Бұл соғыс қоңырау шалумен тоқтамайды - Әміржан Қосан

Сағыныш Сардарова 17 нау. 2025 18:13 1027

Танымал саясаткер Әміржан Қосан Украина мен Ресей арасындағы қым-қуыт шиеленіске қатысты Dalanews.kz-ке пікір білдірді.

Әміржан Қосанның сөзінше, соғыс сияқты сан қырлы, сан мүдделі құбылыс бір президенттің екінші президентке телефонмен қоңырау шалуынан кейін тоқтамайды.

"Бүгінде бұл соғыс тек Украина мен оның жерін басып алған Ресей арасындағы соғыс емес. Бұл соғыстың басқа да түпкілікті бенефициарлары бар, олар – біріккен Еуропа мен АҚШ. «Соғысты бір күнде тоқтата аламын» деп, әлемдік деңгейдегі №1 бітімгер атағына ие болғысы келген Трамп кеше «қалжыңдадым» деп, райынан қайтып жатса да, өз электоратының алдында абыройын сақтап қалу үшін қалай да екі жақты – Украина мен Ресейді уақытша болса да соғысты тоқтатуға көндіретін сықылды", - деп сараптады саясаткер.

Сарапшының болжамынша, бұл бейбіт келісім алысқа бармайтын секілді, өйткені Украина мен Ресей президенттерінің ядролық электораты бар.

"Жер аумағының бір бөлігін Ресейге беруге келіссе, Зеленскийдің өлгені, ал басып алған жерден бас тартса, Путиннің өлгені. Сол себепті, менің ойымша, әскери қимылдар уақытша дамылдағанымен, өркениеттік, тарихи тұрғыда бұл соғыс жалғаса бермек.

Оның үстіне геосаяси ахуал күрт өзгерді: АҚШ-тың құйтырқы саясатын көрген Еуроодақ тез арада ес жиып, күш біріктіре алатын секілді. Еуропа біріксе, АҚШ мына қақтығыста керек болмай-ақ қалады және де Украина география жағынан Еуропа аумағындағы ел, сол себепті Еуроодақ бұл соғысты өз соғысы деп қабылдауы ғажап емес. Ал АҚШ болса, мұхиттың арғы жағында. Сол себепті Еуропа Украинаны жалғыз қалдырмайды. Және де Еуропаның соғысқа қатысты жоспары Трамптың жоспарынан мүлдем бөлек боп шығуы мүмкін", - деді Әміржан Қосан.

Сарапшы Трамп туралы да бірер сөз айтты.

"Бұрын да айттым, қайталайын: мына бетінен қайтпаса, Трамп көп ұзамай өз елінде импичментке ұшырауы әбден ықтимал. Оның өзі бұл соғысқа тікелей әсер етері хақ", - деп түйіндеді ол.

Айта кетейік, 2025 жылы 28 ақпандағы Украина президенті Владимир Зеленский, Америка президенті Дональд Трамп және АҚШ вице-президенті Джей Ди Вэнс арасындағы Ақ үйдегі кездесуде қызу дау туды.

Ал бүгін БАҚ-та АҚШ президенті Дональд Трамп сейсенбіде Ресей президенті Владимир Путинмен сөйлесетінін айтқаны туралы ақпарат тарады.


Ұсынылған
Соңғы жаңалықтар