Атырауда Қарабалиндер әулетінің өліміне қатысты резонансты қылмыстық іс бойынша сот отырысы басталды. Іс бойынша Сұлтан Сәрсемәлиев айыпталушы ретінде жауапқа тартылып жатыр, деп хабарлайды dalanews.kz.
Тергеу дерегінше, Сәрсемәлиев қайын жұртының қазасына қатысы барын мойындаған.
Аталған істі тергеген Атырау облысы Полиция департаменті тергеу басқармасының аса маңызды істер жөніндегі аға тергеушісі Темірхан Қажымұратов сотта күдіктінің ізі қалай анықталғанын айтып берді.
Оның сөзінше, тергеу барысында 40-тан астам адамнан жауап алынған. Олардың қатарында марқұмдардың туыстары, көршілері және оқиғаға қатысты мәлімет беруі мүмкін өзге де азаматтар болған.
Тергеуші бастапқыда ерлі-зайыпты із-түссіз жоғалғандар ретінде тіркелгенін айтты. Осыдан кейін полиция олардың банк есепшоттарын тексеріп, қаражат қозғалысын анықтауға кіріскен.
"Алдымен есепшоттар тексерілді. Ақша түсті ме, қай жерде жұмсалды – бәрі қаралды. Сол кезде күдікті Сәрсемәлиевтің шотына ақша аударып жүргені белгілі болды. Кейін ауылға апарып-әкелген такси жүргізушісі анықталды. Ол қараша айында ерлі-зайыпты мен баласын жеткізген. Қайтар жолда оның жанында Мейрамгүл Мұқанғалиева да болған", – деді Темірхан Қажымұратов.
Қазіргі уақытта сотта қылмыстық істің барлық мән-жайы қаралып жатыр. Тергеу тарапы бұл істі аса ауыр қылмыс ретінде бағалап отыр. Айыпталушыға қатысты соңғы шешімді сот шығарады.