Өткен жылдың аяғында еліміз үшін айтулы оқиға орын алды. Астанадағы Ұлттық музейде Мемлекеттік кеңесші Ерлан Қариннің төрағалығымен Саяси қуғын-сүргін құрбандарын толық ақтау жөніндегі Мемлекеттік комиссияның жұмысы қорытындыланып, саяси қуғын-сүргін құрбандарын ақтауда жолында қолға алынған үлкен жұмыс өз мәресіне жеткен болатын. Мемлекеттік комиссия үш жылдан бері тынымсыз жұмыс істеп, талай ақтаңдақтарды ақтады. Осылайша жоғалғанымыз табылып, өшкеніміз жанғандай күй кештік.
Сол кезде айтулы шараға қатысқан Мемлекеттік кеңесші Ердан Қарин Саяси қуғын-сүргін құрбандарын толық ақтау жұмысы отандық тарихишы ғалымдар үшін мазмұнды жұмыс болғанын атап өтті.
– Мемлекеттік комиссия тиімді жұмыс істеп, бұрын-соңды болмаған орасан зор шаруаны жүзеге асырды. Осы жұмысқа белсене қатысып, күш-жігерін жұмсаған тарихшы-ғалымдарымыз бен өзге де мемлекеттік органдарға зор алғысымды білдіремін.
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың бастамасымен құрылған Мемлекеттік комиссия тарихи әділдіктің салтанат құруына өлшеусіз үлес қосты.
Осы ретте зерттеуші ғалымдарға құнды тарихи деректерге қол жеткізуге жәрдемін тигізген ҚР Бас Прокуартурасына, ҰҚҚ мен ІІМ ризашылығымызды білдіреміз. Бұдан басқа аймақтық деңгейдегі экспедициялық жұмыстарға белсенді үлес қосқан өңірлердегі тарихшы ғалымдардың да еңбегі зор екенін атап өткім келеді, – деді Мемлекеттік кеңесші.
Ерлан Қарин шара барысында еліміз бойынша саяси қуғын-сүргін құрбандарына қатысты 72 томдық маңызды жинақты көпшілікке таныстырды. Көптомдық өткенге салауат айтып, тарихқа жаңаша көзқараспен қарауға жол ашатын құнды жинақ болатыны сөзсіз.
Осыған дейін шаң басқан архивтерде жатқан құжаттар алдағы уақытта маңызды кинотуындылар мен өзекті шығармаларға негіз болады деп пайымдаймыз.
Ең бастысы бұл көптомдық саяси қуғын-сүрген тақырыбын індете жазып жүрген журналистерге құнды дереккөзі болатыны анық.
Алдағы уақытта осы 72 томдық жинақ еліміздің барлық кітапханаларына таралып, саяси қуғын-сүргін тақырыбына қызығатын кез келген адамға сол кездегі зұлмат жайында дәл ақпарат алуына мүмкіндік беретіні сөзсіз.
Dalanews.kz ақпараттық агенттігіне Мемлекеттік комиссияның мүшесі, тарихшы Махаббат Қозыбаева саяси қуғын-сүргін құрбандарын ақтау ісі қалай жүргенін айтып берді.
– Еліміз тәуелсіздігін алғаннан кейін саяси қуғын-сүргін құрбандарын ақтау жұмыстары 1995 жылы басталған еді. Сол жылдар кеңестік жүйенің қуғын-сүргініне ұшыраған 29 мыңнан астам ақталған-ды. Кейіннен бұл жұмыс тоқтап қалды. Тек 2020 жылы Саяси қуғын-сүргін құрбандарын толық ақтау жөніндегі Мемлекеттік комиссия құрылғаннан кейін бұл іс қайта жанданды. Айналдырған екі жыл ішінде 311 мыңнан астам елімізден күштеп депортатцияланған адамдар мен әскери тұтқындар ақталды.
Аймақтарда жұмыс істеген ғалымдар депортатцияға ұшыраған адамдардың тізімін жасап, оларды ақтап шығуға өлшеусіз үлес қосты. Осы ретте Мемлекеттік комиссия қуғын-сүргін құрбандарын ақтауға қатысты арнай талабын дайындап шыққанын айта кетуіміз керек. Алдағы уақытта бұл бағыттағы жұмыстар жалғасын табатын болады, – деді Махаббат Қозыбаева.
Осыған дейін саяси қуғын-сүргін құрбандарына қатысты қолжетімді 700 мыңнан астам құжат болса, Мемлекеттік комиссияның белсенді жұмысынан кейін оның қатарына тағы да 600 мың құжат келіп қосылды.
Алдағы уақытта жинақталған құжаттардың бәрін кітап етіп шығару мүмкін емес. Сол себепті Мемлекеттік кеңесші Ерлан Қарин жинақталған құжаттарды түрлі бағыттарға жіктеп, арнайы порталға жүктеп, құнды мәліметке халықтың қолжетімділігін арттыру ісін ҚР Жоғары білім және ғылым министрі Саясат Нұрбекке тапсырды.
3 жылға созылған Мемлекеттік комиссияның жұмысы саяси қуын-сүргін құрбандарын ақтап қана қоймай, жаңа тарихшылар шоғырының қалыптасуына және елімізде архив қатынастары жұмыстарының заман талабына сай жандануына серпін бергенін айта кетуіміз керек.