Елімізде отбасылық соттардың іске қосылып, жас жұбайларды барынша жарастыруға, медиация арқылы татуластыруға көңіл бөлінуі, одан қалды отбасы құндылығын қалыптастыратын “Мерейлі отбасы” секілді жобалардың ұйымдастырылып, ажырасу салығының көбейіп, ерлі зайыптылардың жауапкершілігін арттыратын заңнамалардың қабылдануы, отбасылық мерекелердің пайда болуы осының айғағы.
Мәселен биыл елімізде алғаш рет Әкелер күні мен Аналар күні ресми түрде белгіленіп тойланды. Әкелер күні маусым айының үшінші жексенбісіне бекітілсе, ал Аналар күні мамырдың екінші жексенбісі атап өтілмек.
Атап өтер болсақ, наурыз айында Ашық НҚА сайтында жарияланған үкімет жобасында «Әкелер күні» мен «Аналар күнін» бекіту туралы ұсыныс көтерілген болатын. Араға екі ай салып, премьер-министр Әлихан Смайылов тиісті үкімет қаулысына қол қойып, «Әкелер күні» мен «Аналар күні» мерекесі ресми түрде бекітілді. Отбасындағы әкенің рөлін күшейтіп, анаға құрметті арттыратын, әке мәртебесін көтеруге ықпал етеді деп күтіліп отырған бұл күннің еліміздегі отбасы институтын нығайтуға да ықпал етері анық.
Мерекенің қалыптасуына ықпал еткен Ақпарат және қоғамдық даму министрлігі "Мерекелік күндердің тізбесіне "Әлемнің көптеген елдерінде отбасылық құндылықтарды насихаттау, отбасы және ата-ана институтын нығайту үшін аталып өтетін "Аналар күні" және "Әкелер күні" мерекелері елімізде де ресми мереке ретінде белгіленді. “Әкелер күні" мерекесін енгізу Қазақстандағы отбасылық құндылықтарды ілгерілетуге, отбасы институтын нығайтуға, сондай-ақ әкелер институтын дамытуға ықпал етеді. Мұндай мереке көптеген әлем елдерінде бар", – деп мәлімдеді.
– Алдағы уақытта бұл күндердің маңызын арттырып, отбасы құндылығын қалыптастыруға өз ықпалын тигізсін десек, олардың мерекеленуінің де белгілі бір жүйесін қалыптастыруымыз керек, – дейді этнограф Ғалия Қайдауылқызы. – Бұл күндердің белгіленуі дер кезінде қолға алынған игі шара болды. Талай жылдар аналар күні деп 8 наурыз тойлап келдік. Енді осы Аналар күні мен Әкелер күнін жалпыхалықтық мерекеге айналдыра алсақ мақсатымыздың орындалғаны. Мәселен осы күні отбасылық жарыстар ұйымдастырсақ, көп балалы, алтын құрсақты аналарымызды дәріптейтін шаралар ұйымдастырылса, теледидардан әкенің отбасындағы жауапкершілігі туралы роликтер көрсетіліп, әкелеріне жеті ата есімі жазылған қол еңбектерін сыйға беріп қуантса, әкелердің ерлігі, отбасын асыраудағы жанкештілігі паш етіліп жатса шіркін.
Мектептерге арнайы келіп, әскери қызметкерлер мен құтқарушы мамандары өз мамандықтарының қиындықтары мен қызықтарын бөліссе, мектептегі ер балалардың бойында жігіттік мінез қалыптастыруға, қарындасқа аға болып қамқор болуды ұғынып, анасына көмектесуге даяр тұрар еді.
Ер жігіттің шынайы болмысын сезіне түсер еді. Ең бастысы бұл күндерді белгіледік, енді тек соны тиімді пайдалануға тырысайық.
Мәселен Қазақстанда мектеп жасына толмаған балалардың күтімі мен тәрбиесіне әкелердің тек 6,6% ғана қатысады екен. Демек талай ер баланың отбасында, өмірінде әкенің рөлі жетіспейді. Халық ішінде де отбасылық әдеттер қалыптасып, сол күні бөлек шығып кеткен балалары аналарын, әкелерін іздеп келіп, бір дастархан басында бас қосатын мүмкіндіктер туындата алсақ керемет болар еді.
Негізі халқымыздың отбасындағы қалыптасқан ұлттық әдет ғұрыптары керемет, тек соларды ұмытып қалдық. Әкенің қызына шешесі арқылы шығуы, әке мен қыз арасындағы керемет сыйды байқатады. Немесе кішілердің үлкендерге қатысты әдебі 100 мектеп бере алмас ерекше ұлттық менталитетіміз еді. Осы мереке сол әдептерді еске салардай болса деймін, – дейді.
Шыны керек биыл бірінші рет тойланған мереке атаулы күннің маңызын ашып көрсете алмағандай. Дегенмен этонграф Ғалия Қайдауылқызы айтқандай «Аналар күні» мен «Әкелер күнінің» маңызын арттыру өз қолымызда.
Осы орайда отбасы құндылықтары ұғымынан айрылуымызға не себеп? Мамандарды сөзге тартып көрген едік.
Демограф Есен Қуанышбекұлы
– Отбасылық құндылықтардың өзгеруіне экономикалық, әлеуметтік, мәдени факторлар да әсер етеді. Әлем қазір тез өзгеріп жатыр. Мәдениеттер мен өркениеттер мидай араласқан қоғамда өзгеріске ұшырауымыз қалыпты құбылыс.
Дегенмен ұлттық отбасылық құндылықтарды сақтауға барынша тырысуымыз керек. Сонда жаһандануға жұтылмаймыз. Ғасырлар бойы қалыптасқан келіннің атасының бетіне тік қарамауы, баланың әкеге сөз қайтармауы, қол көтермеуі, балағат сөз айтпауы секілді құндылықтарымыздан айрылмауымыз керек.
Кейде сүйісіп амандасып жататын ата мен келіндерді көргенде біртүрлі боламын. Немесе әкесі жөн сөз айтып жатса, баласының жүре тыңдауы деген секілді мәселер отбасындағы тепе теңділік заңдылығын бұзады. Сондықтан атаның орны, келіннің рөлі, ененің міндеті, баланың жауапкершілігі деген дүниелерден айрылып қалып жатырмыз.
Сол асыл құндылықтарымыздың насихатын арттырсақ өкінбес едік. Жалпы әркім өз орнын біле шаңырақ шайқалмас еді. Жаһандану сол әркімді өз орнынан айырды. Нәтижесінде ажырасу көбейіп кетті. Атап өтер жайт, теледидардан көсетілетін өнімдерде де ата-ана образы биік, баланың ата-анаға деген құрметі шексіз және ата-аналар тарапынан балаға қатынастың мен¬талитетімізге сай болуы ескерілуі керек. Адами қасиеттер, отбасы құндылықтары, оның ішінде моральдық, рухани құндылықтарды дәріптейтін дүниелер ғаламторда, теледидарда көбірек көрсетілуі керек.
Ғаламторға да шектеу керек. Жастары бірге тола сала телефоннан не болса соны көріп отыратын баланың болашағынан қорқам. Талай ел балалардың ғаламтордан көретін дүниелеріне түрлі шектеу қойды. Бізге де осы қадам керек, – дейді.
Қуаныш ЕРМЕКОВА