Алматыда дәрігерлер тоғызыншы қабаттан құлап, ауыр жарақат алған 17 жастағы қыздың өмірін сақтап қалды. Науқастың өмірі үшін мамандар екі айға жуық күрескен, деп хабарлайды dalanews.kz.
Алматы қалалық Қоғамдық денсаулық сақтау басқармасы мәліметінше, қыз ауруханаға өте ауыр жағдайда жеткізілген.
Мамандардың айтуынша, өмірге ең үлкен қауіп диафрагма жыртылуынан туындаған. Соның салдарынан асқазан, көкбауыр және ішектің бір бөлігі кеуде қуысына ығысқан. Бұл шұғыл ота жасауды қажет еткен.
Хирургтар дереу күрделі ота жасап, ағзаларды қайтадан құрсақ қуысына орналастырған. Сондай-ақ, диафрагмадағы жыртылған жерді тігіп, көкбауырды алып тастап, плевра қуысына дренаж орнатқан.
Науқастың жағдайы тұрақтанған соң дәрігерлер сынған сүйектерді қалпына келтіруге кіріскен.
Орталық қалалық клиникалық аурухананың травматологы Дәулет Шүкмановтың айтуынша, қызға жалпы төрт ота жасалған. Оның үшеуі травматологиялық бағытта өткен.
Оталардан кейін қыз 12 тәулік жансақтау бөлімінде жатқан. Ауруханада ем алу мерзімі 58 күнге созылған. Қазір қыз ауруханадан шығарылып, оңалту курсынан өтіп жатыр.