АҚШ-тың Канастота қаласында Халықаралық бокс даңқы залына (IBHOF) жаңа мүшелерді қабылдау рәсімі өтті. Биыл бұл мәртебеге алғаш рет қазақстандық боксшы Геннадий Головкин ие болды, деп хабарлайды dalanews.kz.
Геннадий Головкин даңқ залына алғашқы мүмкіндіктен-ақ қабылданды. Бұл - кәсіби бокстағы ең беделді марапаттардың бірі. Осылайша, оның есімі Мұхаммед Әли, Майк Тайсон, Флойд Мейвезер және Мэнни Пакьяо сынды аңыз спортшылармен қатар жазылды.
"Класс 2026" тізіміне Геннадий Головкинмен бірге америкалық Антонио Тарвер, ұлыбританиялық Найджел Бенн, жапониялық Наоко Фудзиока және мексикалық Джеки Нава енді.
Геннадий Головкин әуесқой бокста 350 жекпе-жек өткізіп, оның 345-інде жеңіске жеткен. Ол ұзақ уақыт бойы Қазақстан құрамасының көшбасшыларының бірі болды. Кәсіпқой рингте 45 жекпе-жек өткізіп, 42 рет жеңіске жетті. 37 қарсыласын нокаутпен ұтқан.