Back

Мұрсал-Нәби Тұяқбаев: «Қазақ тілінің дипломатиядағы беделі – күреспен келетін іс»

Редакциядан: Еліміздің сыртқы істер саласында қазақ тілі үшін үлкен күрес жүргенін біреу білсе, біреу білмес. Ғалым, тәжірибелі дипломат Мұрсал-Нәби Тұяқбаев Dalanews-ке тәуелсіздіктің бастауындағы қазақ дипломатиясы мен қазақ тілінің қандай қиындықтан өткенін әңгімелеп берді.  

Дипломатия деген мамандықтың дәмін тату егемендік алудың арқасында біздің де маңдайға бұйырды. Ширек ғасырдан астам уақыт сыртқы саясатымызды Оңтүстік, ОңтүстікШығыс және Орталық Азия, Шығыс және Батыс Еуропа өңірлеріндегі  Үндістан, Индонезия, Өзбекстан, Ресей және Франция мемлекеттерінде жүзеге асыру бақыты пешенеге жазылыпты.

Баланың өмірдегі іс-әрекетіне оған азан шақырып қойған есімінің тигізер ықпалы зор болады деп бекер айтпаса керек. Мұрсал – Алла Тағаланың хабаршысы да, Нәби – елшісі дегенді білдіретін есімнің рөлі болды ма, кім білсін.

Алайда академик О.Жәутіковтың идеясымен Республикалық физика-математика мектебінің құрылуы әрі КСРО-ның ыдырауы тағдырым үшін шешуші рөл атқара алды деп анық айта аламын.

Сол мектепке үміткер ретінде 1972 жылы келіп, конкурстан өттік. Мектепті үздік аяқтауым ғана емес, сондай-ақ қоғамдық жұмыста белсенділік танытуым Мәскеудегі Патрис Лумумба атындағы Халықтар достығы университетіне түсуге септігін тигізді.

Университет сынағынан өтіп, физика-математика факультетіне түстік.  Бұдан бөлек, француз тілін қатар үйрендім. Университеттің аспирантурасында ағылшынды жетілдіруіме мол мүмкіндік туды.

Намысқа тырысып мәскеулік орыс курстастар арасынан алға шығып, кандидаттық қорғап, дүниежүзінде баламасы жоқ жаңалық ашу мәртебесі де бұйырды. Еткен еңбектің бәрі де бекер болмапты.

Қ.Сәтпаев атындағы Қазақ политехникалық институтына жас маман ретінде орналасып, көптеген факультеттерге математикадан сабақ беріп жүргенімде  КСРО ыдырады. Егемендік алысымен Сыртқы істер министрлігі (СІМ) кадрлар іздеп жатқанын естіп, бағымды сынап көрмекке бекіндім.

Комиссияның төрағасы сол кездегі министрдің орынбасары Сәлім Құрманғожин басқаларға қарағанда маған көбірек сұрақ қойды.

Дипломатия саласындағы алғашқы қадамымды Халықаралық экономикалық қатынастар басқармасына екінші хатшы болудан бастадым. Басқармада адам көп. Бір шағын бөлмеде тығылысып отырамыз. Бірақ барлығымыздың көңіл күйіміз үнемі көтеріңкі болатын. «Егемен еліміздің сыртқы саясатының іргетасын қалаудамыз» деген сезім баршамызға қайрат пен күш-жігер беретін. Сондай күндердің бірінде басқармада мемлекеттік тілге қатысты дау шықты.

 Арамыздағы дипломат жас жігіт мектепті орысша бітірсе де, хатты қазақша жазғысы келетінін, алайда оған бастық рұқсат берер ме екен деген қорқынышын айтты.

Мен мемлекеттік тілде жазуға ешкімнің қарсы болмасын түсіндірдім. Өз бетінше үйренген қазақшасы хат жазуға жеткіліксіз болғандықтан, менен көмек сұрады. Қазақша жазған хатын алдыма әкеп, жөндетіп алды да басшының алдына тастады.

Осы жерде күтпеген оқиға болды. Басшымыз қазақ тілін жетік біле тұра әлгі хатты өткізбеудің амалын іздеді. Хат менің бақылауымдағы мәселе бойынша жазылғандықтан, қолымды қойғандықтан, оны өзім тексеріп,  іске араласуға тура келді.

 Хатты неліктен өзінен жоғарыға жөнелткісі келмейтінін сұрасам, басшымыз сол кезде министрдің орынбасары болған «Константин Жигаловқа жығып бермексіңдер» деп өзімізді кіналап, құжатқа қол қоймай қойды.

К.Жигалов Ресей губерниясында басшы болып отырмағанын, Тәуелсіз Қазақстанның Сыртқы істер министрінің орынбасары екенін, қазақша хат жазды деп соңына түсіп қудаламайды деп дәлелдеп бақтым.

Ақыр соңы басшымыз бұл мәселені орыстілді әріптестердің талқысына тастап жіберді. Олар көп еді. Күтпеген айтыс басталды да кетті.

Бір әріптесім ағылшынша білетіндігінен  ғана өзінің дипломатияға қажет екендігін, ал қазақша білуді мәжбүрлесе басқа жұмысқа кетіп қалатынын ескертіп, қорқытты.

Екінші бір әріптес дипломатияда тезірек өсу үшін қазақ тіліне қарағанда ағылшын тілін игеруге  уақыт кетіру маңыздырақ деген пікір білдірді.

Екеуіне қарсы уәж айттым.

«Дипломат хатты қазақ тілінде жазғысы келсе, оған қарсы тұрып, онысын істеттірмеу ақылға сыймайды. Хатты мемлекеттік тілде жаз деп жатқан басшы да жоқ.

Мұндайды өз мемлекетін құрғысы кеп жүрген күрдтер немесе ұйғырлар дәл осылай өмірінде айтпас еді. Егемен елдің дипломаты ретінде осылай айтып тұрсаң кім болғаның? Орыс келсе – орысша, ағылшын келсе – ағылшынша, қытай келсе қытайша шүлдірлеуге дайынсың ғой мына түріңмен…» дегенімде бастығым қатты кеткенімді атады. Ақыры ол хатты орыс тілінде жібертті…

Осы тартысты күтіп отырғандай қазақша біраз тапсырма берген К.Жигаловтың бұрыштамасы қойылған хат ертесіне алдымызға келіп, айтыстың нүктесін қойды. Ол Мысырдағы елшіміз Б.Тайжанның жазған хаты болып шықты.

Әріптестерім менің зілсіз айтқан сындарыма өкпелеп, кек сақтаған жоқ, керісінше содан кейін маған деген олардың сый-құрметтерінің  арта түскенін сезіп жүрдім.

Қарап отырсам хаттарды мемлекеттік тілде жазудың СІМ-де кеңінен күш алып, алға басуы Тоқаевтың министр болған тұсында орын алған екен. Ағылшын тілінен тікелей қазақшаға аударылып, Президент әкімшілігіне жолданатын құжаттарды ол кісі «неліктен орысшасы жоқ» деп кері қайтармайтын, бір ескерту де жасамай-ақ қол қойып беретін. Ол мен үшін орасан зор моральдық қолдау еді.

Дипломатиядағы мемлекеттік тілдің қолданысын арттыру күресі қызған кезең 2002 жылдан басталды десем артық айтпаған болар едім. Үндістандағы 3 жылдық ұзақ мерзімді алғашқы іссапарым 2000-жылдың басында аяқталып, елге оралған кезім болатын.

Миллиардтан астам халқы бар Үндістанда еліміздің сыртқы саясатын жүзеге асыру шараларымен жүріп, елдегі сан алуан өзгерістердің бәрін бірдей бақылап отыру қиынға соғатын.

Елден газет-журналдар Елшілікке айлап барып жетеді. Көптеген өзгерістердің орын алғанын елге келгенде бір-ақ байқайтынбыз.

Сондай өзгерістің бірі – мемлекеттік органдардағы қазақ тілінің қолданылу аясы кеңейген еді. Осы мәселеге қатысты мақалалар БАҚ беттерінде жиі көтеріліп, үлкен резонанс туғызып жатты.

Одан СІМ де сырт қалмай, министріміз Ерлан Ыдырысовтың атына қатаң сындардың айтылуы да назардан тыс қалмады.

Айта кетерлік жайт, Үндістанда дипломатиялық қызмет етіп жүргенімде мемлекеттік тілдің қолданыс табуына елшілер Р.Ыбыраев жан-жақты қолдау көрсетсе, одан кейін келген елші А.Шәкіров те қолайлы жағдай жасады. Сол кездегі Қазақстан-Үндістан үкіметаралық экономикалық ынтымақтастық комитетінің тең төрағасы, Ғылым және жоғары білім беру министрі В.Школьникке арнап қазақша жазылған хатқа ойланбастан қол қойып беріп жүрді.

Сондай-ақ Үндістанға Қазақстан делегациясының сапары кезінде, олардың қатысуымен өтетін іс-шара болсын бәрінде орыс тілінің көмегінсіз қазақ және ағылшын тілінде іс атқарып жүрдім.

Сол әдетімді СІМ-ге қайтып оралғасын да іске асыруды жалғастырдым. Министрдің орынбасары А.Смирновтың көмекшілері қазақша құжаттарды басшыларының түсінбейтінін айтып, қайтарып беретін.

Ондайда басшыларының түсінбейтін жерін өздері аударып, түсіндіріп берулерін сұрап, кері қайтаратынмын.

А.Смирновтың ешбір сөзге келместен, хаттарыма қол қоятынын көрген әріптестер мемлекеттік тілде хат жазуларын көбейтті.

Сөйтіп жүргенде министр Е.Ыдырысов мені СІМ Құжаттарды мемлекеттік тілде қалыптастыру бөлімін басқарушы етіп тағайындады. Төрт-ақ адам істейтін бөлімге түсер салмақ пен жауапкершілік сұмдық көп еді. Президент әкімшілігіне, Парламентке және Үкіметке жолданатын  мемлекеттік тілге аударылған құжаттардың орыс нұсқасымен сәйкестігін тексеріп, жөндеу енгізу, қол қойылғаннан кейін ғана жіберу орасан зор еңбекті талап ететін. Аударма сапасы сын көтермейтін.

Қазақша жазғаны былай тұрсын, аудармашысы жоқ бөлімдерден орысшадан қазақшаға тәржіме жасауды сұраған өтініштер де толастамайтын еді.

Бұған уақыт табудың өзі қасірет еді. Толассыз келіп жатқан алуан түрлі құжаттарды тексеріп, бір ізге түсірудің өзі қиынның қиыны болатын. Қарамағымдағы қызметкерлердің аударма тілі де әртүрлі еді.  Баршаға бірдей ортақ терминологияны қалыптастырудың өте қиын екенін осы жұмыста жүріп көзім жетті.

Айталық, «глобализация» терминін бір газет «ғаламдану» деп жазса, екіншісі «жаһандану» деп жазуды әдетке айналдырды. Кейбір сөздерді пайдалануда Президент әкімшілігі мен Үкімет екі түрлі нұсқаны да пайдаланып жүрді.

Мұндай мәселе Қазақ политехникалық институтында істеп жүргенімде де алдымнан шығатын. Бірде математика пәні бойынша терминологияны бекіту үшін Ғылым академиясында өтетін семинарға ақсақал математиктер мені де ерте барды. Бастапқыда залда отырған ғалым ақсақалдардың терминге қатысты айтыс-тартысына кірігуге жүрексініп отырдым. Алайда «функциональное пространство» сөзін «функционалдық кеңістік» деп алып жатқанда шыдамым таусылды.

Математиканың бұл тармағын кезінде орыстар ағылшынның «function space» деген сөзінен қате аударғанын, негізінде ол функционалды емес, функцияларды зерттейтін пән ретінде қазақша «функциялық кеңістік» болуы тиіс екенін айттым.

Белгілі математик Қ.Наурызбаев мен айтқан уәжді тез қабылдап, менің шет тілдерін білетін артықшылығымды тиімді пайдалану маңызды екенін атап еді.

Осындай қарама-қайшылықтарды еңсеру үшін 2004 жылы «Егемен Қазақстанда» Малайзияның термин қалыптастырудағы тәжірибесіне қатысты «Ұлт ұйытқысы» атты мақала жарияладым. Ол мақаланың терминдерді бір ізбен пайдалану жолындағы өзара түсінбеушілікті еңсеруге игі әсері болды.

(Жалғасы бар).

 

 Тағы оқыңыз:

Карантинде не істейміз? Уақытты тиімді өткізудің 6 амалы