Балқаш қаласында зейнеткер өз қызынан алимент өндіру туралы талап арызбен сотқа жүгінген. Ол қызынан ай сайын 10 АЕК, яғни шамамен 43 мың теңге төлеуді сұраған. Ер адам бұл қаражат тұрмысқа және дәрі-дәрмекке қажет екенін айтқан, деп хабарлайды dalanews.kz.
Алайда сот барысында зейнеткер ай сайын 128 мың теңге көлемінде зейнетақы алатыны, екі қабатты үйі мен Mitsubishi Montero Sport көлігі бар екені анықталған. Сонымен қатар, оған ұлы материалдық көмек көрсетіп отырған.
Қызы талап арызбен келіспейтінін мәлімдеген. Оның айтуынша, өзі екі баланы жалғыз тәрбиелеп отыр, балалардың әкесінен алимент алмайды және сатушының көмекшісі болып жұмыс істейді. Айлығы - 85 мың теңге.
Істі қараған сот зейнеткер қиын жағдайда екенін дәлелдейтін жеткілікті негіз жоқ деген қорытындыға келген. Сондай-ақ, оған тұрақты ем-дом немесе күтім қажет екені де расталмаған.