Динара Сәтжан: Тұтынушылық несие — қаржылай тұзақ

Қаракөз Амантай 17 нау. 2025 13:42 535

Белгілі тележүргізуші әрі кәсіпкер Динара Сәтжан қазақстандықтардың несиеге деген тәуелділігі мен қаржылай сауатсыздығына алаңдаушылық білдірді. Ол тұтынушылық несиелердің адамдарды қарызға батырып, халықтың қаржылай еркіндігін шектеп жатқанын атап өтті, деп хабарлайды Dalanews.kz.

“Менің киім дүкенімде бөліп төлеу қарастырылмаған. Иә, бұл клиенттер үшін ыңғайлы болуы мүмкін, бірақ мен адамдарды қарызға кіргізіп, қаржылай қиындыққа ұшыратқым келмейді. Бір кешке киетін көйлек сатып алып, оны жарты жыл бойы төлеу – ақылға қонымсыз дүние. Оның үстіне, көптеген адамда несиеге алынған телефон, теледидар, жиһаз және ипотека бар”, – дейді кәсіпкер.

Динара Сәтжанның айтуынша, қазақстандықтардың басым бөлігі жалақы алған бойда несиесін төлеуге асығады. Ал қаражат жетпей қалса, тағы да қарыз алуға мәжбүр болады. Бұл олардың қаржылай жағдайын одан әрі қиындатып, қарызға белшесінен батуға алып келеді.

“Ақша жетпей жатса, адамдар микроқаржы ұйымдарына жүгінеді. Ал онда пайыздық мөлшерлеме өте жоғары. Бірақ көпшілік мұны байқамайды, өйткені олар қарызға алынған заттардың уақытша беретін жайлылығына алданып қалады. Қолыңызда соңғы үлгідегі телефон, әдемі жиһаз болғанымен, сол заттардың бағасынан бірнеше есе артық қарыз төлеуге тура келеді. Бір несиені жабу үшін жаңасын алады, кейін отбасы мүшелері көмектесе бастайды. Осылайша, бір жылдың ішінде қарыздың жалпы мөлшері 150%-дан асып кетуі мүмкін”, – деп түсіндірді ол.

Кәсіпкер қазіргі таңда әрбір қазақстандықтың орта есеппен 5 несиесі бар екенін айтады. Ал банктер мен микроқаржы ұйымдары тәуекелге бармайды, себебі борышкерлердің кем дегенде 70%-ы несиені міндетті түрде өтейді. Қалған қарыз алушыларға жеке сот орындаушылары шара қолданады.

“Нәтижесінде борышкерлер үшін шетелге шығуға шектеу қойылады, банктік шоттары бұғатталады, мүліктеріне тыйым салынады. Ал егер адам жұмыстан айырылса ше? Қарызды қалай қайтарады?” – деп мәселенің маңыздылығын атап өтті Динара Сәтжан.

Ол қазақстандықтарды қаржы сауатын арттыруға шақырып, несиені ойланбай алудың салдарын ескертуге тырысты.

“Біз қаржылай сауатсызбыз – бұл ақиқат. Ақша жинамаймыз, бірақ несие алуға келгенде белсендіміз. Банктер мен микроқаржы ұйымдарына сіздің жеке сәйкестендіру нөміріңіз ғана керек. Бұрын несие алу үшін миллион құжат қажет болса, қазір бәрі жеңілдетілген. Соның кесірінен қарызға белшесінен батқан ата-аналар балаларының онлайн-кредиттерін төлеп жатыр”, – деді ол.

Кәсіпкердің айтуынша, өткен жылы Қазақстанда 36 миллион тұтынушылық несие берілген.

“Кредит алар алдында мұқият ойланыңыз. Ол сіздің денсаулығыңыз бен жүйкеңізге тұрарлық па? Барлық “пайда” мен “зиянды” таразылап, болашақта қаржылай қиындыққа тап болмау үшін жаңа қарыз алуды тоқтатыңыз”, – деп қорытындылады Динара Сәтжан.

Статистика не дейді?

Ресми мәліметтер де елімізде тұтынушылық несиелердің қарқынды өсіп жатқанын көрсетеді. FCBK Media Day 2025 шарасында жарияланған Бірінші несие бюросының деректеріне сүйенсек, 2024 жылы 6,2 миллион қазақстандық жалпы сомасы 10,6 триллион теңгеге 36,9 миллион тұтынушылық кепілсіз несие алған. Орташа есеппен бір несие сомасы – 287 мың теңге.

2024 жылы 1 қаңтардағы жағдай бойынша, елімізде 8,2 миллион адам кепілсіз тұтынушылық несие төлеуде. Олардың жалпы қарызы 11,7 триллион теңгені құрайды, бұл бір жыл бұрынғы көрсеткіштен 22,9%-ға көп. Ал бір келісімшарт бойынша орташа қарыз мөлшері 371,8 мың теңгеге жеткен.

Бұл сандар халықтың қаржылық жүктемесі артып келе жатқанын көрсетеді. Сондықтан мамандар мен сарапшылар азаматтарды несие рәсімдемес бұрын қаржылай жағдайын мұқият бағалауға шақырады.


Ұсынылған
Соңғы жаңалықтар