Жетісу облысында «Шаңырақ күні» аясында 60 отбасы жаңа пәтерлі болды

Ақтоты Жапатова 17 нау. 2025 15:40 204

Бүгін Наурыз мерекесін атап өту аясындағы Шаңырақ күніне орай әлеуметтік жағынан осал топтағы азаматтарға, жетім балаларға, көпбалалы отбасыларға облыс орталығында жаңа 60 пәтер берілді. Талдықорғандықтарға пәтер кілттерін облыс әкімі Бейбіт Исабаев тапсырды,- деп хабарлайды Dalanews.kz Жетісу облысы әкімінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

Жалпы  «Самұрық Қазына» Ұлттық әл-ауқат қоры» АҚ қаржысына тұрғызылған бес қабатты тұрғын үйдің құрылысы өткен жылдың наурыз айында басталған болатын. Бүгін пайдалануға берілген үйдің 15-і - бір бөлмелі, 15-і – екі бөлмелі, 30-ы – үш бөлмелі пәтерлер.

Өңір басшысы «Бірлік» шағын ауданындағы жаңа қоныс иелерін қуаныштарымен құттықтап, Талдықорған қаласына жасалып отырған қолдаулар шараларына, соның ішінде тұрғын үй құрылысын жандандыруға қатысты жұмыстарға қысқаша тоқталды.

- Бүгін заманауи үлгіде салынған, әдемі, жайлы үй өздеріңіз сияқты біршама жылдан бері кезекте тұрған азаматтарға беріліп отыр. Жалпы облыс көлемінде  «Самұрық Қазына» қоры бізге Талдықорған қаласында, сол сияқты Панфилов және Кербұлақ аудандарында тұрғын үйлер салып береді. Бүгін сол үйлердің алғашқы легі өздеріңізге ұсынылып отыр. Өткен жылы тұрғын үй берудің барлық бағыты бойынша Талдықорған қаласының өзінде 1283 отбасы баспаналы болса, биылғы жылы 1 500-ге жуық отбасыға баспана кілттері табысталатын болады. Бұл ретте жыл басынан бүгінгіні қоса алғанда 188 отбасы үйлі болып отыр, - деп атап өткен Б. Исабаев алдағы жоспарлар жайын тілге тиек етіп, жаңа пәтер иелеріне ізгі тілегін білдірді.

Мүгедек бала асырап отырған ана Гүләйім Абилхамиева да - жаңа қонысқа ие болғандардың бірі.

- Үш балам бар. Кемтар бала өсіріп отырғандықтан, баспананың жайлы болуы бірінші кезекте маңызды. Бұған дейін ұзақ жыл жер үй жалдап тұрдық, жайлы үй жалдауға мүмкіндігіміз болмады. Он үш жыл үй кезегінде тұрдық. Бүгін қолымызға жаңа пәтердің кілті тиді. Бәрінен де баламның күтіміне жайлы болатынын ойлап, ерекше қуанып тұрмын, - дейді ол қуанышын жасырмай.

Қоныс тойын атап өтіп жатқандардың ішінде көпбалалы отбасылар да бар.

- Өзім «Күміс алқа» иегерімін. Балаларым байлығым деп білемін. Бүгін Наурыз мерекесі қарсаңында мемлекеттен 3 бөлмелі жаңа пәтер беріліп отыр. Бүкіл әулетімізбен қуанып жатырмыз. Тұрғын үймен қамту ісінің басы-қасында жүрген азаматтарға алғысым шексіз. Барша қоныстой иелерін бүгінгі қуаныштарымен құттықтаймын, - деді Ақтоты Анкежанова.

Талдықорғандық жалғызбасты ана Надежда Сухомлинова да жаңа пәтерге қол жеткізгеніне риза:

- Үш баланың анасымын. Үлкенім қазір пәтерақы төлеміне, тұрмысымызға жәрдемдесу үшін басқа қалаға жұмысқа кеткен. Енді өз баспанамызға қол жеткіздік, бәріміз бір шаңырақ астында тұратын боламыз, - дейді ол.

Еске салсақ, «Шаңырақ күнінде» белгіленген іс-шаралар отбасы институтын нығайтуға, отбасы құндылықтарын насихаттауға бағытталуда. Осыған орай облыстың аудан-қалаларында елу жыл отасқан отбасылармен кездесулер, үлгілі шаңырақ иелерімен сыр-сұхбаттар, жас отбасылар байқаулары, неке қию рәсімі, жаңа туған жас нәрестелер мен олардың аналарын құттықтау, т.б. шаралар кеңінен өткізілуде.


Ұсынылған
Соңғы жаңалықтар