Дипломаттың бұл жолғы мақаласы - Сыртқы істер министрлігін Тоқаев басқарған кезеңге және сол тұстағы қазақ тілінің ахуалына арналды.
2000-шы жылдардың басында Мәдениет министрлігіндегі Тіл комитеті меморгандардың мемлекеттік тілді қолдану деңгейіне мониторинг жасап, нәтижесін Үкіметке жіберіп отыратын.
Мониторинг бойынша СІМ мемлекеттік тілдің қолданысын бір жылда 17 пайыздан 60 пайызға көтеріп, министрліктер мен ведомстволар арасында көш бастады.
Ол қалай іске асырылды? СІМ-дегі Құжаттарды мемлекеттік тілде қалыптастыру бөлімінің (ҚМТҚБ) басшысы ретінде айтарым, бұған қазақ тілінің қолданысын кеңейтуге мүдделі дипломаттар тобының жан-жақты ойластырылған, кешенді іс-шараларға құлшыныспен араласуының арқасында қол жеткіздік.
Әрине ең алдымен сол шараларды міндеттеуге құқықтық базасын бекітіп беріп, аталған дипломаттардың ерікті де белсенді атсалысуына қолайлы ахуал туғызған министр Тоқаевтың пәрмені мен қолдауынсыз ол жетістікке жете мүмкін емес еді.
Бір бұйрықтағы төрт талап
Тоқаев келген тұста Сыртқы істер министрлігінде Тілдерді қолдану мен дамытудың 2001-2010 жылдарға арналған бағдарламасын іске асыру туралы бұрынғы министр Е.Ыдырысовтың бұйрығы бар-тын.
Онда былай делінген:
- Құжаттарды орталық аппарат пен шетелдік мекемелердің құрылымдық бөлімшелерінде тікелей мемлекеттік тілде әзірлеу;
- басшыларына мемлекеттік тілдегі құжаттарды әзірлеуге қатысты жауапкершілік жүктеу;
- дипломатиялық қызметте қазақ тілін енгізу мәселесі бойынша іс жүзінде көмек көрсету;
- СІМ орталық аппаратының және шетелдік мекемелерінің қызметкерлеріне қазақ тілін сапалы оқытуды ұйымдастыру...
Бірақ бұл міндеттерді орындау айтуға ғана оңай еді.
Одан басқа министр Е.Ыдырысовтың 2001 жылғы тағы бұйрығында:
СІМ-ге жаңа мамандарды қабылдау кезінде әрбір бөлімде құжаттарды мемлекеттік тілде жаза алатын кемінде екі маманның болуын қамтамасыз ету;
Қабылдау комиссиясының құрамына Құжаттарды мемлекеттік тілде қалыптастыру бөлімінің бастығын енгізу;
Министрліктегі құжаттарды мемлекеттік тілде толтыра алатын қызметкерлер тізімін әзірлеп, оларға үстеме ақы төлеу міндеттері қойылған еді.
Бұл қиын шаруа болатын. Қазақтілді дипломаттар аударманың астында қалып, қазақ тілін білгендіктен ғана орыстілді әріптесіне қарағанда жұмысты бірнеше есе көбірек орындауға мәжбүр болды.
Есесіне қазақша білмейтін дипломаттар мемлекеттік тілде құжат әзірлеуден үнемі бос болушы еді. Бүгіндері олардың сабы азайды дегенге сенгім келеді...
Олар қазақтілді дипломаттардың бастан өткерген қиындығынан бейхабар еді. Олар үшін әріптестерінің иығына ауыр салмақ түсіп жатқанын сезген күнде, білмеген кейіп таныту оңай болатын.
Қазақтілді дипломаттар мемлекеттік тілге қатысы бар іс-шаралардан уақыт тауып қалыс қалмауға тырысатын. Сондай дипломаттардың қатарынан Р.Ахмет, Б.Әліқұлов, Б.Өтеген, А.Әбішев, С.Сайлауқызы, А.Сапарбеков, Б.Арын, Ы.Дәуренбек, А.Елемесов, Б.Батыршаев, Д.Абаев, Т.Шалғынбай сынды әріптестерді көруге болатын.
Тоқаевтың оралуы
Қарап отырсам хаттарды мемлекеттік тілде жазудың СІМ-де кеңінен күш алып, алға басуы Тоқаевтың министр болған тұсында орын алған екен. Ағылшын тілінен тікелей қазақшаға аударылып, Президент әкімшілігіне жолданатын құжаттарды ол кісі «неліктен орысшасы жоқ» деп кері қайтармайтын, бір ескерту де жасамай-ақ қол қойып беретін. Ол мен үшін орасан зор моральдық қолдау еді.
Қазақтілді БАҚ Сыртқы істер министрлігін сын садағына алған сол бір шақта Қ.Тоқаевтың ведомствоға қайта оралуы күрделенген жағдайды түзеп, істі оңға бастыруға жол ашты.
Оның алғашқы нышанын Парламент мінберінде сөз сөйлеген Тоқаевқа қатысты «Жас Алашта» жарық көрген «Тоқаев қазақшаға төселіп қалыпты» деген мақаладан аңғарып едім.
Бұған қуанатындай реті барды. Өйткені осы мақаладан кейін ол кісінің орыс тілінде дайындаған баяндамасын мемлекеттік тілге аударудың маңыздылығын сезіп, оны өз қолыма алғаным дұрыс болған екен деп шештім. Қ.Тоқаев сол аудармаға аз-мұз өзгеріс еңгізгенін қөргенде ол кісінің қазақ тілін үйренуді терең меңгере бастағанын байқадым.
Тоқаев министрлікке келісімен мемлекеттік тілге қатысты кез-келген құжат болсын, іс-шара болсын баршасына жан-жақты қолдау көрсете бастады.
Соның бірі 2002 жылғы 19 маусымдағы бұйрық.
Мемлекеттік тілде белсенді іс жүргізген 17 дипломатқа 20 пайыздық үстемақы төлене басталуы ынталандырудың іс жүзіндегі алғашқы қадамы еді. Сондай-ақ мемлекеттік тілді білетін және оны дамытатын дипломаттардың жалақысына 30 пайызға дейін үстемақы төлеу 2003 жылғы СІМ бюджетін қарастыру кезінде есепке алынған еді.
Мемлекеттік тілді іс жүзінде дамытушылардың еңбектері ҚМТҚБ-да тоқсан сайын бағаланып отырды. Соның нәтижесінде үстемақы төленетін қызметкерлер құрамына қажеттілігіне қарай өзгеріс енгізу міндеттері қойылды.
Дипломаттар қалай қазақша оқыды?
2002 жылғы 9 желтоқсанда мемлекеттік тілдің қолданыс аясын кеңейту қатысты тағы бір шешім қабылданды.
Бұған сай министрлікте және оның шетелдегі мекемелерінде аптаның әрбір жұма күні «Мемлекеттік тіл күні» етіп жарияланды. Сол күні іс қағаз тек мемлекеттік тілде жүргізілді.
Дәл сол жылы қазақ тілінің қолданысын кеңейту үшін СІМ қарасты құрылымдар әрбір 6 айда, шетелдегі мекемелер жылына бір рет тексеруден өтіп отырды. Әрбір департамент және бөлім басшылары СІМ жанынан құрылған Мемлекеттік тіл комиссиясы алдында жылына екі рет есеп беріп отыруға міндеттелді.
Халықаралық қатынастар саласындағы терминдерді бір ізге түсіру үшін 2002 жылдың мамырында СІМ жанынан құрылған Мемлекеттік тіл комиссиясы жұмысын нәтижелі жүргізіп отырды.
Дипломаттар үшін әзірленген көмекші анықтамалық құралдар талқыға салынды. Терминологиялық бірізділік мәселесі сөз болып, дипломаттардың пікірін білу мақсатында әркез 30 шақты саяси қазақша терминдер беріліп, оның орысша баламасын табу тапсырылды.
Бұл дипломаттардың бір жағынан қазақша білім деңгейін анықтауға көмектессе, екінші жағынан тілдік әлеуетін арттырып, қабілетін шыңдап отыруға жәрдемдесті.
Осы отырыста апта ішінде жарық көрген мемлекеттік тілдегі басылымдардың өткір материалдарына шолу жасалды. Министрліктегі барлық дипломаттарға іс-қағазды мемлекеттік тілде жүргізуге үйретудің жаңа бір жобасы іске асырылды.
Оған сәйкес министрлікке қарасты құрылымдар қызметкерлерін екі аптаға тәжірибеден өткізу үшін ҚМТҚБ-ға (Құжаттарды мемлекеттік тілде қалыптастыру бөлімі) жіберіп отырды. Қызметкер екі аптаның ішінде іс- қағазды мемтілде жүргізудің қыр-сырын үйренді.
Қазақ газеттерін оқып үйренумен қатар ұлттық таным, салт-сана және дәстүр туралы тағылым алды. Мемлекеттік тіл үйрету үшін оқыту кабинеті бөлініп, Еуразия университетінен 6 оқытушы шақырылды.
Олар 140 қызметкерден тұратын дипломаттарға, сондай-ақ жауапты орындағы 3 қызметкерге сабақ берді. Жұмыс көптігіне байланысты дипломаттар арасында курстарға қатыса алмағандар болды. Мемлекеттік тілді білмей-ақ дипломатиялық іс-сапарларға кететінін білетіндер курстарға келуге құлықсыздық танытып жүрді.
Ресейлік газеттердің үлесін азайттық
Қазақстандағы шетел елшіліктеріне орысша жазылатын ноталарға мемлекеттік тілдегі мәтінін жасап, орыс тіліндегі нұсқаның алдына қоятын болдық.
Бұл шетел елшіліктеріне әсер етті. Бұған дейін тек орысша, ағылшынша білетіндерді ғана қызметке алатын елшіліктер ендігі жерде қазақ тілін білетін мамандарды іріктеп алуды күн тәртібіне қойды. СІМ-ге келетін газет-журналдарға сараптама жүргізіліп, министрліктің көбінесе ресейлік газеттерге жазылғаны белгілі болды. Қазақ газетері олардың 2 пайызын ғана құрайтыны анықталды. Соған байланысты ведомство кітапханасына қазақша газет-журналдардың түрлерін көбейту жөнінде міндет қойылды.
Шет тілден мемлекеттік тілге аударма жасайтындардың тізімі әзірленді. Ағылшын мен француз тілдерінен тікелей қазақшаға аударма жасау практикасы қолға алынды.
Қабылдау комиссиясының отырысында мемлекеттік тілге қатысты көптеген сауал қойып жүрдім. Бұл СІМ-ге жұмысқа тұрғысы келетін маманның тіл саясатына қатысты көзқарасын өзгертуге көп көмектесті. Соның өзінде қазақша қақпайтындар конкурстан өтіп кетіп, кейін олардың қызметте жүргендерін байқау қиын емес еді.
2004 жылы ҚМТҚБ-де Қазақ және орыс тілдерінде дипломатиялық іс жүргізу арналған анықтамалық сөздік шығару ісін қолға алдық. 7 бөлімнен тұратын анықтамалық сөздікке дипломатияда жиі қолданатын сөздердің қазақ тіліндегі нағыз баламалары енді.
Соның нәтижесінде елшіліктерден қазақ тіліндегі хаттардың түсуі жиілей бастады. Бұл тұрғыда таңданысымды тудырған бір жайтты айтпай кеткенім жөн болмас.
Берген тапсырмаларға сәйкес барлық елшіліктерден хаттарды қазақ тілінде алып жатқанымызда Мұхтар Шаханов басқаратын Қазақстанның Қырғызстандағы елшілігінен жауап хат орыс тілінде келді. Шыны керек бұл мен үшін әлі күнге түсініксіз.
Дипломаттың Кенесарыға қатысты сауалы
СІМ-дегі қазақ тілінің беделін көтеру мақсатында көрнекті қоғам қайраткерлерімен жұма сайын кездесулер өткіздік. Олардың арасында Шерхан Мұртаза, Ақселеу Сейдімбек, Амангелді Айталы, Дүкенбай Досжан, Кеңес Юсупов секілді танымал тұлғалар бар еді.
Халық қаһарманы Ә.Мәмбетовты дипломаттармен кездесуге алып келерде қызық оқиға орын алды.
Сол кездесдуе бір дипломат: «шетелдің спектаклдерін сахналай беру қаншалықты қисынды? Кенесары сықылды ұлттық герой туралы спектаклдерді неліктен қоймайсыздар?» деген сауал қойды.
«Ойбай-ау, қиын ғой. Онда қырғыздарды қайтеміз?..» деген Әзірбайжан ағамыз не айтарын білмей тосылып қалды.
Сол кезде әлгі дипломат: «Ұлттық геройларымызды халыққа театрлар арқылы танытып, жас ұрпақтың ұлтжандылығын оятуда көршілеріміз орыстардан, қырғыздардан қысылатын болсақ, онда тәуелсіздікті несіне алдық?» деп ағынан жарылған еді.
Тоқаевтың қолдауымен іске асырылған көзге көрінбейтін қаншама жұмыс министрліктегі мемлекеттік тілдің көкжиегін кеңітіп, дипломатиядағы тіл саясатына жаңа реңк берген еді.
Мұрсал - Нәби ТҰЯҚБАЕВ,
ғалым дипломат
Мақаланы көшіріп басу үшін редакция рұқсатын сұрау қажет