БҚДА еліміздегі екі мұнай өңдеу зауытын жекешелендіру ықтималдылығына қатысты пікір білдірді

Кәмшат Тілеухан 17 нау. 2025 14:14 245

Бәсекелестікті қорғау және дамыту агенттігі төрағасының бірінші орынбасары Рустам Ахметов 2025 жылғы 17 наурызда Мәжіліс дәлізінде журналистерген сұқбатында АМӨЗ мен ПМӨЗ-ді жекешелендіру туралы ұсынысқа қатысты түсініктеме берді, деп хабарлайды Dalanews.kz.

Ол БҚДА тарапынан Атырау және Павлодар МӨЗ-дерін жекешелендіру бойынша ұсыныс болғанын растады.

"Үкіметте алдын ала талқылау болды және аталған активтердегі 50% мемлекеттің қатысу үлесін жекеге беру туралы ұсыныс алдын ала келісілді. Біз мұны үлгі боларлық Шымкенттегі МӨЗ-дің табысты жұмысынан көріп отырмыз, ондағы үлестің 50%-ы жеке меншікке тиесілі. Ең бастысы, басқарудың жеке нысаны қалыптасқан, яғни мемлекет тарапынан лауазымды тұлғалардың қатысы жоқ. Нәтижесінде - апаттар, технологиялық ақаулар бірнеше есе азайып, сәйкесінше жөндеу жұмыстарының көлемі де төмендеген. Бұл жеке сектор тарапынан әлдеқайда тиімді басқару болатынын растайды", - деді Рустам Ахметов.

Сондай-ақ, ол отын-энергетика кешені саласында коммуналдық меншік нысандарының басым бөлігін ТКШ саласында жекешелендіру ұсынылып отырғанын атап өтті.

"Алайда, біз оларды жекешелендірудің үшінші кезеңіне жатқызуды ұсынамыз. Онда да осы салалардағы реттеуші базаны өзгертуге және ынталандырушы тариф құруға ықпал ететін барлық мемлекеттік бағдарламаларды іске асырғаннан кейін. Нарық жекешелендірілген объектілердің табысты жұмысына дайын болғанда, біз мемлекеттің үлесі бар осы күрделі сегментті де жекешелендіруге кірісеміз. Бірінші кезеңде біз компаниялардың жоғары табыстылығы және жеке бизнестің айтарлықтай үлесі байқалатын, коммерциялық тұрғыдан қалыптасқан активтерді жекешелендіруді ұсындық. Бұл - ТКШ, абаттандыру және басқа да қызмет түрлері", - деп сөзін толықтырды Рустам Ахметов.

Бұған дейін сайтымызда "Атырау және Павлодар МӨЗ-деріндегі үлесті жеке инвесторларға ұсынып көреміз - БҚДА төрағасы" деген материал жарияланған болатын.


Ұсынылған
Соңғы жаңалықтар