Абу Дабиден Петерборға дейін
2023 жылғы Airbus 330 іздеріне көз салсақ, биылдың алғашқы шетелдік сапары 16-ші қаңтарда Біріккен Араб Әмірліктерінің Абу-Даби қаласына жасалды. Онда Қасым-Жомарт Кемелұлы Әмірлік өзінің әлемдік имиджін жүргізуге қолданатын «ADSW 2023» саммитіне қатысқан болатын. Бұл тұрақты даму, климат, ауыз су сынды мәселелерді талқылайтын алаң. Қазақстан үшін керемет мәселелер шешілмесе де, біраз инвестормен әңгіме-дүкен құра білдік. Жылдың ортасына қарай осы инвесторлар жеке борттарын Астанаға жаққа да бұра бастады. Демек, пайдасы тиді.
Кеше Петерборда Еуразиялық экономикалық одақтың жоғарғы кеңесі жиыны өтіп, биылдың қорытындысы шығарылып, Ресей Қазақстанға тізгінді босатып берді. Енді ЕАЭС-ті 2024 жылы Қазақстан басқаратын болады.
Өз адамымыз ретінде Бақытжан Сағынтаевті креслоға отырғызып кеттік.
Әрине, мұның бәрі регламентті, протоколды дүниелер. Мұнда біз үшін ең маңызды жаңалық – Еуразиялық Одақтың Иранмен еркін сауда туралы келісім-шартқа қол қойғаны болып отыр. Иран біз үшін Оңтүстік коридор. Яғни Парсы шығанағына, әлемдік мұхитқа шығуға мүмкіндік беретін ең қысқа және ұтымды жол.
Сердар баһадүр немесе қазақ үміт көзімен қарап отырған Бендер-Аббас
Қазақстан келесі жылы Еуразиялық Одақ кеңістігін өз мақсатына пайдаланатын болады. ЕАЭС біз үшін бұдан былай көп ақша табуға мүмкіндік беретін логистикалық плацдарм.
Ресейдің өзі үмітті Таяу Шығыс, Иран, Пәкістан және Үндістан елдеріне шығатын «Солтүстік – Оңтүстік» дәлізін дамытуға Қазақстан да белсенді ат салысып, өз дивидендін алмақ. Біз кезінде «Челябинск – Болашақ – Иран» бағытын іске қосу жобасын көтерген болатынбыз. Қазір ол жүзеге аса бастады. Осы логистикалық магистральді дамыту үшін Қазақстан «Бейнеу – Маңғыстау», «Мақат – Қандыағаш» теміржол желісі мен «Бейнеу – Шалқар» автомобиль жолдарын күрделі жөндеуден өткізбек.
Осы ретте, біз теңізбен Иранға тікелей шықсақ та, құрлық арқылы Иранға тек Түркімен елі арқылы бара алатынымызды түсіну керек. Сондықтан Ашхабадты өз жағымызға шығару біз үшін аса маңызды.
2023 жылы Қазақстан жан-жаққа сабылып, мүмкіндігінше көлік дәліздерін дайындауға тырысты. Біз бұйыртса келесі жылы Қытайдың Сиань қаласында және Грузияның Поти портында қазақстандық терминалдардың құрылысын аяқтауға жақындадық. Ресей, Қытай, Өзбекстан және Қырғызстанмен арадағы шекарада және Каспий теңізінде бес трансшекаралық көлік-логистикалық хабын іске қосуды жоспарлап отырмыз. Таяу жылдары 1300 шақырым жаңа теміржол, «Бақты» және «Қалжат» құрғақ порттарын, Иранның Бендер-Аббас қаласында теңіз портын салу жоспарланған. Бендер-Аббаста қазақ елінің өз порты болса, онда бізді ешкім тоқтата алмайды. Себебі, ол уақытқа дейін бізде дедвейті әлемдік деңгейдегі (алып өлшемде) 8 танкер мен сухогруз болмақ. Қазір ондай 4 кемеміз бар және олар Қара теңіз бен Жерорта теңізінде жүк тасуда.
Қай кезде болмасын, елдің логистикалық мүмкіндігі шешуші рөл атқарады. Суэц каналын ұстап отырған Мысырдың, Панама каналына қожалық етіп отырған Панаманың, Роттердамды бақылайтын Нидерландтың, Шанхайды басқарып отырған Қытайдың әлемдік саудаға ықпалы зор. Құрлықта бізде ондай мүмкіндік бар. Біз құрғақ теңіз болып саналамыз. Алтай мен Каспий арасын жалғап отырмыз. Қытайдан келген тонна-тонна тауарды Ресей, Иран, Кавказ елдері, Түркия, араб елдеріне тікелей бағыттап жіберуге болады.
Биыл жүк тасымалының жалпы көлемі 895 миллион тоннаны құрады. Бұл өткен жылмен салыстырғанда шамамен 4 пайызға артық. Ал нақты транзиттік тасымалға келер болсақ, жыл басынан бері ел аумағынан 29,3 миллион тонна жүк өткен. «Бір белдеу, бір жол» жобасы аясында Қытай - Еуропа - Қытай бағытындағы жүк тасымалы жүз есеге өскен. Осы тізбектегі ең маңызды бөлік – Қазақстан.
Соңғы бес жылда көлік-логистика секторы мыңдаған адамды жұмыспен қамтып отырған ірі салалардың біріне айналды. Логистика – ешқашан таусылмайтын мұнай. Осынша жүк, жолаушы тасуда қалааралық тасжолдардың да маңызы зор. Биыл «БАКАД», «Қандыағаш – Мақат» пен «Үшарал – Достық» жолдары аяқталды. Тағы 13 жол салынып жатыр. Жолымыз сапалы болса – экономикаға қан жүгірмек.
Бюджет. Дефицит деп ән саламыз
Жылда біздің бюджетіміз дефицитті болатынына көз үйреніп алды. 2024 жылы салық және басқа да түсімдерден 16,2 триллион теңге жинаймыз, 4 триллион теңге трансферттен келеді. Сонда бюджет кірісі 20,2 триллион теңге болмақ. Ал осы кезде 23,3 триллион теңге құртпақпыз. Таза бюджеттік кредитті есепке алғанда, бюджет дефициті 3,5 триллион теңге. Біз оны немен жабамыз?
Бюджеттік трансферт 4 триллион теңге, кепілдендірілген трансферт 2 триллион теңге, президент тапсырмаларын орындауға нысаналы трансферт 1,6 триллион теңге. Бір сөзбен айтқанда, Ұлттық қор мен мұнайдан 7,6 триллион теңге алынбақ. Ал сол Ұлттық қорға қанша түсті?
Биылғы жылдың 10 айында Ұлттық қорға мұнайдан 3,6 триллион теңге түскен. Бұл 2022 жылға қарағанда кәдімгідей аз, себебі биыл мұнай бағасы біршама құлдырады. Келесі жылы мұнай биылғыдан қымбат болмаса арзан түспейді деген болжам бар. Мұнай өсуін тоқтатса, керісінше уран бағасы өсіп барады. Сондықтан, ураннан түскен табыс триллиондардан аса бастаса, онда оны Ұлттық қорға бағыттау туралы ойлана беру керек.
Қазақстан 2023 жылы бар күшін логистика мен мұнайгаз химиясына жұмсады. Ал 2024 жыл өңдеуші өнеркәсіп жылы болатыны сөзсіз. Себебі, қазір салынып жатқан көптеген ірі жобалар келесі жылы ашылады. Бізде бәрі жақсы бола ма? Ия, бәрі жақсы болады.
Дүниежүзілік банк те, S&P де «қазақтарда бәрі мамыражай, керемет болады» деп жазады, өз зерттеулерінде. Ал олар негізсіз сөйлемейтін халықаралық институттар.
Сондықтан, 2024 жыл берекелі болады. Береке мен ырыс – қазақ халқының жақсы көретін, соған ұмтылатын қасиетті ұғымдары. Біз өте берекелі халықпыз. Көктегі Тәңіріміз әр уақытта өзінің жердегі сүйікті халқын қолдап келеді. Келесі жылы осы қолдау тіпті күшейе түспек. Оны сіз де, біз де сезетін боламыз.
Айбар ОЛЖАЙ
Арнайы Dalanews.kz үшін