Тоқаевтың Ұлттық құрылтайда айтқандары: негізгі басымдықтар, үрдістер, қорытындылар - саясаттанушы

Кәмшат Тілеухан 15 нау. 2025 13:00 258

Саясаттанушы Эдуард Полетаев Бурбабайда өткен Ұлттық құрылтайдың IV отырысында Мемлекет басшысы айтқан мәселелердің ең түйінді сөздерін атап, оған жалпылама шолу жасады, деп хабарлайды Dalanews.kz.

"Мультфильмдерден бастап геосаяси дауылға дейін. Тоқаевтың Ұлттық құрылтайда айтқандары: негізгі басымдықтар, үрдістер мен қорытындылар" деп аталатын әлеуметтік желідегі жазбасында саясаттанушы Қазақстан Президенті елдегі ахуалға өзінің көзқарасын білдіре отырып, сондай-ақ ел дамуының басым бағыттарын атап көрсеткенін жазады.

1 БӨЛІМ. БАСЫМДЫҚТАР

  •  Ұлттық құрылтайды Наурызда және қасиетті Рамазан айында өткізу - жақсы нышан;
  •  егер бюджетте қаражат болмаса, онда мемлекет өз функцияларын, оның ішінде әлеуметтік міндеттемелерді толық көлемде орындай алмайды;
  • әділ әрі тиімді салық жүйесін құру - еліміздің болашағына, кейінгі ұрпақтың тұрмысына тікелей әсер ететінін әл-ауқат мәселесі;
  • біздің елімізде мемлекетті басқаруды жеңілдететін, логистика мен бизнес-үдерісті оңтайландыруға септігін тигізетін Бірыңғай уақыт белдеуі болуы тиіс;
  • ұлттық нақышта түсірілген қазақ тіліндегі мультфильмдер көп болуы тиіс;
  • кәсіптік-техникалық колледждер жаңа мамандықтарға сұранысты және еңбек нарығындағы жағдайды ескеруі тиіс;
  • біздің азаматтарымыздың күнделікті тіршілікте көптеген қарапайым түйткілге тап болады. Оны елемей, назардан тыс қалдыру дұрыс емес,
  • нашақорлықпен әлеуметтік зұлымдық ретінде күресу - маңызды міндеттердің бірі;
  •  ономастика мәселелерінде жергілікті атқарушы органдар көптеген қателіктер жіберді, оны "тарихи еңбегі" ешқандай архив құжаттарымен расталмаған тұлғаларды ұлықтау құралына айналдыруға болмайды.
  • мәдениет дегеніміз – жай ғана ғимараттар мен мекемелер емес. Бұл – ұлттық сана-сезімді жаһандық ауқымда нығайта түсетін мықты тұғыр.
  • нейрожелілер біздің тарихымызды, мәдениетіміз бен дәстүрлерімізді нашар таниды, интернетте Қазақстан туралы ақпарат жеткіліксіз;
  • халқымыздың "қазақ" деген байырғы атауы да бір ғасыр бұрын қайтарылды, ал біздің мемлекеттігіміз мыңжылдықтардан бастау алады, оның тамыры тым тереңде жатқаны даусыз.
  • өз ұлтыңды өзгелерден биік қою түптің түбінде жарға жығады.
  • көптеген ғалымдар мен қоғам белсенділері әлі күнге дейін Қазақстанның жылнамасына ұлттың жадына жара салған тарихи оқиғалар тұрғысынан қарайды.иБұл жағдай төл тарихымызға көзқарас ауқымын тарылтады. Біз барынша кең әрі терең ойлауымыз қажет.
  • 2022 жылы жаңадан үш облыс құрып, осы аймақтардың дамуына күшті серпін бердік. Бұл ақыры дұрыс шешім болды.
  • жасанды интеллектіні қолдану бюджет қаражатын пайдаланудың тиімділігін арттырады, әкімшілендіруді жақсартады, мемлекеттік сатып алуды оңтайландырады, азаматтар мен мемлекеттің өзара іс-қимыл процестерін жеңілдетеді;
  • біз ғылымды дамытуға көп күш салып жатырмыз, бірақ Қазақстанда әлі күнге дейін бірде-бір ғылыми қалашық жоқ;
  • елімізде биологиялық әртүрлілікті қорғау өзекті мәселеге айналды;
  • мектептерді тек "Жайлы мектеп" жобасы аясында ғана емес, сондай-ақ сапалы типтік үлгідегі мектептерді де тұрғызу керек, өйткені оларға сұраныс жоғары;
  • халықтың өмір сүру сапасын арттыруда ең басты фактор – тұрғын үйдің қолжетімділігі, әсіресе әлеуметтік осал топтар үшін;
  • әрбір облыс орталығында, аудан орталығында, елдімкендер мен ауылдарда балаларға арналған футбол алаңдары салынуы тиіс;
  • үш жыл ішінде елге 2 триллион теңгеден астам қаржы қайтарылды, ол өңірлердегі өзекті экономикалық және әлеуметтік мәселелерді шешуге жұмсалуда;
  • көптеген елдерге ондаған жылдар бойы "демократиялық мораль құндылықтары" деген желеумен, соның ішінде ЛГБТ идеяларын да таңып, халықаралық үкіметтік емес қорлар мен ұйымдар сол мемлекеттердің ішкі істеріне дөрекі араласқан;
  • кейде ақиқат жақпай жатады, бірақ оның жағдайды дұрыс бағамдауға, жалған иллюзияларға беріле бермеуде көмегі көп;
  • Қазақстанның кем дегенде төрт салада зор мүмкіндігі бар: цифрландыру мен жасанды интеллект, көлік-транзит әлеуеті, энергетика және агроөнеркәсіп секторы, сонымен бірге адам капиталы;
  • бастапқы мүмкіндіктерімізді ескерсек, еліміз баяғыда-ақ әлемдегі жетекші аграрлық мемлекеттердің біріне айналуы тиіс еді, алайда сала жеткілікті қаржыландырылмады, онда да жемқорлар мен алаяқтар, соның ішінде мемлекеттік қызметшілер үстемдік етті;
  • жаһанды белгісіздік жайлаған бұлыңғыр заманда бәсекеге барынша қабілетті болу үшін барлық жағынан кемел ұлт болуымыз қажет.
  • біздің идеологиямыз – жаһандағы аса күрделі геосаяси ахуалда елімізді жаңа даму деңгейіне көтеру үшін берік негіз қалау.

БӨЛІМ 2. ҮРДІСТЕР

  • Құрылтай қоғамдық диалогтың жаңа стандарттарын қалыптастырды;
  • Үкімет салық реформасына қатысты жаңа тәсілдер ұсынды;
  • Біз білім мен денсаулық сақтауға инвестиция салуды жалғастырамыз, бұл – Конституциялық міндет, алайда басымдыққа ие емес шығындар қысқартылатын болады;
  • Әлеуметтік желілерде адамдардың ар-намысы мен қадір-қасиетін қорлау жиіледі, сонымен қатар жалған ақпарат таратушылар да бар;
  • Құрылтай мүшелері жастар арасындағы, әсіресе спорт саласындағы дәстүрлі емес діни ағымдардың күшеюіне алаңдаушылық білдіруде;
  • Соңғы кезде алаяқтық жағдайлары көбейіп кетті;
  • Қоғамда кинотеатрларда көрсетілетін фильмдерге сын айтылып жүр;
  • Сарапшылардың бағалауынша, алдағы уақытта солтүстік өңірлерде халық саны азайып, оңтүстік жақта айтарлықтай өсетін болса, еңбек нарығындағы теңгерімсіздік тереңдей түсуі мүмкін;
  • Ұлттық киімді кию қалыпты құбылысқа айналып келе жатыр, бұл – жағымды үрдіс;
  • Қазақстанда театр өнеріне деген қызығушылық артып келеді: залдар көрерменге толы, премьера билеттері алдын ала сатылып кетеді, олардың арасында жастар көп;
  • Ұлттық бірегейлікті нығайту үшін тарихи ғылымды дамытудың маңызы зор, сондықтан бұл салаға ерекше көңіл бөлініп отыр;
  • Мемлекеттің басты міндеттерінің бірі – өңірлердің экономикалық өсімінің жаңа нүктелерін құру және аймақтық дамудағы теңсіздіктерді жою;
  • Үкімет нақты секторды қаржыландыруды 10 триллион теңгеге дейін арттыруы керек, бұл – бизнеске бұрын-соңды болмаған ауқымды қолдау;
  • Елдің түкпір-түкпірінде машина жасау, металлургия, мұнай-химия, агроөнеркәсіп және көлік-логистика салаларында ірі инфрақұрылымдық жобалар іске асырылып жатыр;
  • Денсаулық сақтау және спорт саласында ауқымды құрылыстар әр өңірде жалғасын табады;
  • Ғаламдық тұрғыда "глобализм" деген ұғым өзінің өзектілігін жоғалтуда, алдыңғы қатарға мемлекеттік ұлтшылдық, ықпал ету аймақтарын бөлісуге ұмтылу және әлемдік саясаттың өңірленуі шығып келеді;
  • Елге жаңа энергетикалық саланы дамыту маңызды, сондықтан бір емес, үш бірдей атом электр станциясын салып, ақырында толыққанды ядролық кластер құру қажет;
  • Газ және көмір генерациясының әлеуетін, сондай-ақ жаңартылатын энергия көздерінің мүмкіндігін толық пайдалануымыз керек;
  • Заманауи әлемде жеке адамның жетістігі мен игілігі – кез келген мемлекеттің шынайы күшін айқындайтын өлшем.

БӨЛІМ 3. ҚОРЫТЫНДЫЛАР

  • Үш жыл ішінде ел айтарлықтай өзгерді, даму жолында жаңа соқпақтарға түсті;
  • Әр реформаның мәнін қарапайым тілмен түсіндіру қажет, мұны айыптаумен шеше алмаймыз;
  • Бизнес пен салыққа қатысты бөлшектелу үрдісін шұғыл түрде түзету керек, заңнамаға қажетті өзгерістер енгізуге тиіспіз;
  • Бірыңғай уақыт белдеуіне көшу мәселесіне қатысты пікірталастарды доғарған жөн, бұл сұрақты саясиландырудың қажеті жоқ;
  • Деструктивті ағымдар мен мәдениетімізге жат идеологияларға бөгет қойған абзал;
  • Жеке қаражатқа түсірілсе де, фильмдерді прокатқа шығаруға дейін мұқият сараптамадан өткізу шараларын қарастыру керек;
  • Біз азаматтарымыздың күнделікті өмірдегі өзекті мәселелерін көтеріп қана қоймай, сол түйткілдерді шешуді басты мақсат санаймыз;
  • Әйелдер мен балалардың құқығын қорғау үшін қабылданған шараларды бір бағдарламаға – "Қазақстанның балалары" жобасына біріктірген жөн;
  • Мемлекеттік әлеуметтік тапсырысты жүзеге асырудың тиімділігін арттыру мақсатында қазіргі заман талаптарына сай жеке заң қажет;
  • Бірыңғай стандарт пен ведомстволық марапаттардың тізбесі дайындалуы тиіс;
  • Тарихи әділеттілік қағидаттарын қатаң ұстанған дұрыс;
  • Ішкі саясат саласындағы барлық жұмысты біріздендіретін, нақты мақсаттар мен міндеттері, басымдықтары айқындалған тұжырымдамалық құжат керек;
  • Бет-жүзді жасырын ұстайтын қара киімге оранғаннан гөрі, ұлттық нақыштағы киім киген әлдеқайда орынды;
  • Аймақтардағы театрларды дамытуға көңіл бөлу, көпұлтты халқымыздың мәдени әртүрлілігін сақтау мақсатында орыс және өзге де ұлттық театрларды қолдау қажет;
  • "Әлем жадысы" тізіміне еліміздің архивтік мұраларын енгізу жұмысын жандандыру керек;
  • Жасанды интеллектке толықтай арқа сүйеуге болмайды, адами фактор әлі де маңызды рөл атқарады;
  • Отандық және шетелдік нейрожелілерді дамыту үшін ұлттық цифрлық архив құру қажет;
  • Тарихқа панорамалық өркениеттік көзқарас керек, сонда ғана өткеніміз, бүгініміз және болашағымыз өзара ұштасады;
  • Қазақстанды жаһандық өркениеттің жеке бір бөлшегі ретінде таныту мәселесімен айналысуымыз керек;
  • Ауқымды инфрақұрылымдық жобаларды іске асыру – еліміздің өңірлік көшбасшылығын нығайтудың бір жолы;
  • Шекара бойындағы елдімекендердің ахуалы мемлекет қауіпсіздігіне әсер етеді және стратегиялық маңызға ие;
  • Табиғи апаттардың алдын алу шараларын тұрақты бақылауда ұстаған жөн;
  • Ел экономикасын цифрлық трансформациялау – оның бәсекеге қабілеттілігін күшейтудегі негізгі фактор;
  • Туризм – өңірлердің дамуының маңызды көзіне айналуы тиіс;
  • Биологиялық әртүрлілікті қорғау қорын құру қажет;
  • "Таза Қазақстан" – жай ғана науқан емес, әрбір азаматтың күнделікті өмірінің бір бөлшегіне айналуы тиіс;
  • Әлемдегі оқиғалар біздің бағытымыздың дұрыстығын көрсетті: сыртқы жағдайды ескерген жөн, бірақ ең алдымен ішкі мәселелерімізге назар аударуымыз керек;
  • Барлық салада жетілген, өркениетті, өзгерістерге икемді, мақсатқа ұмтылғыш ұлтқа айналуымыз қажет, тек өз күшіміз бен мүмкіндігімізге сенгеніміз жөн;
  • Геосаяси тұрақсыздық кезеңінде ұлттық бірлік, келісім және қоғамдық тұрақтылықты сақтау аса маңызды;
  • Қазақстан тек электр энергиясымен өзін толық қамтамасыз етіп қана қоймай, әлемдік энергетика нарығында да ірі экспорттаушыға айналуы керек;
  • Мемлекет азаматтардың әділетті мұқтаждықтарын өтеуде бұрынғыдан да тиімді болуға тиіс.

P.S. Келесі Ұлттық құрылтай отырысын кезінде астанамыз болған Қызылорда қаласында өткізу қажет.


Ұсынылған
Соңғы жаңалықтар