Астанада оқу орталығына қатысты полицияға ұжымдық шағым түсті, – деп хабарлайды Dalanews.kz.
Азаматтардан "Ғасыр" оқу орталығының алаяқтық әрекеттеріне байланысты полицияға ұжымдық шағым түскен. Тергеу барысында азаматтар шетелдік жоғары оқу орындарына түсуге дайындық курстарына жазылып, келісімшартқа қол қойып, толықтай төлем жасағаны анықталған.
"Алайда көрсетілуге тиіс білім беру қызметтері ұсынылмаған. Бұл дерек бойынша қылмыстық іс қозғалды. Қазіргі таңда тергеу амалдары жүргізіліп жатыр. Тергеу барысы Астана қалалық ПД басшылығының бақылауында", - деді полиция.
Айта кетейік, бұған дейін Астанада жүзден аса ата-ана "Ғасыр" білім беру орталығына алданып қалғаны хабарланды.
Балаларын шетелде оқытамыз деген уәдемен миллиондап ақша жинаған оқу орны аяқ астынан жұмысын тоқтатып, басшылары ізім-ғайым жоғалған. Жәбірленушілердің айтуынша, әр ата-ана орта есеппен 1,5–2 миллион теңге көлемінде ақша төлеген.
Алайда уәде етілген білім беру қызметі толық көрсетілмеген: сабақтар жүйелі өтпеген, дайындық курстары үздіксіз жүргізілмеген.