Freedom Inside '26

АҚШ Украинадағы соғысты тергеуді тоқтатады

АҚШ Украинадағы соғысты тергеуді тоқтатады
golosameriki.com

АҚШ Ресейдің Украинаға басып кіруін зерттейтін халықаралық топтан шығу туралы шешім қабылдады. Бұл туралы АҚШ-тың Әділет министрлігі жасырын түрде мәлімдеген.

New York Times мәліметінше, бұл шешім президент Дональд Трамптың Ресей Федерациясына қатысты саясатының бағыт-бағдарын көрсетіп отыр, - деп хабарлайды Dalanews.kz.

"Әділет министрлігі еуропалық шенеуніктерді Украинаға басып кіру жауапкершілігін зерттейтін халықаралық топтан АҚШ шығып жатқанынан жасырын түрде құлағдар етті.

Бұл шешім - Трамп әкімшілігінің Владимир Путинді украиналықтарға қарсы жасалған қылмыстар үшін жауапқа тартудан бас тартқанының соңғы дәлелі", - деп жазды басылым.

Дереккөз мәліметінше, бұл ақпарат бүгін, яғни 17 наурызда ресми түрде расталуы керек.

"Америка билігі ресурстарды қайта бөлу қажеттілігіне байланысты халықаралық топтан шығуға шешім қабылдады",- деген дереккөз басылымға.

Айта кетейік, Вашингтон 2023 жылы қосылған бұл топ Ресей басшылығын, сондай-ақ, оның Беларусьтегі, Солтүстік Кореядағы және Ирандағы одақтастарын халықаралық құқыққа сәйкес жауапкершілікке тарту үшін құрылған.

Бұған дейін БАҚ-та АҚШ президенті Дональд Трамп сейсенбіде Ресей президенті Владимир Путинмен сөйлесетінін айтқаны туралы ақпарат тарады.

Ал Владимир Путинге дейін Трамп Украина президенті Владмир Зеленскиймен кездесті. Алайда кездесу жақсы реңкте аяқталмады.