Мамандар қос қала - Астана мен Мәмлүттегі халықтың өмір сүру деңгейін салыстырып көрді

Кәмшат Тілеухан 21 мам. 2025 11:14

Қала мен ауыл халқының өмір сүру деңгейі бізде бірдей ме? Бірдей болмаса, айырмасы неде? Конституциядағы ел азаматтарына кепіл берілетін тең жағдай бұл арада қаншалықты "жұмыс істейді"? Бұл сауалдар төңірегінде мамандар жуырда шағын зерттеу жариялады. Онда да Қазақстанның бас қаласы - Астана мен СҚО-дағы шекара маңындағы шағын қала - Мәмлүтті салыстырып көріпті. Оның нәтижесімен Dalanews.kz сайтынан танысып, біле отырыңыздар. 

Ranking.kz жариялаған зерттеуде сарапшылар Астана мен Солтүстік Қазақстан облысындағы Мәмлүт қаласы тұрғындарының өмір сүру деңгейін салыстырып, зерттеп көреді. Мәмлүт формальды түрде кішігірім қала мәртебесіне ие болғанымен, нақты даму көрсеткіштері бойынша қала деңгейіне жетпейді, сондықтан оны үлкен ауыл деп атаса да болады. ҚР "Әкімшілік-аумақтық құрылымы туралы" заңына сәйкес, қала тұрғындарының саны кемінде 10 мың адам болуы тиіс, ал Мәмлүтте небәрі 6,8 мың адам тұрады. Дегенмен ресми мәртебесі арқасында Ұлттық статистика бюросының есептерінде Мәмлүт туралы жеке деректер берілген.  Себебі бюро тек қалалар мен аудандар бойынша егжей-тегжейлі ақпарат береді, ал ауылдарға қатысты мұндай толық ақпарат жоқ.

Зерттеу авторлары екі елдімекеннің экономикалық даму көрсеткішін салыстыруды жөн деп таппаған, себебі олардың арасындағы айырма жер мен көктей. Астана – дамуы қарқынды ірі қала болса, Мәмлүт  – шекара маңындағы шағын елдімекен, онда тек бір ең үлкен кәсіпорын – ұн шығаратын комбинат бар. Сондықтан бұл арада тек әлеуметтік көрсеткіштерге басымдық беріледі.  

"2025 жылдың алғашқы тоқсанында Мәмлүттің 6,8 мың тұрғынының 1,7 мыңы жалдамалы қызметкерлер болып тіркелген. Олардың орташа номиналды жалақысы – 253,8 мың теңге. Ал дәл осы кезеңде Астана тұрғындарының орташа айлық жалақысы Мәмлүттен  2,2 есе жоғары екен  – 563,3 мың теңге. Астанада жалақының сатып алу қабілеті бір жылда 1,4%-ға өссе,  Мәмлүтте керісінше, 4%-ға төмендеген", делінген зерттеуде.

Қос қаланың тұрмыстық жағдайы үй шаруашылықтарын іріктеу арқылы зерттеліп, салыстырылады.

"Бірақ статистика бюросы бұл деректерді тек облыстар бойынша ұсынады, сондықтан біз Астана қаласы мен тұтас Солтүстік Қазақстан облысын салыстырамыз. Мәселен, СҚО бойынша отбасылардың жартысынан көбі (53,5%) үйлерін көмірмен жылытады, 30,7%-ының моншасы, ал 21,1%-ының ауласында дәретханасы бар. Мәмлүт ауданында бұл жағдай, тіпті облыстағыдан да нашар болуы әбден мүмкін. Ал елордада тұрмыс деңгейі төмен үйлер саны 1%-дан аспайды", - дейді саоапшылар.

Азық-түлік инфляциясы Мәмлүт ауданына қарағанда (10,6%), елордада жоғарырақ – 13,8%. Статистика бюросының мәліметінше, әлеуметтік маңызды азық-түлік өнімдерінің біразы Астанада қымбаттырақ. Астана мен Мәмлүт ауданы арасындағы бағаны салыстыру үшін статистикалық бюродан 13 азық-түлік бағасы алып қарастырылды. Әсіресе, сиыр еті, тауық еті, шұжық өнімдері Астанада айтарлықтай қымбат екені байқалған. Ал картоп, нан, май, күріш, қант секілді өнімдер Мәмлүт ауданында, керісінше Астанадан қарағанда қымбаттырақ болып шықты.

"Осындай өнімдердің жиынтық бағасы 2025 жылдың сәуірінде Астанада – 13,8 мың теңге болса, СҚО ауданында – 11,5 мың теңгені құраған. Бағадағы айырмашылық аз болғанымен, жалақыдағы  айырмашылық үлкен екенін ескере отырып,  Мәмлүт тұрғындарының тамаққа жұмсайтын ақшасының үлесі астаналықтардан қарағанда әлдеқайда жоғары деп айтуға болады", - делінеді зерттеуде.

Әлеуметтік игіліктердің төмен деңгейі мен жұмыссыздықтың салдарынан Мәмлүт пен жақын маңдағы ауылдардан жыл сайын жүздеген адам көшіп кетіп жатыр. Олардың негізгі бөлігі Петропавлға, Астанаға және Ақмола облысына қоныс аударуда. Ресейге көшу қарқыны аса жоғары емес – былтыр көрші елге 390 адам кетсе, биылғы бұл көрсеткіш – 29 адам. Көшіп жатқандар, негізінен, еңбекке қабілетті азаматтар. Осы көші-қон мен табиғи демографиялық көрсеткіштің кемуі салдарынан соңғы 25 жылда Мәмлүт халқы 24,7%-ға қысқарған. Жалпы, бұл Солтүстік Қазақстан облысына тән құбылыс. 2000 жылдан бері биылға дейін облыс халқы 713,6 мыңнан 522,2 мың адамға, яғни 26,8%-ға кеміген.

Экономикалық зерттеулер институтының жетекші сарапшысы Шынар Төлешованың айтуынша, Солтүстік Қазақстан облысы еліміздің солтүстігіндегі ең ауыр демографиялық жағдайға тап болып отырған аймақтардың бірі. Мұнда халық санының табиғи түрде азаюы, еңбекке қабілетті адамдардың кемуі, қарттар үлесінің өсімі байқалады. Жастардың көшуінен бала туу деңгейі төмендеп кеткен.

Жалпы республика бойынша Солтүстік Қазақстандағы көші-қон жағдайы анау айтарлықтай деңгейде емес, керісінше, бұл – жалпы урбанизацияның бір көрінісі. 2024 жылы елімізде Алматы облысы мен үш мегаполисті қоспағанда, барлық өңірде көші-қон сальдосы теріс көрсеткішке ие болған. СҚО-да бұл айырмашылық 5,3 мың адамды құраған. Ең жоғары теріс көрсеткіштер Түркістан (32 мың), Жамбыл (16,7 мың), Жетісу (10,9 мың) облыстарында тіркелді.

Ірі қалаларға жұмыс, білім іздеп және жайлы өмір үшін көшіп келетіндер саны жоғары. Ұлттық статистика бюросының дерегі бойынша, соңғы бес жылда Астанаға 551,7 мың, Алматыға 518,7 мың адам көшкен.

Ұлттық экономика министрлігінің 2025–2030 жылдарға арналған өңірлік саясат тұжырымдамасында халықтың қай жерде тұрғанына қарамастан, мемлекеттік қызметтер мен әлеуметтік игіліктердің базалық деңгейін қамтамасыз етуді басты міндет ретінде белгілеп отыр. Бұл арада толық теңдік емес, бірақ ең төменгі аймақтық стандарттарды сақтау мәселесі жайлы сөз етілуде. Мамандар мегаполистер мен олардың айналасындағы аймақтардың дамуы қарқынды жақсы деп болжайды. Бұл тек Алматы мен Астананың ғана емес, Қарағанды және Ақтөбе облыстарының айналысындағы елдімекендер.

Моно және шағын қалалардың болашағы әлеуметтік-демографиялық саясатпен айқындалады. Шартты түрде олар үш топқа бөлінеді.

  • Біріншісіне "әртараптандыру жолындағы қалалар" Теміртау, Екібастұз, Рудный, Ақсу, Кентау, Степногорск кіреді.
  • Екіншісіне "даму әлеуеті орташа қалалар" - 10 елдімекен, оның ішінде Жаңаөзен, Риддер және Шахтинск те бар.
  • Тоқырап тұрған қалаларға Курчатов, Алтай, Қаражал және Жітіқара жатады. Ал Мәмлүт сияқты шағын әрі шекаралық қалаларда әлеуметтік даму қарқыны төмендеу болмақ.

"Алдағы бес жылда ауыл тұрғындарының әлеуметтік игіліктермен қамтылу деңгейі қалалықтардан айтарлықтай қалыс қала бермек. Мысалы, қалада қамту деңгейі 96%-ға жетсе, ауылдарда 71%-дан аспайды. Мәмлүт ауданы тұрғындарының қамту деңгейі бар болғаны 67,5%-ды құрайды деген болжам бар. Бұл – айқын теңсіздіктің дәлелі", - дейді зерттеу авторлары.

Бұған дейін сайтымызда "Esentai Mall-дан несиеге алады": қаржыгер бай блогерлердің былығын әшкереледі" деген материал жарияланған болатын.


Ұсынылған
Соңғы жаңалықтар