Білімгерлер болашағы: Бурабайдағы батыл бастамалар

Ақтоты Жапатова 17 нау. 2025 14:18 222

Бурабайда өткен IV Ұлттық Құрылтайда Президент Қасым-Жомарт Тоқаев жастардың болашағы мен білім, ғылым саласын дамытуға қатысты бірқатар маңызды бастамаларды көтерді. Мемлекет басшысы жастардың кәсіби дамуын қамтамасыз ету, сұранысқа ие мамандықтарды меңгеруге жағдай жасау, сондай-ақ білім беру жүйесін заман талабына сай жаңарту қажеттігін атап өтті. Сондай-ақ, жастардың халықаралық деңгейдегі білім алуын қолдау үшін Қосшы қаласында жаңа колледж ашу мәселесін көтерді. Отандық сарапшылардың айтуынша, бұл  бастамалар жастардың әлеуетін арттырып, еліміздің болашағына зор ықпал етеді, деп хабарлайды Dalanews.kz

Президенттің сөзінше, 2019 жылдан бері 250-ден астам жаңа жатақхана салынды, бұл студенттер үшін орын тапшылығын 6 есе қысқартты. Жоғары оқу орындарында 624 мың студент білім алуда, ал 90 мыңнан астам азамат шетелде оқып жүр. Бұл біздің қоғамның ашықтығын және білімге деген ұмтылысын көрсетеді. Айта кетірлік, елде білім-ғылым саласына салынған инвестиция  5 есеге ұлғайған.

«Адамға салынған инвестиция – мемлекеттің ең сенімді әрі дұрыс салымы. Біз білім-ғылым, медицина, спорт, креативті индустрия салаларына қомақты қаржы бөлуді жалғастыра береміз. Азаматтардың өзін жан-жақты дамытуы үшін барлық жағдайды жасаймыз. Себебі қазіргі заманда жекелеген адамдардың табысты болып, бақуатты өмір сүруі нағыз қуатты мемлекеттің көрсеткіші саналады»,- деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

Мемлекет басшысы, сонымен қатар, Абай Құнанбайұлының 180 жылдығына орай Абай институтын құру туралы бастаманы қайта тілге тиек етті. Бес жыл бұрын айтылған бұл идея бүгінде цифрлық платформа форматында жүзеге асырылған. Енді осы жобаны толыққанды мәдени-ағарту мекемесіне айналдыру қажеттігіне назар аударды. Ұлттық құрылтайда білім-ғылым және жастар болашағы туралы айтылған бастамалар туралы сарапшылар пікір білдірді.

Тілеп Болат Әнапияұлы, Абай атындағы ҚазҰПУ Басқарма төрағасы-ректор, саяси ғылымдар кандидаты:

Ұлттық құрылтай – еліміздегі маңызды диалог алаңы. Халықтың үнін естуге, жаңа реформаларды енгізуге, ұлттық бірегейлікті сақтап оны нығайтуға және әлеуметтік мәселелерді реттеуге бағытталған дәстүрлі басқосу бұл жолы Бурабайда жалғасын тапты.  Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаевтың қатысуымен өткен Ұлттық құрылтайдың VI отырысында

Президенттің айтқан негізгі ойлары қоғамда кеңінен талқылануда. Бұл тұжырымдар еліміздің ғылыми ортасы мен жоғары оқу орындары үшін де аса маңызды деп білемін.

Абай атындағы Қазақ ұлттық педагогикалық университеті (Abai University) үшін Мемлекет басшысының Абай институттарын «Конфуций, Гёте, Сервантес институттары үлгісіндегі толыққанды мәдени-ағартушылық мекемелер желісіне айналдыру» туралы айтқан сөзі ерекше мәнге ие. Шын мәнінде, Абай институттары бүгінде Қазақстанның басты серіктес елдеріндегі мәдениет елшісіне айналуы тиіс. Бұл – тек әлем танитын ұлы ақынның және қазақ ойшылының 180 жылдығы қарсаңында оның мұрасын дәріптеу ғана емес, сондай-ақ ұлттық рухты кеңінен насихаттайтын маңызды идеологиялық бастама.

2011 жылдан бері халықаралық деңгейде Abai University шет мемлекеттегі серіктес жоғары оқу орындарының базасында 7 халықаралық Абай орталығын ашты. Бүгінде Түркия, Польша, Қытай, Вьетнам, Ресей және Өзбекстанда жұмыс істейтін бұл орталықтардың басты мақсаты – қазақ мәдениетін, қазақ тілін және ұлы ағартушы Абай Құнанбайұлының мұрасын насихаттау. Сонымен қатар, орталықтарда танымдық іс-шаралар, мәдени һәм ғылыми семинарлар, Қазақстанның тарихы мен мәдениеті бойынша сабақтар өткізіледі. Бұл орталықтар бюджеттен тыс қаражат есебінен және шетелдегі қазақстандық елшіліктердің (мысалы, Самарқанд мемлекеттік университетіндегі Абай орталығы – Қазақстанның Өзбекстандағы Елшілігінің қолдауымен) және отандық бизнес құрылымдарының демеушілігімен ашылды.      

Президенттің бастамасын толық қолдай отырып, біз Абай институттарының жаһандық желісі Қазақстанның халықаралық ғылым мен білім беру кеңістігіне енуіне, еліміздің имидждік саясатын дамытуға зор үлес қосады деп санаймыз. Сонымен қатар, бұл институттар қазақ халқының ұлттық бірегейлігінің негізін қалаушы – ана тіліміз қазақ тілі мен мәдени мұрасын насихаттаудың тиімді алаңына айналып келеді. Қазақ тіліне деген қызығушылық та артып келеді. Мәселен бүгінде әлем бойынша 16,741 миллион адам қазақ тілінде сөйлейді. Осылайша, Абай институттары қазақстандық мәдениеттің жаһандануына, білім және ғылым саласындағы халықаралық ықпалдастықтың күшеюіне, сондай-ақ дипломатиялық байланысты нығайтуға ықпал ететін маңызды құралға айналады деген сенім мол. Ал, Abai University, педагогикалық білім берудің жетекші ғылыми-әдістемелік орталығы ретінде, қазақстандық университеттер мен мәдени ұйымдардың халықаралық деңгейдегі күш-жігерін біріктіруге ұйытқы бола алады.

Бірлік пен ұлттық жаңғыруды мақсат тұтқан алқалы жиын Ұлттық құрылтайды Президент алдағы уақытта Сыр өңірі Қызылордада өткізу туралы шешім қабылдады.

Кеңесов Әкежан Бақытұлы, Жетісу ауданының №2 Комьюнити орталығының жетекшісі:

14 наурызда Бурабайда өткен IV Ұлттық Құрылтайда Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев жастарға ерекше тоқталып, олардың болашағына қатысты бірқатар маңызды бастамаларды көтерді. Бұл тақырып мен үшін, сондай-ақ еліміздің әрбір жасы үшін аса маңызды. Себебі жастар – тек елдің болашағы ғана емес, бүгінгі күннің белсенді қозғаушы күші. Мемлекеттің өркендеуі, оның саяси, экономикалық және әлеуметтік тұрақтылығы тікелей жастардың дамуына, олардың қоғамдағы орны мен мүмкіндіктеріне байланысты.

Білім мен тәжірибе – жастардың басты капиталы

Қазіргі таңда жастарға берілетін білімнің сапасы, оның қолжетімділігі және еңбек нарығымен үйлесімділігі аса өзекті мәселе. Президент өз сөзінде сапалы білім беру қажеттігін ерекше атап өтті. Расында, елімізде білім берудің түрлі бағдарламалары бар, алайда олардың барлығы бірдей еңбек нарығының талабына сай келе ме? Жастардың диплом алған соң жұмысқа тұруы неге қиын? Бұл сұрақтар біздің қоғамда жиі талқылануы тиіс. Себебі көптеген жас жоғары оқу орнын тәмамдағаннан кейін жұмыс табуда қиындықтарға тап болып жатады. Бірі тәжірибенің жоқтығынан, енді бірі нарықтағы бәсекенің жоғары болуынан өзіне лайық жұмыс таба алмайды. Осы ретте, Құрылтайда айтылған жастарға арналған тағылымдамалар мен тәжірибе жинақтау бағдарламаларын кеңейту идеясы өте орынды деп санаймын. Менің ойымша, оқу орындарында теориямен қатар практикалық білімге баса назар аудару керек. Сонымен қатар, студенттер үшін өндірістік тәжірибеден өту шарттарын жеңілдету және оларға нақты еңбек нарығындағы дағдыларды үйрету маңызды. Егер университеттер мен колледждер компаниялармен тығыз байланыс орнатып, студенттердің оқу барысында тәжірибе жинақтауына мүмкіндік жасаса, жас мамандардың жұмысқа орналасу көрсеткіші әлдеқайда жоғары болар еді.

Кәсіпкерлік пен жастарды қолдау

Президент өз сөзінде жастар кәсіпкерлігін дамытуға ерекше тоқталды. Бұл өте маңызды мәселе. Себебі бүгінде көптеген жас кәсіпкер болуды қаласа да, алғашқы капиталдың жоқтығы, бизнесті жүргізу тәжірибесінің аздығы олардың жолындағы үлкен кедергі болып отыр. Мемлекеттік бағдарламалар бар, бірақ олардың кейбірі тым күрделі, кейбірі нақты жастардың қажеттілігіне сай келмейді. Менің ойымша, жас кәсіпкерлерге арналған оқыту бағдарламалары мен қаржылық қолдауларды одан әрі жетілдіру керек. Бұл бағытта әр аймақта кәсіпкерлікті дамытуға арналған орталықтар ашылып, жастарға бизнесті жүргізудің нақты қадамдарын үйретсе, олардың стартап бастау мүмкіндігі әлдеқайда жоғары болар еді. Сондай-ақ, жаңа бизнес идеяларға берілетін гранттар жүйесін барынша ашық әрі қолжетімді етіп жасау өте маңызды.

Волонтерлік пен азаматтық белсенділік – жаңа белеске шығуы тиіс

Құрылтайда қозғалған тағы бір маңызды тақырып – волонтерлік және азаматтық белсенділік. Қазір жастар арасында волонтерлік қызметтің маңызы артып келеді. Бірақ, өкінішке қарай, бұл көбінесе уақытша науқан ретінде қабылданады. Шын мәнінде, волонтерлік – тек біреуге көмектесу ғана емес, өзіңді дамыту, жаңа орта табу, қоғамға пайдалы болу деген сөз. Осы тұрғыдан алғанда, еліміздегі волонтерлік қозғалысты жүйелі түрде дамыту қажет.

Мысалы, жастардың волонтерлік қызметін еңбек өтілі ретінде есептеу, оларға арнайы жеңілдіктер қарастыру секілді бастамалар қоғамда волонтерлік мәдениетті нығайтуға ықпал етер еді. Біз, жастармен жұмыс істейтін мекеме ретінде, бұл бағытта белсенділік танытуға дайынбыз.

Жастарға жаңа мүмкіндіктер ашу – басты міндет

Жалпы, IV Ұлттық Құрылтайда көтерілген жастар саясатына қатысты мәселелердің барлығы өте өзекті. Бірақ ең бастысы – осы айтылған бастамалардың қағаз жүзінде қалып қоймауы. Мемлекет жастарға жол ашуға дайын, алайда жастар да бұл мүмкіндікті пайдаланып, өздерінің болашағы үшін аянбай еңбек етуі керек.

Мен жастармен тікелей жұмыс істейтін адам ретінде, олардың жаңа мүмкіндіктерге мұқтаж екенін жақсы білемін. Сондықтан жастар саясатын дамытуға бағытталған кез келген бастаманы қолдаймын және бұл бағытта нақты қадамдар жасалуы керек деп есептеймін. Егер жастарға сапалы білім, қолжетімді жұмыс орындары, кәсіп бастауға жағдай жасалса, елдің болашағы жарқын болары сөзсіз. Бұл – біздің ортақ мақсатымыз!

Жастар – елдің қозғаушы күші, жаңашылдық пен дамудың басты драйвері. Біздің міндетіміз – оларға сенім артып қана қоймай, нақты мүмкіндіктер жасап, өз әлеуетін толық іске асыруға жағдай туғызу. Әрбір жас азамат өз болашағын Қазақстанмен байланыстырып, осында дамып, еліміздің өркендеуіне үлес қосуы үшін біз барлық күш-жігерімізді салуымыз керек.

Бүгінгі бастамалар – ертеңгі мықты Қазақстанның кепілі. Біз біргеміз, бізге сенім артылған, енді осы сенімді ақтап, жарқын болашаққа бірге қадам басайық!

Жанна Жомарт


Ұсынылған
Соңғы жаңалықтар