"Кім барады?". Журналист шалғайдағы театрлардың мәселесін көтерді

Көркем Алдабергенова 17 нау. 2025 15:11 199

Белгілі жазушы-журналист Мұхтар Түменбай президенттің Ұлттық құрылтайда шет өңірлердегі театрларға қатысты айтқан ойына пікір білдірді, деп хабарлайды Dalanews.kz.
 
"Ұлттық Құрылтайда Президент шет өңірлердегі театрларға көңіл бөлу қажет дегенді айтып қалды. Жақсы ұсыныс, әрине. Бірақ, шындықтың бетіне тура қарайық, бұл, өкінішке орай, әзірге жүзеге аспайтын дүние. Біріншіден бюджетте бұрын-соңды болмаған дефицит. Мәдени ғимараттар тұрмақ, тұрғын үй, мектеп пен аурухана құрылысына қаражат тапшы. Сондықтан мұндай ұсыныстарды мерзімі ұзақ жоспар деп бағалаған жөн", дейді Мұхтар Түменбай Facebook-парақшасында.
 
Екіншіден шалғай аймақтар түгілі, облыс орталығы деген статусы бар Түркістанға әртістер мен режиссерларды келтіре алмай отырғанда, мәселен, Рудный мен Лисаковскіге, Түлкібас пен Аралға кім барады?
"Тек жергілікті кадрларды дайындауға болады демеңіздер. Кәсіби білімі бар артістер мен режиссерсіз жөні түзу театр құрылмайды. Ал Алматы мен Астана институттарында оқып, үлкен қалалардың ауасы мен аурасын бойына сіңіріп, кәсіби театр, кино, сериал, жарнама, дыбыстау индустриясының тек сонда ғана дамығанын біліп, сезіп үлгерген жас әртістер шалғай жерге өлсе бармайды. Сондықтан, құмнан қамал салмай, шамалы жерге түсейік. Әзірге жер-жерге Астана мен Алматыдан, облыстық театрлардан гастрольдік труппаларды жіберіп тұру дәстүрін жандандырған анағұрлым тиімді ма деймін. Ол, бір жағынан шалғайдағы театр репертуарының әркелкілігін қамтамасыз етеді. Қойылымдар сапасын арттырады. Бірде Әуезов театры келсе, келесіде Қуанышбаев театры өнер көрсетеді. Одан соң Абай атындағы опера театры барсын. Екінші жағынан бұл ауылдық, аудандық жерде тұратын халықтың талғамын өсіреді, театр өнеріне деген қызығушылығын арттырады. Несі жаман?", дейді журналист. 
 
Бұл жазбаға қатысты президент көмекшісі, Мемлекеттік кеңесші Ерлан Қарин пікір білдірген. 
 
"Санын ұлғайту керек деп айтылмады, керісінше өңірлердегі бар театрларға көңіл бөлу қажет деді. Кейбір театр ғимараттарына жөндеу қажет. Ертең гастрольдарды да ұйымдастыру үшін де ең алдымен қолайлы жағдай жасау керек қой. Және ең бастысы, көрермендердің қызығушылығының артуын ескере отырып, бизнеске де осы салаға назар аударуға үндеу салынды", деп түсіндірді Қарин. 
 
Еске салайық, президент IV Ұлттық құрылтайда театр мәселесін көтерген болатын. 

"Тәуелсіздік жылдарында мәдениет саласында көп жұмыс атқарылды. Классикалық және заманауи музыкаға арналған сәулетті ғимараттар салынды. Көптеген театр ашылды.Қазақстанда театр өнеріне қызығушылық артып келеді. Зал көрерменге толы, қойылымдардың премьерасына билеттер екі-үш апта бұрын сатылып кетеді. Сахна өнеріне құштар жандардың арасында жастардың көп болуы көңілге ерекше қуаныш ұялатады.

Қазір Қазақстанда 46 аймақтық театр бар. Алайда оның көпшілігінің жай-күйі мәз емес. Мысалы, Семейде бір ғимаратта үш бірдей театр сығылысып отыр. Әсіресе, аймақтарда театрларды дамытуға баса назар аудару керек. Халқымыздың мәдени әралуандығын сақтауға мүмкіндік беретін орыс және басқа да ұлттық театрларды қолдау маңызды.Елімізде өнердің бұл түрі де табыс әкелетінін дәлелдеп жүрген жеке театрлар аз емес. Сондықтан бизнес өкілдерін аймақтағы театрларға белсене қолдау көрсетуге шақырамын", деді Мемлекет басшысы. 


Ұсынылған
Соңғы жаңалықтар