Нұржамал Тамбетова: «Мақсатым – солтүстікті қазақыландыру»

Dalanews 11 жел. 2019 05:57 1357

Әлқисса: Биыл күзде теріскейге жолымыз түсті. Мағжан Жұмабаев туған, қазақ ұлыларының біразының кіндік қаны тамған Солтүстік Қазақстан облысын көзбен көру арман еді. Дәм бұйырды!

Сол сапарда бізге жолдас болған шопыр жігіт «Шымкенттіктер бізге жылы леп алып келді» -деген-ді. Сұрадық.

Сөйтсек, күнгейден көшіп барғандарға қарап жергілікті жұрт түтінін түзу ұшыра бастапты.

Қора-жайын қымтап, егін егіп, бау-бақша салып, тіршілігіне өң кіргізген. Өйткені, оңтүстіктен барғандар кез келген шаруаны шыр айналдырады. Кәсіптің көзін тауып, мал бағып, жер еміп, еңбектің игілігін көріп жатқандардың көбі – солар. Еңбек етудің, қазақылықтың үлгісін көрсеткендер де күнгейден келген ағайындар.

Сол сапардың әсерінен арыла алмай жүргенде түріскейді қазақыландыруға аянбай атсалысып, Түркістан облысындағы ағайынды Солтүстік Қазақстан облысына көшірумен айналысып жүрген нағыз еңбекқор жанмен тілдесудің реті түсті.




 Нұржамал Тамбетованың негізгі қызметі – СҚО-ның еңбек бағдарламасы бойынша жұмыспен қамту орталығының бас маманы. Әңгіме-сұхбатымыз былай басталды.

-Нұржамал ханым, күнгейдің 40 градус ыстығынан Арқаның 40 градус аязына қалай бардыңыз?    

-Сарыарқаға келетіндердің көбі сұрақты осыдан бастайды. Бұл қате. Сарыарқа түгілі, Якутияда да адамдар өмір сүреді. Мен 2015 жылы Шымкенттен келдім. Қазығұрт деген ауданның тумасымен. Жамбыл Қаппаров мектеп-интернатында орыс сыныптарына тәрбиеші болып жұмыс істегенмін. Оның алдында Шымкент университетінде меңгеруші болдым. Әртүрлі жұмыс істедім.

-Көшу идеясы қалай туды? Содан бастасаңыз.

-Бір күні телеарнадан «Солтүстік Қазақстан облысына қазақтарды көшіріп жатыр» – деген жаңалықты көзім шалып қалды. «Оңтүстік Қазақстан» газетінен де оқыдым сондай ақпаратты.

Содан бастап құйысқаным көтеріліп алғаны. Қалай көшу керек? Кіммен хабарласамын, кімнен сұраймын деп іздене бастадым. Аудандардың біріне қоңырау шалдым. Олар бір телефон номер берді. Хабарластым.

Сөйтсем, әлгі кісім Мағжан Жұмабаев ауданының әкімі болып шықты. Әңгімелестік. Әкім: «Орысшаға қалайсыз?» - деп сұрады. Орыс мектебінде, орыс сыныптарына қазақ тілінен 10 жылдай сабақ бергенім бар ғой.

- Бір адамдай сөйлеймін - дедім.

-Онда болады екен - деді.

-Оны не үшін сұрадыңыз? – дедім.

-Бұл жақта орыс көп. Қазақтар да орысша сөйлейді. Өзіңізге өзіңіз мықты болмасаңыз, мұнда қиын – деп күлді.

Кейін білдім, әкімнің өзі Түркістан облысының тумасы, оның ішінде Қазығұрттың Жаңабазар деген жерінің жігіті екен. Алматыда оқып, сонда өсіпті. Мені өзінің орынбасарына тапсырды.

Сөйтіп, аз уақытта дайындалдық да көшіп кеттік. Жолдасымды көндіру қиын болды. Маған «Мемлекет бұл бағдарламаны не үшін шығарып жатыр?» деген ой қызық болды басында.

Сөйтіп, дәм тартқан жер – Солтүстік Қазақстан облысының Мағжан Жұмабаев ауданы, Булаев қаласы болып шықты.   



-Осы уақытқа дейін жалпы теріскейге қанша қазақ қоныс аударды?

-Мен бұл жұмысқа ауысқалы үш ай ғана болды. Оған дейін, бірінші, екінші жылдары мектепте болдым ғой.

Осы үш айдың ішінде мен осы көші-қон саласын зерттей бастадым.

Биылғы жылғы берілген тапсырма ауданымызға 61 отбасын көшіріп әкеліп, орналастыру екен. Тамыздың басында осы жұмысқа тұрдым. Ол кезде бар болғаны жиырма отбасы ғана келіпті. Оның жартысы жалғызбастылар. Бірден жұмысқа кірісіп кеттім.

Үш айдың ішінде жоспардағы 41 отбасын түгелдей көшіріп әкелдік. Оның сыртында тағы үш отбасын әкелдік. 65 отбасы болды ұзын саны.


Бұған дейін жалпы біздің ауданға 2015 жылы 3 отбасы, 2016-да 10 отбасы, 2017-де 23 отбасы, 2018-де 49, биылдыққа ілгеріде айтқандай 65 отбасы көшіп келіп орналасты.

-Кері көшкендер бар ма?

-Жерсінбей көшті деп айта алмаймын. Бірақ қайтадан ауылына қайтып кеткендер бар. Олардың әуел бастағы ойы мен жоспары дұрыс болмаған. Көбі банкке қарызға батып, содан құтылу үшін осы жаққа қоныс аударады. Оларға мемлекет ақша береді.

Аналар сол ақшамен қарыз-құрызынан құтылып, бір жылдай осы жақта тұрады да, келер жылы жерсінбедік деп кетіп қалады. Жерсінбей, қиналып, жұмыс таппай, аш-жалаңаш қалып көшіп кеткен ешкім жоқ.


Қазір мен үгіт-насихат жұмысын жүргізгенде бірден айтамын: «Қарыз-құрызыңнан құтылу үшін көшемін десең, мені әуре қылма! Ол жақта да өмір сүру қиын. Бірақ жүрегің қалап тұрса, барғың келсе, шын тәуекел етсең бар. Ал олай болмаса, ақшадан дәметпе» -деп айтамын.



Дипломы жоқ, нақты мамандық алмағандарға да бұл жақтан жұмыс тауып бере аламын. Осы жақтағы курстарға оқытамыз.

Тракторшы, аспазшы, шаштараз деген сияқты кәсіптік білім береміз. Тіпті «Жұмыс керек емес. Мен мал бағамын» дегендерге әкім тікелей өзі бұйрық шығарады. Жер береді, мал алатын кредит береді.

-Мысалы, мен көшіп бардым дейік. Маған не бересіздер? Рет-ретімен түсіндіріңізші.

-Бірінші кезекте, біз сіздің қолыңыздағы дипломыңыз болса, жұмыс тауып береміз. Содан кейін, барлық құжаттарыңызды қабылдап, субсидияға өткіземіз.

Екі түрлі субсидия беріледі. Біреуі -  көшіп келгеніңіз үшін әр адамға 88 375 теңге нақ ақша. Бұл қайтарымсыз ақша.


Екінші – бір жылға төлейтін пәтерақы беріледі. Ауылды жерде бір адамға 454 500 теңге, екі адамнан төрт адамға дейін 554 500 теңге беріледі. Қалалы жерде бұдан көптеу беріледі. Бірақ бұл ақша олардың пәтеріне жетеді немесе жетпейді деп айта алмаймын. Өйткені, біреу жағдайы жақсы пәтерде немесе үйде тұрғысы келеді. Біреуі арзанын іздейді дегендей ғой.

-Көшіп барған отбасыларда шешімін таппай отырған қандай қиындық бар?

-Қазіргі күні бізде бала бақшаға орналастыру қиын болып тұр. Өйткені, мұндағы бала бақшаларда орын жоқ. Көшіп келіп жатқандардың көбі балалы-шағалы отбасылар ғой. Бала бақша салатын кәсіпкер де таппайсыз. «Мемлекет және кәсіпкер» деген бағдарлама бар. Сол бағдарламамен жеке меншік бала бақша салатын адам таппай отырмыз.

 Адам тапсақ, санитарлық эпидемия деген «роботтар» жұмыс істейтін бір мекеме бар. Олар «Анауы жоқ, мынауы жоқ» деп рұқсат бермейді. Қысқасы, бір-біріне кереғарлық басым.         

-Ал мектеп жағынан қиындық жоқ па? Жалпы, теріскейде қазақ мектебі бар ма?

-Мәселенің үлкені осы мектептің жетіспеушілігінде болып тұр.

Мысалы, Мағжан Жұмабаев ауданы бойынша жалпы саны  43 мектеп бар. Оның екеуі ғана қазақ мектебі. Біреуі осы аудан орталығы Булаев қаласында. Қаладағы жалғыз қазақ мектебі сол. Оның интернатына көшіп келгендердің балалары сыймайды. Өйткені, онда бар болғаны 25 орын ғана.



Биылғы көшіп келгендердің көбі мектеп жағынан қатты қиналды. Екінші қазақ мектебі Мағжанның кіндік қаны тамған Сарытомар ауылында. Одан бөлек, аудан бойынша 8 аралас мектеп бар. Бірақ аралас мектеп деген аты ғана. Олардың да орысшасы басым.

Жалпы, теріскейдегі ең үлкен мәселе – оқушы санының аздығы. Біз бір мектепте 100 бала болса, соған жүрегіміз жарылып тұрып қуанамыз!


Бір сыныпқа 3 бала келсе, сол мектепке бір сынып ашылады. Мен жұмыс істеген мектепте 89 оқушы болды. Ал оларға 42 мұғалім сабақ берді.

-Бұл мемлекетке қып-қызыл шығын емес пе? Бірнеше мектепті қосып, неге бір мектепке қысқартпасқа?

-Бұл жақтағы ауылдардың арасы қашық. Успенский, Аққайың деген сияқты ауылдық округтер бар. Оларға қарайтын ауылдардың арасы 60-80 шақырым. Қыс пен көктемде ауылдан аттап басу қиын. Ауыл арасындағы жолдарды жөндеп, мектептерді бір-біріне қосып, санын азайтуға болар еді. Бұрынғы әкім сол мәселені көтерген.



Оның мақсаты – мемлекетке түсетін ауыртпалықты азайту болатын. Қыста қар күрейтін трактор шығарып, ауылдардағы мектептерді бір-біріне қосайық деген ұсынысы болған. «Мемлекеттен бөлінген ақшаны ауданның өзіне жұмсайық» - деп жүруші еді.

Мағжан Жұмабаев ауданына бала бақша, оқушылар сарайы керек. Ақшаны соған жұмсайық деген. Осындай жақсы бастама көтерген әкімді бір-ақ сәтте орнынан алып тастады.

Мектеп мәселесі дегеннен шығады, қазақ мектебін ашуға үлес қосып отырған оңтүстіктер бар. Оңтүстіктен келген бірнеше отбасы өздерінің бес баласының үстіне, тағы 5 не 8 бала асырап алып, қазақ мектебін ашуға мұрындық болды. Сөйтіп, Аққайың мен Сұлушоқ ауылынан екі мектеп ашылды. Сұлушоқта 9 бала қалған екен, қазір көшіп барғандардың есебінен мектепте 49 бала оқып жатыр...

Осы арада мынаны айта кетейін.

Бес балалы отбасы балаларын қысқы маусымға дайындауда аздаған қиындық кездеседі. Өйткені қазір балалардың киімі өте қымбат. Оның үстіне, 5 баланы жалғыз айлықпен асырау ақылға қонымсыз. Сондықтан, мемлекет осы жағына көңіл бөлсе деймін.


Одан бөлек, мемлекет көшіп келушілерге тұрақты айлығы бар жұмыс қана беріп қоймай, мал шаруашылығымен, егіншілікпен, құс өсірумен айналысуға заңның белін басып тұрып көбірек мүмкіндік беру керек. Сонда ғана теріскейге көшетіндер көбейеді.    

-Жалпы, қандай мамандар көшіп келуде? Араларында әкім немесе директор болып жатқандар бар ма?

-Мұғалімдер, дәрігерлер көшіп келді. Бәріне ауылдық елдімекендерден жұмыс тауып беріп, сол жақтарға орналастырдық.

 Басқа облыстарда әкім болғандар, директор болып жатқандар бар екен. Мәселен, ШҚО мен Павлодар облысы туралы естігем.



Керекуде аудан әкімі, мектеп директоры, оның орынбасары, мәдениет үйінің директоры, ауыл әкімі болғандар көп.

 Мағжан Жұмабаев ауданына оқу бітірген, дипломы бар азаматтар көшіп келуге дайын. Болашақта бізден де директорлар шығады.

Менің осы жаққа көшіп келудегі ең басты мақсатымның бірі – теріскейдегі сірескен сеңді бұзу, қазақыландыру еді. Соған жетпей тынбаймын.


Қазіргі әкімім Қайрат Омаров та күнгейден барған ағайынға деген көзқарасы жақсы. Осындай азаматтар барда бізден де директорлар шығады.

Теріскейде келгелі бұл жақта наурыз қазақша өтетін болды. Қазақы рең әкелдік. Аққайыңдағы орыстар шымкенттіктердің бауырмашылдығына қатты риза болып, жүрген жерлерінде айтып отырады.

-Құдаласып жатқан жоқсыздар ма?

-Балаларымыз әлі жас (күлді). Бұл жақтағы тағы бір мәселе: жергілікті жігіттер өздерінен 5-7 жас үлкен қыздармен үйленіп жатады. Сұрап білсем, қыз аз дейді. Өзге ұлттан әйел алғысы келмейді.



Алматы мен Шымкент жақта қазақтың қаншама қаракөз қыздары жігіт таппай жүр? Солар осында келсе ғой деп ойлап қоямын кейде.

Бағдарлама да жылдан жылға толығып жатыр. Біз келгенде көшіп келгенің үшін ғана субсидия алатынсың. Қазір пәтерге де төленеді.


 Оңтүстіктен негізінен Түркістан облысы мен Жамбыл облысынан ғана көшіп келуде. Қызылорда облысы тіпті білмейді екен бұл бағдарламаны.

Түркістан облысының Сарыағаш пен Келес ауданынан көшіп келіп жатқандар көп. Бәрі жерсініп, осы жаққа үйренісіп кетті.


Биыл Ордабасы ауданынан 6 отбасы келді арамызға. Жетісай жақтан да бір жігіттер келіп, көріп кетті.

Құдай қаласа, көктемде Мақтаралдан көш ағылады деп күтіп отырмыз. Биылдан бастап мемлекеттен ақша бөлініп жатыр. Үй салынып жатыр. Осылай жалғаса берсе, көшіміз әлі-ақ көлікті болады.

-Теріскейге барғысы келетіндер егін егіп, малмен айналысқысы келеді ғой. Ондай еңбекқорларға қандай игілік қарастырылған?

-Мал бағумен, егіншілікпен айналысқысы келетіндерге жер беріледі. Жер болғанда да бірден 5 гектар бөлініп беріледі.

Ал егіншілікпен тұрақты айналысамын дегендерге 180 гектар бөлініп беріледі. Одан азы жоқ. Ол үшін сол жаққа тұрақты көшіп барып, сонда тұрып, сол жақтың адамы болуыңыз керек. Барып-келіп істеймін деген пысықайлық жүрмейді.

Жалпы, жұмыспен қамту бағдарламасында 200 мың теңгеден бастап 5 милллион теңгеге дейін алуға, жұмыс бастауға болады. Кәсіп ашамын дегендерге жол ашық. Жұмыспен қамту орталығына барып бизнес планыңызды өткізесіз. Содан кейін ақша бөлінеді.

Бұл бағдарламамен оралмандар да баруға болады. Келер жылы СҚО-ға көшіп баратын қазақтарға ауыл шаруашылығын, мал шаруашылығын көркейтуге 15 млрд теңге бөлінеді дегенді естіп жатырмыз.

«Ешкімді алаламай, сол ақшаны кәсіптенемін дегендерге субсидия, грант, кредит ретінде бөліп бересіңдер» - депті. Құдай қаласа, бәрі жақсы болады деп ойлаймын.

Жалпы, солтүстікке көшу бағдарламасының негізгі мақсаты – жеңілдік беру емес, мүмкіндік беру. Осыны жұрт білуі, түсінуі керек.   

-Әңгімеңізге рақмет!

Cауалдасқан Жарас КЕМЕЛЖАН


РЕДАКЦИЯДАН: 

Солтүстікке қоныс аударғысы келетін ағайын Нұржамал Тамбетованың телефонына хабарласып, ақпарат алуыңызға болады. Байланыс нөмірі: 8 (778) 882 36 43

 

Ұсынылған
Соңғы жаңалықтар