Қала құрылысы кадастрын цифрландыру – өзекті мәселе

Dalanews 25 қыр. 2020 08:34 1100

Республикалық мемлекеттік қала құрылысын жоспарлау және кадастр орталығы еліміздегі қала құрылысы кадастрымен айналысатын бірден-бір мекеме. Орталық құрылған күнінен бастап еліміздегі маңызды өндірістік мәселелерді шешуге және Қазақстанның индустрияландыру картасы бойынша жүзеге асатын жобаларды іріктеу ісіне белсене араласып келеді. 

Қазіргі таңда Республикалық мемлекеттік қала құрылысын жоспарлау және кадастр орталығы елді мекендердегі инженерлік коммуникацияларды инвентаризациялау, қала құрылысының мәліметтер базасын оn-line режимге көшіру және қала құрылысының бірегей инфрақұрылымдық тұғырнамасын әзірлеу сынды маңызды стратегиялық жұмыстармен айналысуда. Осы ретте Орталықтың бас директоры Тұрлыбек Мұсабаев қала құрылысын цифрландыруда қолға алған жұмыстарды «Қала мен Дала» газетіне рет-ретімен баяндап берді.

 

– Тұрлыбек мырза, қала құрылысы саласын цифрландыру ісі еліміз үшін қаншалықты маңызды?

– Қазіргі таңда барлық сала цифрландыруға арқа сүйеп, дамып жатқаны белгілі. Экономика, құрылыс, тұрғын үй коммуналдық шаруашылығы, мәдениет, білім бәрі цифрланудың арқасында заман талабына сай дамуда.

Мемлекеттік аумақтық басқару саясатын жүргізуде халықтың өмір сүру сапасын арттырып, тұрғындардың қызметін дамытудың маңызы зор. Бұл аумақтық басқару саласындағы басты көрсеткіш десек болады.

Осы ретте аумақтардың даму көрсеткіштері, даму тенденциялары цифрлық дерек көздерінде анық көрініп, нысандардың кешенді орналасуын, аумақтар мен жергілікті жерлердің заманауи үйлесімділігі және аумақтардағы жоспарлы өзгерістер, инфрақұрылымдардың жағдайы тайға таңба басқандай анық көрінуі тиіс.

Бұл ретте маңызды дереккөзі ретінде цифрлы қала құрылысының кадастрын цифрландырудың маңызы зор.

Үкіметтің тапсырмасына сәйкес, біздің орталыққа жалпымемлекеттік деңгейде қала құрылысы жобаларын біртұтас қисынды жүйесін қалыптастыруды тапсырған болатын. Осы ретте орталық Қазақстан Республикасы аумағының Бас схемасын дайындап, жоба аясында аумақтық кестенің аймақаралық дамудың макроаймақтық және агломерациялық жобасын әзірледі.

Біздің бұл жобаларымыз әлемдік іс-тәжірибеге сәйкес, Үкімет пен жергілікті әкімдіктер бекітті. Осы жобаларға сүйеніп, аймақтардағы дамудың тиімді жоспарларын құруға болады.

Бүгінде территорияларды ұйымдастырудың Басты схемасы еліміздің қала құрылысы саясатының бағыттарын айқындап отыр. Басты схема еліміздегі аймақтардың кешенді және тең дәрежеде дамуын қамтамасыз етіп, экономикалық дамудың орталығы мен урбанизацияға қолайлы ортаны айқындайды.

Басты схеманы талдап көрсетсек, макроаймақтық (Орталық, Оңтүстік, Батыс) дамуда өңіраралық кооперацияны дамыту, облыстардың өзара экономикалық мүмкіндіктерін бағалауға болады. Сонымен қатар экономиканы дамытуға қажетті ресурстық және инфрақұрылымдық мүмкіндіктерін саралап, оны тиімді пайдалануға жол ашады.

Бас схемада Қазақстан аумағын ұзақ мерзімді аумақтық дамыту мен ұтымды ұйымдастыру кіреді. Ел аумағын ұйымдастырудың бас схемасы халықты қоныстандыру және өндірістік күштерді орналастыру жүйесін мемлекеттік реттеуді қамтамасыз етеді.

Мемлекеттік қала құрылысы кадастрында әкімшілік аумақтар, қала құрылысы қызметінің нысандары туралы мәліметтер, инфрақұрылым нысандары, инженерлік желілер мен коммуникациялар туралы мәлімет жинақталады.

Орталық Алматы, Шымкент және Ақтөбе қаласының агломерациялық схемасын дайындағанда әлемдік іс-тәжірибеге сүйеніп («Үлкен Париж» жобасы басшылыққа алынды), жергілікті жердің өзіндік ерекшеліктеріне баса мән бердік. Айталық, Алматы мен Шымкент агломерациясын дайындағанымызда қос қалаға сүйеніп, оның айналасында индустриалды дамуға негіз болатын қуатты елді мекендер құру керек екенін атап көрсеттік. Өйткені қос қалаға өзге өңірлерден келушілердің саны өте көп. Оларды осы бағыттағы жұмыстарды дамытуға бағыттаған маңызды.

Ал Ақтөбе қаласының агломерациясын әзірлегенде қаланың аймақаралық орнына, экономиканы әртараптандыруға және транзиттік әлеуетіне барынша көңіл бөлінді.

– Қазіргі таңдағы еліміздегі мемлекеттік қала құрылысы кадастры жайында айтсаңыз? Қолға алған жұмыстарыңыз бойынша қандай нәтижеге қол жеткіздіңіздер?

– Бірінші кезекте Қазақстан Республикасының мемлекеттік қала құрылысы кадастры жүйесі Ақпараттық жүйесін автоматтандырғанымызды мақтанышпен айта аламын. Осылайша, еліміз бойынша 32 мың республикалық маңызы бар нысандар Ақпараттық жүйеге енгізілді. Бұдан басқа, осы жұмыстарды үйлестіретін құқықтық және техникалық әлеует қалыптасқанын атап айтуға болады.

Бүгінде салалық министрліктің сайтында қала құрылысына ұдайы өзгерістер енгізіп отырамыз. Бұл халық пен кәсіпкерлер үшін аса қажет дүние.

Қазіргі таңда біздің электронды қорымыз «Мекенжай регистр» ақпараттық жүйесіне, «Жылжымайтын мүлік регистріне», Мемлекеттік жер кадастры автоматтандырылған ақпараттық жүйесіне, «Жеке тұлғалар» мен «Заңды тұлғалар» мемлекеттік мәліметтер қорына, Ведомствоаралық кешенді сараптаудың біртұтас ақпараттық жүйесіне қосылған.

Орталық аймақтардағы қала құрылысы кадастрын инвентаризациялау және жердің беті мен астындағы инженерлік коммуникациясының мәліметтер қорын құрып үлгерді. Мұның өзін үлкен нәтиже деп бағаласа болады.

– Кез келген адам цифрландыруға арқа сүйеп, өзіне қажетті ақпаратқа тез қол жеткізетінін білеміз. Осы ретте халық кадастрлық мәліметтерге қалай қол жеткізетінін айта кетсеңіз?

– Бүгінде біздің ақпараттық базамыз арқылы тек қана қарапайым халық емес, сонымен қатар кәсіпкерлер, мемлекеттік органдар инженерлік инфрақұрылым жайында кең көлемді ақпарат алып, оған қалай қосылуға болатынын біле алады.

Біздің орталықтың еліміз бойынша 10 филиалы жұмыс істейді. Осы ретте орталық қызметкерлері кадастрлық мәліметтерге қатысты халыққа 22 мың қызмет көрсеткенін мақтанышпен айтар едім.

Жалпы, кадастрлық мәліметтер қоры құрылыс және архитектура салаларында ашық шешім қабылдауға айрықша ықпал етеді. Бұдан басқа, бизнес үрдістерді автоматтандырып, құрылыс пен жоспарлауға қатысты рұқсат қағаздарды жеделдетіп алуға әсер ететінін айта кетуіміз керек.

– 2020-2025 жылдарға арналған «Нұрлы жер» тұрғын-үй бағдарламасы аясында өзіңіз басқарып отырған кәсіпорынды қандай жұмыстар күтіп тұр?

– Бес жылға жоспарланған «Нұрлы жер» тұрғын-үй бағдарламасы Республикалық мемлекеттік қала құрылысын жоспарлау және кадастр орталығының жұмысын жаңа сапада көрінуіне септігін тигізетініне сенімдімін.

Бұдан басқа, біздер Түркістан облысының құрылып, Шымкент қаласында республикалық қала статусының берілуіне байланысты Оңтүстік өңіраралық схемасына бірқатар өзгерістер енгізіп жатырмыз. Бұдан басқа, 2018 жылдан бастап елді мекендердегі жердің үстіңгі және астыңғы қабатында жатқан инженерлік инфрақұрылымдардың инвентаризациясын дайындап, электронды картасын әзірлеудеміз.

Қазіргі таңда қала құрылысы кадастрына аудан, облыс, республикалық деңгейдегі 253 мың нысан бойынша мәліметтер енгізілді. Осылайша, цифрлық мәліметтер қоры 15 пайыздан 47 пайызға дейін ұлғайғанын атап айтуға болады. Бұдан басқа, еліміздегі 172 елді мекенде орналасқан 235 нысанға «Нұрлы жер» мемлекеттік бағдарламасының аясында инвентаризация жүргізуді жоспарлап отырмыз.

– Мұндай ауқымды жұмыстарды жүргізгенде сіздер өзге де компаниялардың қызметіне жүгінесіздер ме?

– Жоқ. Елді мекендердегі инженерлік инфрақұрылымдарға инвентаризация жасап, қала құрылысы кадастрын дайындау жұмыстарын жергілікті жердегі әкімдіктермен бірлесіп жүзеге асырамыз. Бұл іске ешқандай компанияны араластырмаймыз.

Біздің орталық жоғары технологиялық және заманауи құрал-жабдықтармен және пилотсыз ұшатын құрылғылармен, GPS қабылдағыш құрылғылармен толықтай жабдықталған.

– Қалай ойлайсыз, тұрғын үй құрылысы мен әлеуметтік нысандардың елімізде көптеп салынуы, қала мен өндірістің инфрақұрылымдардың дамуы қала құрылысы кадастрын цифрландыру ісін қаншалықты жеделдетеді?

– Бұл бағыттағы жұмыстарды қысқа уақытта шешу үшін біздер «цифрлы инвентаризациялау» ісін үш бағытта жүргізуді жоспарлап отырмыз.

Бірінші, инвентаризациялау жұмысын трансформациялап, қатысушылардың жұмысын бір жерден үйлестірмекшіміз.

Екіншіден, өзіміздің қорымызды мемлекеттік органдардың ақпараттық жүйелермен байланысын нығайтып, Біртұтас инфрақұрылымдық тұғырнама дайындамақ жоспарымыз бар.

Үшіншіден, жергілікті жерлерде мемлекеттік қызмет көрсетуде on-line жүйесінің өзектілігін арттыратын боламыз.

Осы ойға алған жұмыстар қолға алынған кезде біртұтас тұғырнама инженерлік инфрақұрылымдарға мониторинг жүргізіп, аппаттық жағдайлардың алдын алуға және салықтық түсімдердің көлемін 14 пайызға дейін ұлғайтуға мүмкіндік береді. Сонымен қатар инженерлік инфрақұрылымдарды күтіп, ұстауға жұмсалатын шығындарды 15 пайызға дейін төмендетуге мүмкіндік береді.

– Әңгімеңізге рақмет!  

Ұсынылған
Соңғы жаңалықтар