Өзбекстан үкіметі мен Швейцарияның федералдық кеңесі “Тәркіленген активтерді бөлу туралы келісімге” қол қойды. Бұл құжат Өзбекстанның тұңғыш президенті Ислам Каримовтың үлкен қызы Гүлнара Каримоваға тиесілі шамамен 182 миллион долларды қайтаруды көздеп отыр, деп хабарлайды Dalanews.kz "Евразийский брифинг" телеграм арнасына сілтеме жасап.
Өзбекстан Әділет министрлігінің мәліметінше, Каримованың қаражаты “Uzbekistan Vision 2030” көпжақты траст қоры арқылы қайтарылады. Бұл қор 2022 жылдың жазында Каримованың Швейцарияда тәркіленген активтерін қайтару мақсатында құрылған. 2024 жылдың тамызында Өзбекстан мен Швейцария осы қор арқылы алғашқы 131 миллион долларды қайтару туралы келісімге қол қойды. Жаңа келісіммен бірге қайтарылатын жалпы қаражат көлемі 313 миллион долларға жетті.
“Uzbekistan Vision 2030” қоры арқылы қайтарылатын қаржы халық игілігіне жұмсалады, оның ішінде денсаулық сақтау және білім беру салаларындағы әлеуметтік маңызды жобаларға бағытталады.
2020 жылдың мамырында Париждегі кондоминиум (10 миллион доллар) және 1815 жылы салынған Груссе тарихи сарайының (10 миллион доллар) сатылуынан түскен 20 миллион доллар Өзбекстанға қайтарылды.
2023 жылдың қыркүйегінде БҰҰ-ның ана мен жаңа туған нәрестелердің өлім-жітімін азайтуға бағытталған бағдарламасын қаржыландыру үшін 43,5 миллион доллар бөлінді.
Каримова мен оның қылмыстық тобына тиесілі активтер Франция, АҚШ, Латвия және басқа елдерде шамамен 1,4 миллиард долларға бағаланады. 2018 жылы Латвия соты Каримованың 15,3 миллион долларлық қаражаты мен 26 кг алтын сертификатын тәркілеу туралы шешім шығарды. Сондай-ақ Ригадағы мәдени-ойын-сауық кешені де Өзбекстан пайдасына тәркіленді.
Өзбекстан АҚШ-пен бірге Каримоваға тиесілі 60 миллион долларды қайтару бойынша жұмыс істеп жатыр. Сонымен қатар, 2022 жылы Мәскеу соты Каримованың алты пәтерін тәркілеу туралы шешім шығарды.
Гүлнара Каримоваға қатысты қылмыстық істер:
Каримова мен оған тиесілі компаниялардың қылмыстық әрекеттері 2012 жылдан бастап тергеліп келеді. Ол TeliaSonera, Vimpelcom, Alfa Telecom, МТС сияқты телекоммуникациялық компаниялардан Өзбекстан нарығына кіруге рұқсат бергені үшін ірі көлемде пара алған. Бұл қаражат негізінен Швейцарияда заңдастырылған. 2018 жылы Швейцария Каримованың 555 миллион доллардан астам активін тәркіледі.
2013 жылдан бастап Өзбекстанда Каримоваға қатысты бірнеше қылмыстық іс қозғалды. Оған ақша жымқыру, салық төлеуден жалтару және қылмыстық ұйым құру айыптары тағылды.
2020 жылдың наурызында Өзбекстан Жоғарғы соты Гүлнара Каримованы ақша жымқыру және бопсалау қылмыстары бойынша кінәлі деп танып, 13 жылдан астам мерзімге бас бостандығынан айырды. Ол Ташкент маңындағы әйелдер колониясында жазасын өтеп жатыр.
Сол жылы Швейцария соты Каримоваға тиесілі 293 миллион долларлық активті тәркілеу туралы шешім шығарды. Алайда, 2020 жылдың соңында Каримова Швейцария сотында 350 миллион франктық активті қайтарып алды.
Каримова АҚШ, Швеция, Франция, Норвегия, Нидерланды және Ұлыбританиядағы жемқорлық пен заңсыз жолмен табылған қаражатты жылыстатуға қатысты істерде де күдікті ретінде танылған.