Әкесінің қабірінен қайтып келе жатқан 24 жастағы жігітті өлтіріп кетті

Әкесінің қабірінен қайтып келе жатқан 24 жастағы жігітті өлтіріп кетті
istockphoto.com

Алматы облысы Талғар ауданында әкесінің қабіріне барып, Құран оқып қайтқан 24 жастағы жігіт пышақ жарақатынан көз жұмды. Алдын ала мәлімет бойынша, қайғылы оқиғаға жолға талас себеп болған, деп хабарлайды dalanews.kz.

Бұл туралы әлеуметтік желіде журналист Нұртай Лахан жазды. Оның мәліметінше, марқұмның артында екі қызы қалды. Полиция оқиғаға қатысы бар деген күдікпен үш адамды ұстаған.

Ауыл тұрғындарының айтуынша, оқиға түнгі уақытта болған. Марқұм інісімен бірге он жыл бұрын қайтыс болған әкесінің зиратына барып, Құран бағыштап қайтып келе жатқан. Жолда олар көлік есіктерін ашып қойып, жолды бөгеп тұрған үш жігітті көрген.

Жігіт жолдан өту үшін көліктің есіктерін жабуды сұраған. Алайда оған дөрекі жауап қайтарылғаны айтылады.

Куәгерлердің сөзінше, марқұм жанжалға бармай, үйіне қарай кеткен. Бірақ артынан қуып келгендердің бірі оған пышақпен екі рет соққы жасаған. Пышақ жарақаты өкпе тұсына тигені айтылды. Шабуыл жасаған күдіктінің жасы шамамен 20-да болған.

Алматы облыстық полиция департаменті Нұра ауылының 24 жастағы тұрғыны қаза тапқанын растады. Ресми ақпаратқа сәйкес, ер адам 11 мамыр күні ауруханада алған жарақаттарынан қайтыс болған.

"Хабарлама түскен бойда оқиға орнына полиция жасақтары жіберіліп, блок-бекеттер қойылды. Үш күдікті – марқұмның ауылдастары ұсталды", – деп мәлімдеді полиция.

Аталған дерек бойынша "Адам өлтіру" және "Бұзақылық" баптарымен қылмыстық іс қозғалды. Күдіктілер уақытша ұстау изоляторына қамалды.