Солтүстік Қазақстан облысында полиция қызметкерін балағаттаған әйел сот шешімімен 400 мың теңге төлеуге міндеттелді, деп хабарлайды dalanews.kz.
Halyqstan телеграм арнасының мәліметінше, оқиға Петропавлдағы "Кристалл" моншасында болған. Явленка ауылының тұрғыны Наталья Трушникова бұрынғы күйеуі және таныстарымен демалып отырған кезде жанжал шығарған.
Іс материалдарына сәйкес, әйел алдымен бұрынғы жұбайымен, кейін монша әкімшісімен сөзге келген. Кейін оқиға орнына полиция шақырылған.
Полиция қызметкерлері әйелді медициналық куәландыруға алып кетпек болған сәтте, ол тәртіп сақшысын балағаттап, бейәдеп сөздер айтқан.
Сотта әйел кінәсін мойындап, кешірім сұраған. Сондай-ақ жұмыссыз екенін және кәмелетке толмаған баласы барын айтқан.
Нәтижесінде сот оны билік өкілін қорлады деп танып, 40 сағат қоғамдық жұмысқа тартты. Алайда бұл жаза бұған дейінгі қоғамдық жұмыс сағаттарына қосылды.
Сонымен қатар сот шешімімен әйелден полиция қызметкерінің пайдасына 200 мың теңге моральдық өтемақы және адвокат қызметі үшін тағы 200 мың теңге өндірілетін болды.