Жақында informburo.kz сайтында Назарбаев Университетінің магистранты Сұлтан Мұсахан есімді жас ғалымның сұхбаты жарияланды. Жас жігіт жастықтың буымен біраз дүниені айтып тастапты. Соның ішінде қазақ тіліне қатысты айтқаны біздің көңілімізге қонбады. Елбасымыздың өзі Рухани жаңғыру» бағдарламасын ұсынғанда ұлттық кодымызға қайта оралудың маңызы турасында айтқан еді. Ал кейбір жастарымыздың қазақ тіліне қатысты асығыстау ой айтқанын, орынсыз деп қабылдадық.
[caption id="attachment_32825" align="alignleft" width="417"] Сұлтан Мұсахан[/caption]
Сұлтан Мұсахан гранттық қаржыландыру кезінде ғалымдар өтінімдерін қазақ, орыс, ағылшын тіліндерінде беруін құптамайтынын айтыпты. Шамасы жас жігіт бұл бағыттағы жұмыстар мемлекетіміздің үш тұғырлы тіл саясатымен толық қабысатынын түсінбейтін секілді.
Қазіргі таңда ғылымның қай саласын алсаңыз да қандайда бір тілдік барерь ғылымның дамуына кедергі келтіріп отыр деп айта алмайсың. Ізденушілер үш тілде де ғылыми-зерттеу жұмыстары жүріп жатыр. Иә, ғылымды дамытуда ағылшын тілінің мүмкіндігі зор. Бірақ ағылшын тілінің мүмкіндігін ескеріп, ғалымдарымыз бәрі тұтастай ағылшын тіліне бет бұрып кетті деп айта алмайсың.
Сұлтан Мұсахан өзі таңдаған биология саласын ағылшын тілінде зерттеу жүргізетінін байқадық. Қазір осы биология саласы бойынша қазақ және орыс тілдерінде ғылыммен айналысып, шәкірт тәрбиелеп жатқан қаншама ғалымдарымыз бар? Албырттық салынған жас ғалым олардың мүддесін ескермей, артық кеткенін өзі де аңғармай қалған сыңайлы.
Сұхбатты оқып шыққанда «болашақта қазақ тілі ғылымның тілі бола ма?» деген үлкен сұрақ туындағанын байқадық. Өз басым қазақ тілі ғылым мен білмінің тіліне айналуына толық мүмкіндігі бар деп есептеймін. Бұған көз жеткізу үшін, тәуелсіздік жылдары Қазақстанда ғылымның дамуына ауқымды көзқараспен қарау маңызды.
«Ұлттық мемлекеттік ғылыми-техникалық сараптама орталығы» АҚ-ға қарасты Ақпараттық ресурстарды қалыптастыру департаментінің мәліметінше соңғы 5 жылда тек қана қазақ тілінде жазылған диссертациялардың жалпы саны 575-ке жетсе, қазақ тілінде жазылған ғылыми есептердің саны 667-ге ұлғайғанын байқауға болады. Осы бір қарапайым мәліметтен-ақ елімізде қазақ тілінде ғылыми-зерттеу жұмыстарын жазудың жыл сайын артып келе жатқанын байқауға болады. Ал мұны кейбір студент жастар білмеуі мүмкін.
Тағы да айта түссек, 2011 жылдан бастап отандық ғалымдар шетелдің маңдайалды Springer Link, Сlarivate Аnalytics (бұрынғы Thomson Reuters), Elsevier сынды ғылыми мәліметтер қорына қол жеткізіп, ғалымдарымыз таным көкжиегін кеңейте түсті. Дәл осы компаниялардың еліміздегі өкілдері қазіргі таңда қазақ, орыс тілдерінде түрлі семинарлар өткізіп, отандық ғылымның дамуына айтарлықтай үлес қосып жүр. Айталық, Springer компаниясының менеджері Ирина Александрова өз семинарларын қазақ, орыс тілдерінде мүдірмей жүргізетіне талай рет куә болдым. Сол сияқты Сlarivate Аnalytics компаниясының өкілі Ләзиза Мұқашева да қазақ тілінде семинар жүргізіп, Қазақстандағы ғылымның әлемдік ғылыми қауымдастықпен арадағы байланысын күшейтуге бар күш-жігерін жұмсап жүргенін білемін.
Осы ретте тағы да айта кететін бір мәселе қазақ ғылымның корифейлері Зұлхайыр Мансұрова, Тынысбек Кәлменов, Мұхтарбай Өтелбаевтармен сұхбаттасқанымда Қытайдан келген қазақ балалары маңызды ғылыми жұмыстармен айналысып, үлкен жетістікке қол жеткізгенін айтқан еді. Осы жастардың бәрі өз жұмыстарын қазақ тілінде жазғаны белгілі. З.Мансұров өзінің оралман шәкіртін Nazarbayev University аттай қалап алдырып, сонда жұмыс істеп жатқанын мақтанышпен айтқан еді. Жалпы мұндай мысалда ондап, жүздеп келтіруге болады.
Тәуелсіздік жылдарындағы ғылымның даму деңгейімен жетік білетін мұндай пікірмен келіспесі анық. Сондықтан қазақ тілі ғылым мен техниканың тілі болуға толық мүмкіндігі бар деп айтуға қақымыз бар.
Дереккөзі: nauka.kz