Саясаттанушы Тоқаевтың кезінде қандай саяси реформалар жүзеге асырылғанын айтты

Кәмшат Тілеухан 17 нау. 2025 16:38 228

Саясаттанушы Марат Шибұтов үш жыл бұрынғы Президенттің халық алдында жасаған Жолдауын еске алып, содан бері елімізде қандай саяси реформалар атқарылығанын айтты. Ол Қасым-Жомарт Тоқаевтың басшылығымен Қазақстан супер президенттіктен президенттік-парламенттік республика болып қалыптасуға қадам жасағанын нақтылайды,деп хабарлайды Dalanews.kz.

"Үш жыл өтіпті. 2022 жылы 16 наурызда Астанада Мәжіліс ғимаратында Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың Жолдауын тыңдап отырған едік. Ұлттық қоғамдық сенім кеңесінің мүшелері әкімдермен бірге балконда отырды, сондықтан төменге қарау мүмкін болмады, экранға көбірек үңілумен болдық. Айтпақшы, сол кезде болттарды бұрай бастайды деп ойлағанмын, ондай ойда болған жалғыз мен емес. Бірақ Тоқаев бәрін басқаша жасады. Сол кезіндегі сөзінде президент, керісінше, Қазақстан демократияландыру және либералдандыру жолымен жүретінін айтқан. Содан кейін референдумда мақұлданған конституциялық реформа жүзеге асты, одан соң мен де авторлардың бірі ретінде қатысқан конституциялық заңдарға қол қойылды", деп жазды Марат Шибұтов әлеуметтік желідегі парақшасында.

Осылай деген саясаттанушы соңғы үш жылдағы ең маңызды саяси реформаларды атады:

  1. Президент мәртебесі мен оның өкілеттік мерзімін өзгерту;
  2. Конституциялық сотты қалпына келтіру;
  3. Мәжіліс пен мәслихаттар сайлауы жүйесіне енгізілген өзгерістер;
  4. Сенаттың құрамы мен рөліндегі өзгерістер;
  5. Үш жаңа әкімшілік орталық құру, яғни үш облысты қайта қалпына келтіру;
  6. Аудандар мен облыстық маңызы бар қалалар әкімдерін тікелей сайлау;
  7. Онлайн петициялар институтын енгізу.

"Бұл өте маңызды қадамдар әрі ол супер президенттік республиканың президенттік-парламенттік болып қалыптасуы және билік тармақтары арасындағы қатынастардың теңгерімді болуы үшін қажет. Осылайша қазір 4 жыл бұрын мүлдем мүмкін емес нәрсеге кеңеліп отырған жайымыз бар", деп сөзін түйіндейді Шибұтов. 


Ұсынылған
Соңғы жаңалықтар