«Қазақстан жеңіліп жатыр». «Дала Қырандары» қозғалысы қалалардың қорқынышты статистикасы аясында ашық жаттығу өткізді

«Қазақстан жеңіліп жатыр». «Дала Қырандары» қозғалысы қалалардың қорқынышты статистикасы аясында ашық жаттығу өткізді

Зерттелген 29 қазақстандық қаланың тек екеуінде ғана заманауи спорт алаңдарының саны алкомаркеттерден көп болып шықты, деп хабарлайды dalanews.kz.

16 мамыр күні «Дала Қырандары» қоғамдық қозғалысы осындай мәліметтерді жариялады. Мәселеге қоғам назарын аудару үшін белсенділер дәстүрлі пресс-конференция форматынан бас тартып, журналистер мен жергілікті тұрғындарды тікелей ауланың спорт алаңында ашық жаттығуға жинады.

Мәлім болғандай, бұл сандар — «Дала Қырандары» мүшелерінің #суррогат және #жаттығу іс-шаралары аясында жергілікті жерлерді тікелей аралап, жүргізген ауқымды жұмысының нәтижесі. Белсенділер еліміздің 29 қаласындағы ішімдік сауда нүктелері мен бұқаралық спорт орындарын есептеп шыққан. Кейбір аймақтардағы алшақтық тіпті жаға ұстатады: мысалы, Атырауда 118 спорт алаңына 2985 алкомаркет келеді. Ақтөбеде 200 спорт алаңына қарсы 960 ішімдік сауда нүктесі жұмыс істеп тұрса, Қарағандыда 94 спорт аймағына 271 алкомаркеттен келеді. Қазір бұл мәліметтердің барлығы интерактивті картаға енгізілді. Енді кез келген қазақстандық сайтқа кіріп, өз өңіріндегі шынайы теңсіздікті көре алады.

«Біз ортаның адамды қалыптастыратынына кәміл сенеміз. Егер әр аулада жақсы турник, футбол алаңы болып,тұрақты жаттығулар өткізіліп тұрса — елімізде дені сау әрі рухы мықты ұрпақ өседі. Бірақ статистика мүлдем басқа, жан түршігерлік шындықты көрсетіп отыр. Қалалардың көбінде жарамды спорт алаңынан қарағанда, заманауи алкомаркетті табу әлдеқайда оңай. Біз жасөспірімдерді қалыпты жаттығу мүмкіндігінен айыра отырып, тәуелділік пен қасіреттің белең алуына өз қолымызбен жағдай жасап жатырмыз. Біз өзімізге: "Мұндай ортада қандай ұрпақ өсіп шығады?" деген сұрақты қоюымыз керек», — деп атап өтті «Дала Қырандары» қозғалысының үйлестірушісі Нұрғали Тұрсынғазиев.

Бұл кездесудің қырандардың өз күшімен абаттандырылған, бүгінде белсенді жұмыс істеп тұрған аулада өтуі тегін емес. Бірлескен жаттығу барысында қатысушылар балама жолдың бар екенін және жергілікті тұрғындардың бастамасы айналадағы кеңістікті шынымен өзгерте алатынын іс жүзінде дәлелдеді.

«Біз жауапкершілікті шенеуніктерге немесе кәсіпкерлерге ысыра салуға бейімбіз, бірақ тәртіп өзімізден басталады. Мына алаң — соның мысалы. Көршілер өз ауласын ретке келтіру үшін біріккенде, олар тек тренажерларды жөндеп қана қоймайды, осы үйдегі балалардың тағдырын өзгертеді. Біз жариялаған статистика әрбір бейжай қарамайтын тұрғынды іс-қимылға шақыру», — деп толықтырды Арыстанбап Мұратұлы — Дала Қырандары қозғалысының Астана қаласы бойынша жүздік басшысы.

Жаттығуымызға үш түрлі салмақ санатында төрт мәрте әлем чемпионы, 94 кг дейінгі салмақ санатында Азия ойындарының екі мәрте чемпионы, төрт дүниежүзілік рекордтың иесі, атышулы қазақстандық ауыр атлет — Илья Ильин қосылды.