Ербаян Мұхтардың қазіргі жағдайы белгілі болды

Сағыныш Сардарова 17 нау. 2025 15:58 661

Ербаян Мұхтардың қазіргі жағдайы белгілі болды. Бұл туралы Ербаян Мұхтар ісіндегі қорғаушы Инга Иманбай айтты, - деп хабарлайды Dalanews.kz.

Оның сөзінше, Ербаянның жағдайын өз көзімен көріп, алдағы емінің жалғасуын және қылмыстық істің тергеу барысын ата-анасымен талқылаған.

"Шүкір, жағдайы бірқалыпты. Соңғы рет оны Ыстамбұлға ұшар алдында көрген едім. Қазір әлдеқайда жақсы: салмақ қосып, беті толысып қалған. Бір айдан кейін емнің екінші кезеңі – реабилитация басталады. Ербаянға да, ата-анасына да сіздердің ыстық ықыластарыңыз бен қолдауларыңызды жеткіздім. Олар барша халыққа алғысын жаудырып жатыр.

Біз бірге қолдау көрсетіп, Ербаянның аяғына нық тұруына көмектесеміз! Ал қылмыстық іс бойынша Ербаянды осы күйге түсіргендер тиісті жазасын алғанша күресті тоқтатпаймыз. Әділеттік үшін біргеміз!" - деп жазды заңгер.

Айта кетейік, Ербаян Мұхтар 2024 жылы желтоқсанда ауруханаға түсті. Ұлттық ұланның әскери бөліміндегілер ата-анасына оның әжетханада құлап, басын соққанын айтқан. Алайда олар бұл нұсқаға сенбей, Ербаян соққыға жығылғанын дәлелдеуге тырысты.

Қазақстандықтар жас сарбаздың еміне 230 миллион теңге көлемінде қаражат жинады. Қазір Ербаян Мұхтар Астанада, ол Түркияда емнің алғашқы кезеңін аяқтады.

Жуырда бас әскери прокурордың бірінші орынбасары Мақсат Қазиев тергеу қалай жүріп жатқанын айтты. Прокуратура өкілі нақты күдіктілер жоқ екенін де жеткізді.


Ұсынылған
Соңғы жаңалықтар