"20 жыл өтсе де, сұрақ көп": Болат Әбілев Алтынбек Сәрсенбаев ісі туралы жазды

"20 жыл өтсе де, сұрақ көп": Болат Әбілев Алтынбек Сәрсенбаев ісі туралы жазды
politico.kz коллажы

Танымал саясаткер Болат Әбілев мемлекет қайраткері Алтынбек Сәрсенбаевтың қазасына 20 жыл толуына байланысты әлеуметтік желіде естелік жазба жариялады, деп dalanews.kz тілшісі kznews.kz сайтына сілтеме жасап хабарлайды.

Әбілев өз жазбасында бұл істің әлі күнге дейін толық әрі ашық тергелмегенін атап өтіп, Қазақстан тарихындағы бірқатар қайғылы кезеңдерді еске алды.

Ол жазбасында бұл істің әлі күнге дейін толық әрі ашық тергелмегенін айтып, Қазақстанның жаңа тарихындағы бірқатар ауыр оқиғаларды еске алды. Әбілевтің айтуынша, ел жадында қалған қайғылы кезеңдердің көбі күздің соңы мен қыс айларына тұспа-тұс келген. Ол 2005 жылдың қарашасында Заманбек Нұрқаділовтің өз үйінде қаза тапқанын, бұл оқиғаның мән-жайы да әлі күнге дейін қоғам үшін толық айқын емес екенін атап өтті. Сонымен қатар саясаткер 1986 жылғы Желтоқсан оқиғасын, 2011 жылғы Жаңаөзен қасіретін және 2022 жылғы Қаңтар оқиғасын Қазақстан тарихындағы ауыр әрі ұмытылмайтын кезеңдер ретінде атады. Ал 2006 жылдың ақпанында "Ақжол" партиясының тең төрағасы Алтынбек Сәрсенбаев көмекшісі Бауыржан Бекбосынов және жүргізушісі Василий Журавлёвпен бірге қаза тапқан еді.

"Алтынбектің кеткеніне 20 жыл өтсе де, бұл оқиға кеше ғана болғандай әсер қалдырады. "Не үшін?" деген сұрақ әлі күнге дейін мазалайды", – деді Әбілев.

Саясаткер Алтынбек Сәрсенбаевтың сол кездегі саяси ахуалға қатысты көзқарасына да тоқталды. Әбілевтің айтуынша, Сәрсенбаев ел ішіндегі болуы мүмкін қауіптер туралы жоғары билікке нақты мәлімет жеткізген. Оның пайымдауынша, осы ұстанымы мен айтқан ескертулері кейінгі тағдырына ықпал еткен болуы мүмкін.

"Алтынбек ешқашан радикал болған жоқ. Ол күш қолдануға немесе төңкеріске шақырған емес. Ол мемлекетшіл көзқарастағы саясаткер еді. Сондықтан да оның өліміне қатысты "кімге тиімді болды?" деген сұрақ әлі де ашық күйінде қалып отыр.

Алтынбек Рахат Әлиевтің қайын атасы Нұрсұлтан Назарбаевты жоюға дайындалып жатқанын дәлелдейтін айғақтарды жинай алды. Марат Тәжинмен бірге ол президентке барып, Рахаттың осы жоспарлары туралы баяндады. Назарбаев қатты қорқып, дірілдеп, креслодан құлап түсті. Алтынбек пен Тәжин оған қайта отыруға көмектесті, ал президент абдырап, шошып кеткен күйде енді не істеу керегін сұрады. Алтынбек Рахатты және оның жақындарын тұтқындап, биліктен шеттетуді ұсынды", – деп жазды ол.

Әбілевтің айтуынша, бұл іске тапсырыс берген адамдар толық анықталып, оқиғаға әділ құқықтық әрі саяси баға берілуі қажет. Оның пікірінше, Алтынбек Сәрсенбаевтың қазасы тәуелсіз Қазақстан тарихындағы ең ауыр, күрделі және әлі күнге дейін толық нүктесі қойылмаған саяси оқиғалардың бірі болып қала береді.

"20 жыл өтсе де, бұл қылмыс қоғам жадынан өшкен жоқ. Алтынбек елге қажет саясаткер еді. Оның жоқтығы сезіледі", – деп түйіндеді Болат Әбілев.