Түркістан театрының актері Шерхан Саматұлы "Қайырлы таң, Қазақстан" бағдарламасына қатысып, "МузАрт" тобына арналған театрландырылған қойылым туралы айтып берді, деп dalanews.kz тілшісі kznews.kz сайтына сілтеме жасап хабарлайды.
Актердің сөзінше, сахналық шығармада танымал топтың қалай құрылғаны, өнер жолындағы маңызды кезеңдері және шығармашылық ортадағы күрделі сәттері бейнеленген. Қойылымда Мейрамбек Бесбаев, Сәкен Майғазиев және Мақсат Базарбаевтың бір арнаға тоғысып, елге танылған триоға айналу жолы көрсетіледі.
"Басында Мақсат Базарбаев пен Мейрамбек Бесбаев топты құрады. Яғни, біз трио құрсақ деген арманда жүреді. Мейрамханада ән айтып жатқан Сәкен Майғазиевті көріп қалады. Үшеуі бірігіп, топ құрады. Гастрольдерге шығады. Бір бас продюсер келіп Мақсаттың ойын бұза бастайды. Топтың арасына іріткі салған. Ол Мақсатқа "Сен топқа жараспайтын сияқтысың. Сен жеке ән айтатындай әншісің" дегендей сөздер айтады. Сөйтіп оны жеккөрінішті қыла бастайды. Азғырады, манипуляция жасайды. Ақыры Мақсатты өзі кететіндей қылады. Ең мықты тұсы: Мейрамбектің ауырған кезі. Сол шақта бүкіл халық болып дұғада болған. Сол тұсын балет әртістерінің көмегімен керемет етіп, режиссер істеп шықты. Мұны, бұйырса, қонаққа келгенде көре жатарсыздар", – деді Шерхан Саматұлы.
Актер қойылым негізінен өмірде болған оқиғаларға сүйенгенін, бірақ кейбір тұстары көркемдік шешім үшін өзгертіліп, сахналық әсерді күшейту мақсатында әсіреленгенін атап өтті.