Биылғы наурыз айында өткен республикалық референдумда қабылданған жаңа Конституцияның негізгі қағидалары мен нормаларын іске асыру жұмыстары кезең-кезеңімен жалғасып жатыр, деп хабарлайды dalanews.kz.
Бүгін Парламент палаталарының бірлескен отырысында депутаттар бірінші оқылымда үш маңызды заң жобасын қарады. Атап айтқанда, «Қазақстан Республикасының Президенті туралы» Конституциялық заңның жаңа редакциясы, «Қазақстан Республикасының Құрылтайы және оның депутаттарының мәртебесі туралы» Конституциялық заңның жаңа редакциясы, сондай-ақ «Қазақстан Республикасындағы сайлау туралы» Конституциялық заңға өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы заң жобасы талқыланды.
Жаңа редакциядағы «Президент туралы» Конституциялық заң 8 бөлім мен 43 баптан тұрса, «Құрылтай және оның депутаттарының мәртебесі туралы» заң 12 бөлім мен 60 бапты қамтиды.
Ұсынылып отырған өзгерістер қолданыстағы заңнаманы жаңа Конституция талаптарына бейімдеуге, мемлекеттік-саяси модельді институционалдық тұрғыдан жаңартуға және елдегі саяси жаңғырудың құқықтық негізін жүйелі түрде қалыптастыруға бағытталған.
Мемлекеттік кеңесші Ерлан Қарин заңнаманы жаңа Конституцияға сәйкестендіру және алдағы Құрылтай сайлауы Әділетті Қазақстан қағидаттарына негізделген ел дамуының жаңа кезеңінің басталғанын көрсететінін атап өтті.
Оның айтуынша, бұл бастамалар қоғам сұранысына сай келетін тиімді саяси жүйе қалыптастырып, мемлекеттік институттардың жауапкершілігін күшейтуге мүмкіндік береді.