“Өзбекстанда 13%, бізде 16%”. Яндекс.Такси комиссиясын өзгерту бойынша келіссөздер жүргізіліп жатыр

Көркем Алдабергенова 17 нау. 2025 13:36 332

Бәсекелестікті қорғау және дамыту агенттігі (БҚДА) төрағасының орынбасары Болат Самбетов мемлекеттік орган өкілдері Яндекс.Такси қызметінің әр сапардан ұстайтын комиссия мөлшерін өзгерту бойынша келіссөздер жүргізіп жатқанын мәлімдеді, деп хабарлайды Dalanews.kz.

Қазақстанның бәсекелестік мәселелері жөніндегі заңнамасына түзетулерді талқылау барысында Мәжіліс депутаты Нұртай Сабильянов Яндекс.Такси-ге қатысты қандай шаралар қабылданатынын сұрады.

Самбетов бұған дейін агенттік компанияның алгоритмдік баға белгілеу аудитін аяқтап, оның нәтижелерін зерттеуге кіріскенін еске салды.

“Осы нәтижелерге сүйене отырып, нақты шаралар қабылдауды жоспарлап отырмыз. Мәжілісте соңғы рет болғанымызда, шекті баға енгізу мүмкіндігі де талқыланған. Қазіргі уақытта Яндекс әр сапардан шамамен 16% комиссия ұстайды, оған қоса 4% таксопарктерге тиесілі. Бұл Астана мен Алматыда шамамен 16%. Басқа қалаларда, әрине, төмендеу. Біз әлемдік тәжірибені зерттеп жатырмыз – әр елде әртүрлі, кейбірінде 30%-ға дейін жетеді. Ал Өзбекстанда, мысалы, төмен. Қазір осы мәселені көтеріп отырмыз. Яндекс өкілдеріне: “Өзбекстанда 13% ұстайсыздар, ал Қазақстанда неге 16%?” деген сұрақ қойдық. Бұл сұрақтар бойынша келіссөздер жүргізіп жатырмыз”, – деді БҚДА төрағасының орынбасары.

Депутат Сабильянов БҚДА-дан Яндекс.Такси-ге қатысты ұсыныстар дайындап, оларды парламенттің жұмыс тобына енгізуді талап етті.


Ұсынылған
Соңғы жаңалықтар