығынан бас тартты. Заң талабына сәйкес істі бір судья қарайтын болады.

Негізгі сот отырысы қашан өтеді?

Судья басты сот отырысын 17 сәуірде сағат 10:00-ге белгіледі. Одан кейінгі сот отырысы 18 сәуірде өтеді.

Судьяның қаулысына сәйкес, сот отырысы аптасына екі рет, бейсенбі және жұма күндері өтеді.

Еске салайық, бүгін Талдықорғанда Шерзат ісі бойынша алдын ала сот тыңдауы өтті.

“Сот отырысына қатысушылардың пікірлерін ескере отырып, сот бұл іс бойынша сот талқылауын ашық режимде өткізу туралы шешім қабылдады”, — деді Жоғарғы Сот.

Трансляция Жоғарғы Соттың YouTube арнасында өтті.

Айта кетейік, бұған дейін Жоғарғы сот Шерзат Болат ісі бойынша сот отырысы неліктен Жетісу облысының қылмыстық істер жөніндегі мамандандырылған ауданаралық сотының ғимаратында өтетінін түсіндірген еді.

“Айып тағылған тоғыз адам Талдықорғандағы тергеу изоляторында қамауда отыр. Соған байланысты сот отырысы Жетісу облысында өтеді”, — деді олар.


Ұсынылған
Соңғы жаңалықтар