Түрік электромобильі Togg-ның дизайннан бастап бағдарламалық қамтамасыз ету сынды маңызды технологиялық жетістіктерін түріктер өздері жасап шыққан.
Түркия президенті Режеп Тайып Ердоған Бурса провинциясында аккумулятор шығаратын зауыттың іргетасын қалау кезінде Түркияның электромобиль шығару үлкен технологиялық жетістік деп баға берді. Жаңа зауыттың ашылуында Ердоған:
– Turkish Automobiles (Togg) бастама тобы мен қытайлық Farasis энергетикалық компаниясының серіктестігімен салынған жаңа нысан отандық электр көліктерінің ілгерілеуіне маңызды үлес қосады. Электрокөліктердің жаһандық нарығы кеңейіп келеді және ондағы позициясын нығайту үшін аккумуляторды дамытуда да алдыңғы қатарда болуымыз қажет, – деді Ердоған.
Мемлекет басшысы бұл ретте Түркияның Бурса қаласында шығарылатын аккумуляторлар қолданылатын салалардың ауқымы кең екенін және тек автомобиль өнеркәсібімен шектелмейтінін де атап өтті.
607 мың шаршы метрді құрайтын кәсіпорынды құру үшін 30 миллиард лира инвестиция жұмсалыпты.
Жаңа зауыт Бурсадағы Togg автозауытына жақын жерде орналасқан. Жаңа өндіріс орыны 2024 жылдан басап, толықтай жұмыс істейтін болады.
– Түркияда жасалған электромобиль әлемдік автомобиль нарығында бәсекеге қабілетті болуы шарт. Бүгінде әр 3 минут сайын бір TOGG көлігі Бурса автозауытының конвейерінен шығып жатыр, – деді Түркия басшысы.
Оның айтуынша, 2025 жылдан бастап Түркия электромобильдерді өзге елдерге экспорттай бастайтын болады. Ағымдағы жылдың қорытындысы бойынша 28 мың TOGG электромобиль шығарылса, 2030 жылға қарай бұл көрсеткіш 1 миллион көлікке жетеді деп күтілуде.
Түркия тек электромобильдер саласында ғана емес, сонымен қатар зарядтау технологиясы мен аккумуляторлар саласында да Еуропада жетекші орынға шығуды көздеп отыр.